Туған жер - тұғырың!

Уақыты: 19.09.2017
Оқылды: 1793
Бөлім: ТҮПСАНА

Жастық шақ жарқ еткен сәттерімен, албырттығымен қызықты. Бой емес, ой жарыстыратын мына заманда өнер мен білім адам баласының басты байлығына баланады.  Міне, осы тұрғысындағы озық ойлар Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Ізгілікті істер» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен облысымыздың жалынды жастарының басын қосқан «Туған жерге туыңды тік!» атты дәстүрлі форумда кеңінен талқыланды.

Өңіріміздің әр қиырынан келген белсенділер Ұйғыр ауданы, Қырғызсай ауылдық округіне қарасты «ECO PARK TOUR»  демалыс аймағына жиналды. Бұл форумның табиғат аясында өту себебі, бір жағынан таза ауамен тыныстап, бой сергітіп қайту болса, бір жағынан Рухани жаңғыру жолында ұлттық байлығымызды насихаттау, ауыл жастарының белсенділігін арттыру, жастарға патриоттық тәрбие беру, еңбек пен кәсіпке баулу, терроризм және діни экстремизм идеяларының алдын алу, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру болып табылады. 
Шараға жұмысшы жастар, спорт және мәдениет саласының өкілдері, жас кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым белсенділері мен жетекшілері, «Жайдарман» ойындарының жеңімпаздары, жастар комитеті өкілдері қатысты. Жалпы саны 200-ден астам адамды құрады. Форум екі күнге жоспарланды. Сары күздің сұлулығына сүйсінген жастар тез тіл табысып кетіп жатты. Қатысушылардың саны көп болғандықтан 3 топқа бөлінді. Әр топқа жеке-жеке арнайы шақыртылған кәсіби білікті мамандар тренинг өткізді. «Арбис» тренинг орталығының тренері Ақан Мергембаев ауыл жастарымен жеңіл өнеркәсіп көздерін ашу, кондитер өнімдерін шығару, техникалық жөндеу орталығын, шағын дәмхана ашу сынды ойларымен бөлісті. Бүгінде кәсіп көзін ашып, несібесін көремін деген азамат үшін түрлі мемлекеттік жобалар мен гранттар ел игілігі үшін қызмет атқаруда. Тренер мемлекеттік бағдарламалар жайында толығырақ ақпарат беріп өтті. «Ұлы Мұра» қорының директоры, дінтанушы Тимур Нүсіпханұлы «Жастар арасында терроризмнің алдын алу» тақырыбында баяндама жасады. Ол діннің атын жамылып, бүлік шығарушылардан сақтану керектігін, тура жолдан адаспай, елдің мүддесіне қызмет етуді ұсынды. Ал танымал блогер Нұрлан Жанай әлеуметтік желіні қалай тиімді пайдалану керектігін айтты. Жаһандану заманында ғаламтор жылдам хабар алмасу кеңістігі болғанымен кей сәтте ақпараттың теріс берілетіндігі де рас. Осы тұста жастарымыз мәліметті толық зерттемеу, тез сенгіштігінен зардап шегіп жатады. Әлеуметтік желінің пайдалы тұсы – азаматтық қоғам өкілдері кез келген мәселені қызу талқылай  алуында. Осы тұрғыда блогер қойылған сауалдарға жауап беріп, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Үш сағатқа созылған ашық әңгімеден соң жастар кешкі самалмен тау бөктерін серуендеп, әртүрлі интеллектуалды ойындар ойнады. 
Форумның екінші күні де пайдалы кеңестермен басталды. Қоғамның ең әлсіз тұсының бірі маргинал жастардың қоғамда өз орнын таппай жүруі болып отыр. Мезгілінен кеш сермелген қолдың есесі жылдар бойы жұмыссыз жүруге алып келеді. Ал жұмыссыздық бар жерде, қоғамды қылмыс дендеп, жастардың әлеуметтік жағдайына кері әсер ететіні сөзсіз. Өмірде өз орнын таба алмай, түрлі келеңсіздіктерге ұшырап жататын жастарды әдетте NEET cанатындағы «маргинал жастар» деп атайды. Осындай маргинал санатындағы жастар елімізде өте көп. Ауылда жұмыс көздері тапшы болғандықтан көбісі жеке «такси» қызметімен, болмаса жеке жалдамалы жұмыстармен айналысып кететіні тағы бар. Әдетте маргинал жастар көбіне жат ағымның жетегінде кетіп жатады. Оның ең басты себебі – жұмыссыздық. Осы мәселелердің шешімін табу жолдарын психолог Лола Сергеевна айтып берді. Ол адамның ойлау жүйесіне әсер ететін тиімді тәсілдерді де көрсетті. Жиын барысында жұмыспен қамту орталықтарына дер кезінде жұмыссыздар есебіне тіркеле алмаудың кері әсері жайлы айтылды. Кей ретте жастардың жұмыс іздеуге құлқы жоқ екені белгілі. Оның өз себептері де бар. Біршама маман айлығы аз қызметті атқарғысы келмегендіктен жеке кәсіп көздерін табуда. Алайда күні бүгінге дейін ата-анасының зейнетақысына күнелтіп жүрген жастардың жұмыссыздық жайы бүкіл қоғамның дерті десе болады. Форумға қатысқан ауылдық округ мамандары зияткерлік ойындар барысында жұмыссыздармен тығыз қызмет атқару үшін ауылдарда жастар орталықтарын ашу мәселесін бірнеше рет көтерді. Әкімдіктегі сан мың жұмысы бар егде жастағы бас мамандардың ауыл жастарымен арнайы жұмыс жасауға уақыты бола бермейтіндігі де айтылды. Яғни, ауыл жастарымен өз жасындағы, бір-бірімен түсінісе алатын мамандардың қызмет атқаруы жайлы біршама мәселе талқыға түсті.
Жастар форумына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар:
– Қайратты жастардың қай-қайсысы да қаһарман деген атқа лайық. Әрине, ол үшін білімді, білгір, еңбекқор болу керек. Елбасы сөзіне тәлім-тәрбие ала білу шарт. Рухани жаңғыру – сана-сезімнің түкпірінде жатқан ұлтқа деген сүйіспеншілікті ояту. Осыны ұмытпаңыздар. Еліміз татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды. Бір буын ауыспай-ақ, мүлдем басқа сипаттағы жаңа ұлт, жаңа ел болдық. Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Біздің мемлекет жастар саясаты арқылы келешекте маңызды салмаққа ие болар бірден-бір белсенді топ қалыптастыруда. Мұның өзі жастардың мемлекет құрылысындағы рөлі мен орнын көрсетеді. Әрбір жас еліміздің дамуына өз үлесін қосуы тиіс, – деді.
Жиылған көпшілікке Ұйғыр аудандық Мәдениет үйі өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды. «Арзу» мен «Жазерке» ансамблінің әншілері мен бишілері бар өнерлерін ортаға салды. Алакөл ауданынан келген дарынды жастар сөз сөйлеп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.      
Шара соңында Жақсылық Мұқашұлы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы  төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев бастаған форум жастары Іле аңғарын Кеген тауаралық жазығынан бөліп жатқан Кетпен жотасының ең биік нүктесіне Ту тікті. Белсенді жастар еліміздің Гимнін шырқап, Елбасы саясатына қолдау білдірді. Осы форумның өтуіне мұрындық болған облыс басшысы Амандық Баталовқа да ризашылықтарын айтты.

Аудан жастарының басын біріктірген форум алғаш рет диалог санатында құрылды. Әр жас өз пікірін саяси түрде ашық жеткізе білді. Кеш бата Жақсылық Мұқашұлы алау басында жастарға қызықты оқиғаларын әңгімелеп, жүздеріне күлкі үйірді. Мансапқұмарлыққа ұрынбай, Отанға адал қызмет етуді тілге тиек етті. Жастардың белсенділігін қолдап, қуаттады. Айтылған ұсыныстардың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын атап өтті. Форумның секциялық жұмыстары қорытындыланып, жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Форум аясында аудан көлемінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар аудан жастары Алғыс хатпен марапатталды.
 

Мұхтар КҮМІСБЕК.

Ұйғыр ауданы.