Жомарт жүрек

Уақыты: 11.04.2018
Оқылды: 1651
Бөлім: ТҮПСАНА

Үштөбе қаласында Рухани жаңғыру аясында «Туған жер» бағдарламасын ілгерілету мақсатымен «Қаратал жомарттары» атты жерлестер форумы өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған игі іске республикамыздың түкпір-түкпірінен жерлестер жиылды.

Форум  деген атына сай әр қаладан келген қадірменді қонақтар бір-бірін көріп, қуанышпен қауышып, сағынысқан ағайын туған жердің ауасымен тыныстап, мәре-сәре болды. Аудандағы басқосу ағайынның тойындай күйге бөленіп, форумның шырайын кіргізді. Елден жырақта жүрсе де туған ауылдың қамын ойлап, жүрегін қолына ұстап келген азаматтар шараға бір атаның баласындай атсалысып, аудан азаматтарының игі шарасын қуана құптады. Мәдениет үйінің фойесіне ауданнан шыққан қаламгерлердің туындылары қойылып, балғындардың шығармашылық жұмыстары  орын тепкен. Көнеден сыр шертетін ауданның тарихы, ұлы жазушы Кемел Тоқаев пен өнер қайраткері Қанабек Байсейітовтің шығармалары және тұтынған жиһаздары қойылып, келген қонақтың назарына ұсынылды. Көрмеден жұртшылық тың деректерге қанық болды. Форум екі бөліктен тұрды. Жиын «дөңгелек үстелмен» басталды. «Дөңгелек үстелді» жүргізіп отырған аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов ең бірінші жерлестерінің форумға қатысқанына ризашылығын білдіріп, аудан әкімі Рауан Рақымбековтің құттықтауын жеткізді. Бұдан кейін басқосудың негізгі мақсаты жайлы айтып өтіп, Рухани жаңғыру аясында ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Форумның негізгі бағыттары – табысқа жеткендер мен ауылдан шыққан бизнесмен, шенеунік, жастар көмегімен аумақтарды инфрақұрылымдық қолдау. Сондай-ақ, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлердің, зиялы қауым өкілдері мен жастардың басын қосу.
Форумға қатысқандардың барлығы да республикаға танымал азаматтар. Бір сөзбен айтқанда, Қаратал өңірінде он сегіз әулие-әмбие өмір сүрді десек, бүгінгі келіп отырған азаматтардың түгелдейі сол бабалардың ұрпағы. Бірінші болып сөз алған облысымыздың ардагер ақсақалы, қоғам қайраткері, Алматы облысының және Қаратал ауданының Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев жерлестер форумына ризашылығын білдіріп, көтеріліп жатқан мәселе бойынша өз ойын ортаға салды. Мұның алдында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов баяндама жасап, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Назкен Игенбаев форумда ұсынылатын бірнеше жобаның сметалық құны мен эскиздік жобасын көрсетті. Аталған жобаның барлығы аудан орталығы мен елді мекенге көрік беретін нысандар. Міне, осы жобалардың таныстырылымына қанық болған Наурыз Қылышбаев жобаны іске асыру үшін жылдық жоспар жасау керектігін тапсырды. Ол бір немесе үш, болмаса бес жылға жасалу керек. Бүгінгі көтерілген мәселе тек басқосумен ғана шектелмей, ертеңгі күні іске асқанын қадағалау қажет. Сонымен қатар, жиынға келген азаматтар форумға қолдау білдіріп, ертең тарих қалыптастыруымыз керек екенін де тілге тиек етті. Мәселен, тарихты жасау үшін арнайы кітап шығарылып, оған атқарылған іс пен сол жұмысқа атсалысқан азаматтардың есімдері тіркелу керек. Сол кезде біз кейінгі ұрпаққа үлгі бола аламыз. Кітаптың атын «Қаратал қырандары» деп атау керек. Өйткені, қыран жан-жағына шашып жейтін құс. Біз  өз қамымызды емес, елдің жағдайын ойлағанымыз жөн. Қыран болып қалу үшін Қаратал ауданына қол ұшын созу біздің басты қағидаттарымыздың біріне айналғаны абзал. Осылай деген Наурыз Қылышбайұлы жерлестер форумының құрметіне кітаптар тарту етті. 
 Мұнан кейін кезек облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрінге берілді. Рухани жаңғыру бойынша көптеген игі істің іске асуына мұрындық болып жүрген Әміре Әрінұлы Наурыз ағасының айтқандарын құптай отырып, бүгінгі форумды ұйымдастырған аудан басшысы Рауан Тұрданғазыұлы мен әкімдік қызметкерлеріне алғысын білдірді. Ол өз сөзінде азаматтардың басын біріктіріп, Бәйшегір ауылында Алланың үйі мешіт салып жатқандығын айтты. «Оған бір өзім емес, ауыл азаматтарының, елден шыққан Бақытхан Жазықбаев, Дархан Медеғалиұлы, тағы да басқа жігіттер қолдау көрсетуде. Осындай игі іске облыстың Құрметті азаматы Айтжан Тыналиев басшылық жасап, биыл мешітті аяқтаймыз деген жоспарымыз бар, – деді ол. 
Одан кейін Көпбірлік ауылының азаматы, «Энергия Әлемі» ЖШС бас директоры Кенжемұрат Дүкенбаевқа сөз берілді. Ауылына екі қабатты үй тұрғызып, жас мамандарға көмек берген жомарт жүректі азамат өзінің ойымен бөлісті. «Батыста балаға білім, біліктіге жол, қартқа сый» дейтін шетелдіктер экономикаға өлшеусіз үлес қосып отыр. Біз де өз үлесімізді қосу арқылы елге көмегіміз тиеді, Алланың құрметіне бөленеміз. Әр істің берекесі болады. Бүгінгі форум да өз жемісін береді деп сенемін», – деді ол.
«Дөңгелек үстел» басында көптеген жақсы ой қозғалды. Осындай жағымды жаңалықтың бірін Қажымұрат Үсенов ағамыз атап өтті. Бұған дейін де талай шаруаны тындырған ағамыз туған ауылы Жаңаталапқа көп жағдай жасады. Мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, ауыл ортасында тұрған ардагерлер ескерткішін жаңартты. Сондай-ақ, мешіт тұрғызып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ел үшін туған азамат тағы да ілкімді істерді қолға алмақшы. Оны алдағы уақытта ауылда жиын өткізіп, азаматтардың басын қосып, негізгі шаруаларды ортаға салып жүзеге асыратынын атап өтті. Осындай кезек-кезегімен ойларын ортаға салған қараталдық азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару керек дегенді алға тартты.
Форум аудандық өнер майталмандарының  концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ән шашудың алдында аудандық мәслихат хатшысы Бақыт Смаилов пен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қасымов Л. Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университетінің физикалық және экономикалық география  кафедрасының  профессоры Орденбек Мазбаевқа «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» атағын тапсырды. Сонымен қатар, ауданның өркендеп-өсуіне атсалысып жүрген жомарт жүректі азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты табысталды. Салтанатты шарадан кейінгі ән шашу қонақтардың көңіл-күйін одан ары шалқыта түсті. 

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ
Қаратал ауданы