Үздік ұстаздар марапатталды

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1606
Бөлім: ТҮПСАНА

Облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде «Жылдың үздік мұғалімі» байқауы өткізіліп келеді. Биыл да үздік ұстазды анықтап, педагогика саласындағы жаңашылдықты паш еткен әрі мұғалімдердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік ашқан шара облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясының қабырғасында өтті. Байқауға аудандық сында топ жарған 25 мұғалім қатысты.

Байқау төрт кезең бойынша өрбіді. «Шығармашылық таныстырылым: «Менің педагогикалық кредом» деп аталатын алғашқы сында ұстаздардан инновациялық тәжірибені оқу-әдістемелік тұрғыда қолдану және демонстрациялау талап етілді. Екінші кезеңде  импровизациялық тапсырмаға орын беріліп, байқауға қатысушы       3 минут ішінде аудитория алдында берілген тақырып бойынша сөйлеу шеберлігін танытуы тиіс болды. Одан кейінгі сынақта қатысушылар берілген тақырып бойынша эссе жазды. «Кәсіби құзыретті мұғалім» деп аталатын төртінші кезеңде  ашық сабақ өткізіп, оған талдау жасап, қазылар алқасының сұрағына жауап берді. 
Қазылар алқасының құрамында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының «Басқару және білім сапасы» кафедрасының аға оқытушысы Айгүл Байұзақова, білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық кеңесінің бас маманы Гүлнар Омарова, облыстық әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Алуа Қабдұлова  болды.
Байқау нәтижесінде Текелі қаласы №1 орта мектептің география пәні мұғалімі Бақытжан Молбаев І орынды жеңіп алды. Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейдің тарих пәні мұғалімі Гүлфия Баянбаева мен  Іле ауданы, №28 орта мектептің математика пәні мұғалімі Бердіахмет  Иманбек ІІ орынды  еншіледі. Алакөл ауданы, Үшарал қаласы №1 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әсем Төлегенова, Еңбекшіқазақ ауданы,        О. Жандосов атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айгерім Тоққожаева және  Талдықорған қаласындағы М. Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №24 арнаулы лицейдің тарих пәні мұғалімі Динара Қамидолданова ІІІ орын тұғырынан көрінді. Сондай-ақ, Қаратал ауданы Б. Римова атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлмира Семсербаева «Жаңашыл мұғалім», Ақсу ауданы, Сағакүрес негізгі мектебінің физика пәні мұғалімі Динара Бухарбаева «Зерттеуші мұғалім», Қарасай ауданы, Еңбекші ауылындағы орта мектептің информатика  пәні мұғалімі Эльвира Амантаева «Шебер мұғалім» номинациясын иеленді.
Жеңімпаздар Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында облыс әкімінің арнайы жүлдесімен марапатталатын болады.

Алма Есенбаева.