ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЛАРЫ ҚАРДА ҚАЛҒАН КӨЛІКТІ СҮЙРЕП ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 18.11.2020
Оқылды: 903
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Балқаш ауданының тәртіп сақшылары қар құрсауында қалған көлікті шығарып, тұрғындарға көмек қолын созды. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті мәлімдеді.

Балқаш ауданының учаскелік полиция инспекторлары мал шаруашылықтарын аралау кезінде елсізде қалың қардың құрсауында қалып, шыға алмаған көлікті байқаған. Қызметтік көліктерімен сүйреп шығарып, жол қиындығын көрген тұрғындарды жолға салған.

- Балатопар ауылының учаскелік полиция инспекторы Серік Байбосынов пен Топар ауылының учаскелік полиция инспекторы Бауыржан Амангелді «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында шалғай орналасқан қыстақтарды аралау кезінде жаңа жауған қарға батып, жүре алмай қалған FORD көлігін алыстан байқап қалған. Жақын келгенде көлікте жүргізуші мен егде жастағы қарт ананың бар екені анықталды. Сол жерде тұрғындарға көмек көрсетілді, - деді Балқаш ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Нұргелді Абиров.

Өз кезегінде күрті қарды күрей алмай, жол азабын сезінген жолаушылар көмек көрсеткен полицейлерге шексіз алғыстарын білдірді. Келесі жолы осындай сәттілік кездесе бермейтінін түсінген жүргізуші көлігін қысқы мезгілге мұқият дайындайтынын айтты.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарды қыс мезгілінің келуіне байланысты көліктеріне қысқы дөңгелек салып, техникалық тексеруден өткізуге шақырады. Өйткені, қысқы жолдағы болмашы ғана қателік орны толмас қасіретке әкелуі мүмкін.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"