ПОЛИЦИЯ: "АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БИЫЛ ЖОЛ АПАТЫНАН 260 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ"

Уақыты: 13.11.2020
Оқылды: 1121
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысының полициясы жол апатының биылғы көрсеткіштерін және негізгі себептері неден болатынын жариялады. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысының тәртіп сақшылары жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі белгіленген жылдамдық режимін сақтамау салдарынан орын алып жатқанын айтты. Тек осы себептен жыл басынан бері 500-ден астам апат орын алған.

- Жалпы, Алматы облысы бойынша жыл басынан бері 1743 жол-көлік оқиғасы орын алып, 260 адам көз жұмды. Оның 503-і белгіленген жылдамдық режимін сақтамау салдарынан, онда 102 адам қаза тауып, 848 адам жарақат алды. Егер әкімшілік жазалар бойынша цифрларды алатын болсақ, жыл басынан бері облыс аумағында жылдамдық режимін асырғаны үшін 16 307 әкімшілік хаттама толтырылған, - дейді Алматы облысы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Мейір Демеубаев.

Осыған байланысты республикалық маңызы бар автожолдарға "КРИС-П"автомобиль радарлары мен фоторадарлық кешендер қойылды. «Тек бір тәулік ішінде жоғарыда аталған техникалық құралдардың көмегімен жылдамдық режимінің екі жүзден астам бұзылуы анықталды. Сондай-ақ, жүргізушілерден қысқы кезеңнің жақындауына және ауа райының нашарлауына байланысты жазғы шиналарды қысқы шиналарға уақытылы ауыстыруларыңызды сұраймыз. Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз, өйткені, бұл бәріміздің қауіпсіздігіміз!» - деп толықтырды полиция майоры.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан