Әуезов бағы ашылды

Уақыты: 28.09.2017
Оқылды: 1403
Бөлім: ТҮПСАНА

Дәстүрлі «Туған табиғатты аялайық!» конференциясы «Гүлзар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гөзел Құлжабаеваның бастауымен Басши ауылында жалғасын тауып, Мұхтар Омарханұлы Әуезов бағы ашылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректорының кеңесшісі Бауыржан Жақып, филология, тарих ғылымдарының докторы Лайля Ахметова және БАҚ өкілдері қатысқан шараға құрметті қонақ ретінде атақты Мұхтар Әуезовтің немересі Зипа-Алуа Мұратқызы да келді. 

Келген қонақтар Басши ауылындағы  Райымбек батыр атындағы орта мектепке,  «Батыр ана», Нұрғали Нүсіпжанов саябақтарына бас сұғып, Нұрым ауылында ашылғалы отырған Мұхтар Омарханұлы  Әуезовтің бағына бет алды. Алғашқы сөзді «Гүлстан» журналының бас редакторы Гөзел Құлжабаева алып:
– Былтыр Абай бағын ашсақ, енді Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығына орай бақ ашқалы отырмыз және 120 түп киелі ағаш егіледі. Көбінесе қарағай ағашын отырғызамыз. Неге десеңіз, біріншіден, әдемі болып өседі, екіншіден, адамның денсаулығына өте пайдалы ағаш, – деп келген қонақтарға ыстық лебізін жеткізіп, сөз кезегін Бауыржан Жақыпқа берді. 
– Құрметті қонақтар, ауыл тұрғындары, бүгін есте қалардай тарихи күн деп айтуға болады. Былтыр ғана Абай бабамыздың 170 жылдығына арнап 170 ағаш отырғызылды.  «Батыр ана» саябағында 130 ананың құрметіне 130 ағаш егіп, киелі ауылда қонақ болғанмын. Осындай игі істер көбейе берсін, – деді Бауыржан Жақып.  
Зипа-Алуа да осындай іс-шараның өтіп жатқанына қуанышты екенін  жеткізіп, аймақ тұрғындарына алғысын айтып, Гөзел Құлжабаеваның еңбегіне табыс, отбасына береке тіледі. Мұхтар Әуезов бағының лентасы қиылып, ел ағалары мен ауыл ақсақалдары, оқушылар 120 түп ағаш отырғызып, шара соңында естелік суретке түсті.

Дидар ДИХАНБАЕВ.
Кербұлақ ауданы.