ЛАТЫН ӘЛІПБИІ - ЗАМАН ТАЛАБЫ

Уақыты: 12.11.2018
Оқылды: 1699
Бөлім: ТҮПСАНА

Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін бірегей қадамның бірі. Осы орайда мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыру жан-жақты қолға алынуда.

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қолға алу қажеттігін атап өткен.
Бүгінгі ақпарат заманында ғаламтор жүйесінде үстемдік ететін латын әліпбиі екендігін мойындауымыз ке-рек. Жас ұрпаққа берері мол бағдарлама аясында өз ортамызда латынға көшкенімізде ұтатын тұстарымызды саралап көрдік. Яғни, біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады. Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Ал, біз олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек. Мінеки, осы әңгімелер күні кеше Қапшағай қаласындағы орта мектеп гимназиясында өткен жиында кеңінен талқыланды. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов және осы орталықтың орфография бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбекова қала тұрғындарына қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бұған дейін жүргізілген іс-шаралардың негізінде орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық ақпараттық сүйемелдеу жұмыс топтары құрылып, ғалымдар арасында талқыланып мақұлданған. «Тіл-қазына» ұлттық орталығы «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасын осы жылы қыркүйек айында Ұлттық комиссияның отырысында таныстырған. Аталмыш жиын осы жобаны жұртшылыққа таныстырып, пікір алмасып түсіндіру жұмыстарының тиянақтау көрінісі. Алдағы уақытта 20 қарашада Ұлттық комиссияның отырысында бұл жоба кеңінен қаралып, наурызда нақты бекітіледі деп күтілуде.

Әлімхан ЖҮНІСБЕК,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі  институтының
бас ғылыми қызметкері,  ф.ғ.д., профессор:

Жаңа латын әліпбиін пайдалану тікелей орфоэпияға қатысты болып тұр. Өйткені, әліпбидің еміле-ережесі бойынша қазақ сөзінің орфографиясы мен орфоэпиясы арасында едәуір қайшылықтар пайда болғалы тұр. Сондықтан қазақ сөзінің орфоэпиялық үлгісін реттеп алу өзекті мәселеге айналып отыр. Орфоэпиялық сөздіктер дайындау үстінде ескеретін жайттарға тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
Орфография мен орфоэпияның арасында толықтай сәйкестік болмайтынының әртүрлі себебі бар. Орфографиялық ережелерді шартты түрде жалпылама екі топқа бөліп қарауға болады. Бірінші топқа жататын ережелер тіл дыбыстарының өзара әсерінен, қолданылу орны мен жағдаятына байланысты болған өзгерістерді жазуда таңбалауға қатысты. Бір ғана дыбыстың сөйлеу барысында түрленген айтылым варианттарын жеке-жеке әріптермен белгілей беру, мысалы, сөйлеу үстіндегі қатаң дауыссыздың ұяңдануы, ұяңның қатаңдауы, тоғысыңқы дауыссыздың жуасыңқы дауыссызға айналуы тәрізді дыбыстық өзгерістерді естілуі күйінше таңбалап отыру мүмкін емес. Мысалы, желінбеу, басшы, қара құлақ тәрізді сөздерді естілуінше желімбеу, башшы, қара ғұлақ деп беру, әрине, тиімсіз. Тіпті, іргелес дыбыстың ыңғайына қарай бір дыбыстың бірнеше түрлі дыбысталатыны болады. Мысалы, бір ғана з дыбысы бірде с (бергізсе – бергіссе, сызса – сысса т.б.). екіншіде ш (сызшы – сышшы, сөзшең – сөшшең, т.б.) болып дыбыстала беретіні заңды. Сондықтан да олардың дыбысталуын арнайы орфоэпиялық ережелер арқылы реттеп отырудың ауызша сөз мәдениетін сақтау үшін маңызы аса қажет.
Жазу мен дыбыстаудың арасындағы әртүрлі айырмашылықты тіл үйренушілерге, сондай-ақ, мектеп оқушыларына бастауыш деңгейден бастап екі түрлі бағытта, бірі – дұрыс жазу, екіншісі – дұрыс сөйлеу бағытында және бір-бірінен еш асырып не төмендетпей бірдей деңгейде жан-жақты түсіндіріп оқытудың қолға алынғаны жөн. Себебі, жазу мәдениеті мен сөйлеу мәдениетінің тілдік коммуникациядағы рөлі бір-бірінен басым не бәсең деуге болмайды.

Осман КАБАДАЙЫ,
Кыркшехир-Ахиевран университетінің профессоры:

Қазақ тілінің соңғы жүзжылдық тарихына қарағанымызда жазу-сызудың араб, латын, кириллица және қайтадан латын болып өзгергенін байқаймыз. Бұл, әрине, мәдениет пен гуманитарлық саланы аса күрделі жағдайға қалдырғаны мәлім. Ал енді араға біршама уақыт салып қайтадан латын әліпбиіне өту шешімінің қабылдануы жалпытүркілік өркениет тұрғысынан аса жағымды хабар екендігі анық.
Кеңес дәуірі кезеңінде дүниеге келген Орта Азия түркі республикаларының кириллицаға негізделген ұлттық әліпбилерінің пайда болуының астары – ортақ түркі латын әліпбиін жойып, түркі халықтарын бір-бірінен ең болмағанда осы тұрғыда алшақтату еді. Сондықтан, 1926-1938 жылдары арасында іс жүзінде қолданыс тауып, тәжірибе жинақтап қалған латын әліпбиін ауыстыра салудың саяси астары басым еді. Бұл үрдіс өзінің жағымсыз әсерін қалдырмай қоймады. Қазіргі кириллица болсын, енді қолға алынған жаңа латын әліпбиінде болсын, ортақ унификация мәселесін қолға алудың жасанды кедергісін көріп отырмыз. Мұның түп-төркіні сонау Кеңес дәуірінен бастау алып, осы уақытқа дейін жалғасып, өзінің жағымсыз өміршеңдігін сақтап қалуда. Былтыр 26 қазанда Қазақстанда «апострофты» деп аталып кеткен жаңа қазақ әліпбиінің ресми варианты баспасөз арқылы таныстырылды. Егер осы әліпби қолданысқа ресми түрде еніп кетсе Қазақстанның түркі елдерінен біршама алыстай түсу қаупі күн тәртібінде тұратын еді. Сонымен қатар, аталмыш жобалық әліпбидің кемшілігі әліпби үйрету барысында көрініп қалуы әбден мүмкін.
Байқағанымыздай, жаңа әліпби таңдалу сатысы барысында қазақ тілінің дыбыстық, орфоэпиялық, орфографиялық ережелеріне қарағанда саяси шешімнің әлдеқайда ауырлау болғандығы қылаң беріп қалды. Уақыт өте келе қазақ елі апострофты латын әліпбиінің орнына ортақ түркі әліпбиін таңдап жатса, аталмыш «қазақи-түркілік» әліпбиге қырғыз елі де қосылуы бек мүмкін.

Айман АЛДАШ,
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының
бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор:

Латын графикасына көшу туралы қоғамдық-саяси маңызды мәселе 1991 жылдан бастау алады. Соңғы жылдарға дейін қоғам арасында кирилше әріптерді латынша қалай таңбалау, кирилше әріптерге латынша таңбалардың қайсысы сәйкес келеді деген мазмұндағы пікір алмасулар қоғамдық-саяси мәселенің негізгісіне айналды. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілгеннен кейін қазақ емлесінің ережелерін түзудің өзектілігі және шұғыл екендігі дереу көзге түсті. Өйткені латын графикасына көшуді жүзеге асырудағы барлық іс-шаралардың атқарылуы емле ережелерінің түзілуіне тікелей байланысты.
Емле ережелерінің алғашқы жобасын түзу барысында шет тілдік сөздердің орфографиялануын реттеудің қиындықтары мен проблемалары айқын көрінді. Қиындықтар мен проблемалар қатарында латын графикасы арқылы таңбалау арқылы ұлттық кодты, ұлттық болмысты, яғни қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын сақтау, қазақтілді қоғам мүшелерінің когнитивті санасында, тілдік санасында әбден орныққан стереотиптерді өзгертіп, қазақ тілінің табиғи заңдылықтарын ауызша және жазба коммуникацияда қайыра орнату, латын графикасына көшу арқылы ағылшын тілін меңгертуді оңтайландыру сынды аса маңызды жайттар кірді. Базалық нормалардың сақталуы мен сабақтастығы деңгейінде айтылуы бойынша қалыптасқан 71 сөз нормативті сөздіктерге енгізілді. Соңғы жылдары пойыз, стансы, зауыт, шенеунік, нөл, нөмір, резеңке, мәшине, кәстрөл, режім, пошта, әртіс тәріздес жалпы қолданысқа түскен шет тілдік сөздер алдыңғы кезеңдерде қалыптанған кірме сөздердің қатарын толықтыра түсті. Слесір (слесарь) – 2007 жылы Мемтерминком тарапынан ұсынылған.
Жаңа мазмұнды қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінде осы аталғандардың легінде кәстөм, әлбом тілдік бірліктері көрсетілген. Мазмұн межесі мен тұрпаты қазақ тілінің айтылу заңдылықтарына сәйкес орфографияланған сөздер ретінде абонент, банкнот, бизнес, билет, биржа, делегат, вагон, фирма, парламент, модератор, планшет, банкомат, сенат типтестерді атауға болады. Оларға қосымша буын үндестігіне сәйкес жалғанады. Э әрпінің е әрпіне алмастырылуы (element, elevator, epopeia, poetika, koefisent) мазмұн межесінің түсініктілігі, нақтылығы тұрғысынан қиындық тудырмайды.

Мақпал МЫСА
Қапшағай қаласы