Жаңғыру жазудан басталады

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1656
Бөлім: ТҮПСАНА

Дәйекшесі мен нүктесі, ноқаты мен ілгегі бар жаңа әріп ойлап табудың қажеті жоқ. Қазақ тіліне тән дыбыстар компьютердің пернетақтасында орналасқан классикалық латын графикасына әбден лайық. Жуырда Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық координациялық-әдістемелік орталығы осындай үлгідегі 25 әріпті жаңа әліпбиді парламенттік тыңдауға ұсынды. Бүгінде тыңдауда қаралған жаңа жоба, әсіресе, әліпби құрамындағы қосарланған дауысты дифтонгтар ел арасындағы басқосуларда қызу талқыға түсуде. Ұсынылған жаңа графикаға қатысты пікір білдірген сондай келелі жиынның бірі «Латын әліпбиі: жаңғыру жазудан басталады» деген тақырыппен Тіл сарайында жалғасын тапты.

Елбасы жыл соңына дейін қазақ тілінің латын әліпбиіндегі стандартын қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, жаңа графика пернетақтадағы ағылшын әріптеріне негізделген дәйекшесіз, ноқатсыз әліпби болу керектігін айтты. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйытқысымен өткен жиында Ассамблея мен түрлі ұйым мүшелері, мекеме қызметкерлері, өңірдің зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. Жиынды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Айдар Башбаев жүргізді. Өз сөзінде ол латын әліпбиіне көшу – Елбасымыздың алға қойған маңызды міндеттерінің бірі екендігін тілге тиек етіп:
– Парламенттегі тыңдауда қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің жаңа нұсқасы ұсынылды. Біздің міндетіміз ел дамуы үшін ұсынылып жатқан ұлы идеяларды тек түсінумен шектелмей, олардың іске асуына белсене атсалысуымыз қажет, – деді. Келелі жиынның келесі сөзі облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Нүсіпбай Әбдірахымға берілді. «Кез-келген бастаманың сәтті жүзеге асуы үшін оған қоғам тарапынан сұраныс болуы керек. Ал латын қарпіне көшуге қатысты мәселе қоғам тарапынан зор қолдауға ие. Өздеріңіз жақсы білесіздер, халқымыздың әліпбиі бірнеше рет өзгерді. Көне түркі таңбасын былай қойып, қазақтар он екі ғасыр бойы араб жазуын пайдаланып келді. Тарихымыздың қаншама бөлігі, үлкен қатпары араб жазуымен жазылған еді. Кейін А. Байтұрсынұлының реформасы негізінде төте жазуға көштік. Төте жазудан кейін аз уақыт латын әліпбиі қолданылып, бірден кириллицаға ауыстық», – деп қазақ жазуының тарихын қайта парақтаған Нүсіпбай Додабайұлы өз сөзін: «Латын әліпбиіне өтуіміз керек – ол анық дүние. Талқылау басталды. Ендеше, мұны көпшілік болып қолға алып, қолдауға тиіспіз. Ұсынылған әліпби нұсқасында әлі де жетілдіретін, өзгертетін, мәселелер бар сияқты. Ол жайында түрлі ұсыныстар да айтылып жатыр. Қандай жағдайда да көпшіліктің пікірімен санасу керек деп ойлаймын. Біз нақты тәуелсіздікке қол жеткіздік, ал латын әліпбиіне көшу – рухани тәуелсіздікке қол жеткізуге жасалған алғашқы қадам», – деп түйіндеді.
Мұнан кейін сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбайұлы латын әліпбиіне көшу ұлт үшін қажетті бастаманың бірі болып табылатынын, ҚР Парламентіндегі алқалы жиында айтылған ұтымды ойлар мен ұсыныстар ел үшін жасалып жатқан игі қадам екендігін тілге тиек етіп, бұл жұмысты тиянақтылықпен, жауапкершілікпен жүргізу керектігін алға тартты. Жиында облыстық «Тіл» оқыту-әдістемелік орталығының директоры Әлмұхамбет Иманбақов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Светлана Гаитова, «Жаңғырудың жаңа белесі» атты ақпараттық насихат тобының мүшесі Қажет Андас, «Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы Данияр Жаныс сөз алып, өз ойларын ортаға салды.

 

Қуаныш ТҰНҒАТАР.