ДИКТАНТ РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ТАҚЫРЫБЫНА АРНАЛДЫ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1994
Бөлім: ТҮПСАНА

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен ел бойынша жалпыхалықтық диктант жазылды. Оған республика бойынша 1 миллион 530 мыңға жуық, ал Алматы облысынан 120 мыңнан астам адам белсене  қатысты.

Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латыннегізді қазақ қарпін тәжірибелік тұрғыда меңгеруге дағдыландыру. Диктантты 15 жас­тан асқан азаматтар – мемлекеттік, бюджеттік сала қызметкерлері, әр саланың мамандары, студенттер, оқушылар арнайы белгіленген орындарда жазды. Диктант жазу барлық өңірде бір мезетте бас­­­талды және бәріне ортақ мәтін аудиожазба арқылы оқылды.

Диктантқа «Рухани жаңғыру» тақырыбы арқау болды. Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында өткен шараға ҚР Ұлттық банкінің Алматы облыстық филиалының, облыстық төтенше жағдайлар, ішкі істер департаменттерінің, тіл басқармасы, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандары, Талдықорған агротехникалық колледжінің білімгерлері қатысты.

Кәмшат АҚЫЛБЕКОВА,

экономист:

- Бүгінгі шара уақыт талабына сай өтті. Халқымыз үшін латыннегізді қазақ әліпбиін меңгерудің маңызы зор. Өзім латын қарпіне көшуді толықтай қолдаймын. Оның халқымызға берері мол. Сол себепті жаңа әліпбиді меңгеруді бүгіннен бастауымыз керек деп білемін. Өзім жаңа әліпби бойынша жазып, машықтанып жүрген соң диктант жазу қиынға түсті дей алмаймын. Тек  Yy әрпі төбесі түртілместен у әрпі ретінде жазылса дұрыс болар ма еді деген ұсынысым бар. Негізі ол әріп бойынша ы дыбысы таңбаланған.

Жандос ЕРЖАНҰЛЫ,

ҚР Ұлттық банкі облыстық филиалының бас маманы:

- Алдын ала жаңа әліпбимен танысып, дайындалғандықтан диктант жазу қиын болмады. Тек ұ, ү әріптерін жазғанда ұ-ның басында ноқаты жоқ, ал ү-де бар болғаны  қиындық келтірді. Қалған әріптер бойынша еш кедергі болған жоқ.

Диктантты жазып біткен соң оның дұрыс нұсқасы көрсетіліп, қорытындысы шығарылды.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ