ОРБҰЛАҚ ШАЙҚАСЫНА 375 ЖЫЛ

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 2706
Бөлім: ТҮПСАНА

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңістің 375 жылдығына орай жазиралы Жаркент өңірінде ауылдың түлегі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Әбдіраштың Жарасқаны» атындағы сыйлықтың лауреаты Ерғазы Манапұлымен кездесу кеші өтті. Кездесуге ауыл тұрғындары, мектеп оқушылары мен ұстаздары қатысты.

Шара белгілі әнші Нұржан Батпақбаевтың орындауындағы Амантай Раевтің «Ауылым» әнімен ашылды. Одан соң ауылдық кітапхана меңгерушісі Ханшайым Кемелбаева ақын өмірінен шағын баяндама жасады. Сондай-ақ, ақынның ұстазы, сынып жетекшісі Жаңыл Қажынова қаламгердің мектептегі қызықты сәттерінен сыр шертіп, оның ең алғашқы өлеңдерін сынып сағатында талқылағанын, кейіннен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстазы марқұм Ұзақбай Әріпжанұлы өз тәрбиесіне алып, бағыт-бағдар бергенін қызықты етіп әңгімелеп берді. Өз шәкіртінің сонау балаң шақта жазған шығармаларын әлі күнге дейін сақтап, жинақтап жүргенін көпшілікке жария етіп көрсетіп, ақынға сыйға тартты.
Кездесу барысында мектеп оқушылары ақын жырларын нақышына келтіріп оқып, қаламгер ағаларына өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.
Ақынның кездесу кешіне үзеңгілес достары арнайы келді. Өз кезегінде сөз алған ақын осы кешті ұйымдастырған ауылдық Мәдениет үйінің меңгерушісі Кемелхан Қоқымбаеваға, әдіскер Айболат Керімбековке, кітапханашылар Ханшайым Кемелбаеваға, Нұргүл Бозжігітоваға және Ербол Сыпатаев атындағы мектеп ұжымына, ауылдастарына, оқушыларға алғысын айтып, жырдан шашу шашты. Келелі ойларды ортаға салды. Түрлі сауалға жауап берді.
Кеш соңында Талды ауылдық округінің әкімдігі атынан сөйлеген Нұргүл Сейтахунова ақынға шығармашылық табыс тілеп, арнайы сый-сияпат жасады. Ауыл ақсақалдарының төрағасы Омаш Жылқыбаев қария ақ батасын берді. Негізгі ұйымдастырушылардың бірі Кемелхан Нұрмұхамедқызы мұндай кездесудің жастарға берер тәрбиелік мәні мол екенін, Ерғазыға еліктеп ауылдан әлі талай жас таланттардың шығатынына сенімді екенін айтып, ақын иығына оқалы шапан жапты.

Қанатқазы КЕНЕНБАЙ
Панфилов ауданы