ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮТІНІ ДЕ ЫСТЫҚ

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 1615
Бөлім: ТҮПСАНА

   Тәуелсіз Қазақстанның қай жері болса да қасиетті, қадірлі. Қазақ халқының ниеті мен пейіліне, салты мен дәстүріне, әдет-ғұрпына сай берілген осыншама ұлан-байтақ жер – ата-бабамыздың кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен баға жетпес байлығы мен асыл мұрасы. Сондықтан, әркімнің туған жері адам өмірінде киелі орын алады.

 
   Жуырда Қарашыған ауылдық округінде «Жомарт жүрек жерлестер» атты форум өтті. Бұл басқосу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай «Туған жер»  жобасы аясында жүзеге асты.  Бұл жобаның негізгі мұраты – туған өлке, туған жер, туған ауылды қастерлеу арқылы елді, Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу. Осы мұрат-мүддені басшылыққа алған Қарашыған ауылдық округінің әкімдігі өзге әріптестерінен бұрын осындай форумды жоғары деңгейде ұйымдастыра білді. 
   Алыс-жақыннан жерлестер басқосуына жиналғандар алдымен Ұлы Отан соғысының құрбандары мен қатысушыларына арналған обелискіге гүл шоғын қойып, Құран оқытты. Келесі кезекте қазақ музыкасының бәйтерегі, ұлы композитор Мұқан Төлебаевтың ескерткішіне тағзым етті. 
   Мұқан Төлебаев атындағы ауылдық Мәдениет үйінде өткен форум салтанатты түрде Мемлекеттік Гимнмен  басталып, жиналғандар туған ауыл жайындағы бейнефильмді тамашалады. Биіктен түсірілген ауыл көрінісі, тамылжыған табиғат, көкше теңіз  болмысы көрермендер көңіліне балалық шағын ұялатқаны анық. Осы бейнефильмде ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Кәдірстан Құдайбергенов сөз алып, ауыл тарихы, бүгінгі тыныс-тіршілік, алдағы міндеттерді жерлестерінің назарына ұсынды. Осы басқосудың ұйытқы-ұйымдастырушысы ауылдық округтің әкімі Бектілеу Тоқтасынов мемлекет қаржысы бөлінбейтін бірқатар шараларды жерлестерімен бірлесіп жүзеге асыру керектігін айтты. Атап айтқанда, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қолға алынған спорт алаңының құрылысын аяқтау, М. Төлебаев атындағы орта мектеп жанындағы шағын орталық маңынан балалар алаңын салу, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның ғимаратын бүгінгі талапқа сай жөндеу, ағайын-туыстың басын қосатын тойхана құрылысы және ауыл көшелерін жарықтандыру әкім хабарламасының арқауына айналды. 
Баяндама бойынша жарыссөзге шығушылардың көшін бастаған Жетісу өңіріне  белгілі кәсіпкер Әділхан Әкімбеков туған ауылындағы балалар алаңы мен спорт алаңын салуға ауқымды үлес қосуға дайын екендігін айтса, ұзақ жыл көршілес аудандарда шаруашылық басқарып, Қаратал – Балқаш балық инспекциясына жетекшілік еткен кәсіпкер Жанат Тойшыбеков ортақ қор ашуға шақырып, жерлестерін осы нысандар аяқталғаннан кейін жұртшылықтың игілігін талан-таражға түсірмеу үшін алаңдардың нақты иесі айқындалуы керектігін көпшілікке жеткізді.  
   Туған жерінің одан әрі өркендеуі үшін аянып қалмайтындығын осы ауылдың табысты түлектерінің бірі Серікжан Иманбековтың сөзінен айқын аңғардық. Ауылдың жыртығын бүтіндеуге дайын екендігін білдірген азаматқа ұйымдастырушылар тарапынан ауылдық дәрігерлік амбулаторияны жөндеу жүктелді. Айналасындағылармен ақылдасып, игілікті іске бел шеше кірісуге сөз берген Серікжаннан кейін мінбеге көтерілген Жантілеу Тоқтасынов ағайындарымен бірге ауыл орталығынан тойхана салып беруге дайын екендіктерін көпшілік алдында жария етті. 
   Бұл – игі істің басы ғана. Осы алқалы жиынға белгілі себептермен келе алмаған ауылдың табысты тұлғалары ортақ істен шет қалмайтыны анық. Жиында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Түсіпов топырағы қасиетті Қарашығанның абыройын асқақтататын абзал азаматтарының аз емес екендігіне тоқталды. 
Кіндігін кескен, тұсауын шешкен туған ауылын сүймейтін адам баласы жоқ. Демек, осынау оң үрдіс барлық елді мекендерде жалғасын табары анық. Мақтан тұтар ауыл түлектерінің лебіздеріне  ауылдық Мәдениет үйі  өнерпаздарының аяулы ауыл, өскен ел, туған жер жайындағы мазмұнды әндері әр беріп тұрды. 
 
Жомарт ИГІМАН
  Сарқан ауданы