ЕЛБАСЫ "ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІНІҢ ТІЛШІСІН ЕКІ РЕТ ҚАБЫЛДАДЫ

Уақыты: 08.03.2019
Оқылды: 2929
Бөлім: ТҮПСАНА

Ақордада Мемлекет басшысының қатысуымен «Көктем шуағы» атты кездесу өтті. Елбасы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай бір топ әйелдер қауымын қабылдап, құрмет көрсетті. Кездесуге қатысқан нәзік жандар қатарында ақын, әріптесіміз, «Жетісу» газетінің Қапшағай және Іле ауданындағы меншікті тілшісі Мақпал МЫСА да болды. Газетіміздің тілшісін Елбасы осымен екі рет қабылдап отыр. Бірі - "100 жаңа есім" жеңімпазы атанған сәтте, бірі - Халықаралық әйелдер мерекесінде. Бұл жолы да Елбасы Мақпал Мысаға өлең оқытып, тебірене тыңдады. Меншікті тілші осы жайында егжей-тегжейлі "Ult.kz" порталы мен "Жетісу" газетіндегі әріптестеріне айтып берді.

«Бұл жиынға Елбасының атынан арнайы шақырту алдым. Ол туралы Мемлекет басшысы кездесу барысында айтып өтті. «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы ретінде, ақын ретінде бүгінгі кездесуге шақыртуды жөн деп тапқан екен. Бұл – мен үшін қуаныш. Әр түрлі салада жетістікке жеткен әйелдер қауымы жиналды. Олардың бастан кешкен оқиғаларын, тағдыр жолын тыңдап отырып, ерекше әсер алдым», – дейді ол.

Мақпал кездесудің жоғары деңгейде өткенін, өзіне жақсы әсер сыйлағанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Елбасының еліміздегі нәзік жандардың қай салада болсын, озық ойымен, өрелі ісімен көзге түсіп жүргендігін мақтан етіп, алғыс-құрметін жеткізгенін тілге тиек етті.

«Елбасы менен өткен жолғы «Жүз жаңа есім» жобасы жеңімпаздарымен болған кездесуде оқыған махаббат туралы өлеңімді оқып беруді сұрады. Мен ол кездесуде еркін тақырыпта өлең оқығанымды айтып, бұл жолы ел, жер жайында оқығым келетінін жеткіздім. Себебі, қазақ поэзиясының жарқын өкілдері Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Қанипа Бұғыбаева секілді апаларымыздан жолын жалғап келе жатқан ақын арулардың қатар өсіп келе жатқанын айтып, олардың өлең-жырлары ең алдымен туған елге, туған жерге деген сүйіспеншіліктен туғандығын жеткізіп, ел жайында жазған өлеңіммен түйіндедім», – дейді ақын.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ақынның үш кітабын арнайы алдыртқанын айтып өтті.

Айта кетсек, Мақпал Мыса – ақын, жазушылар және журналистер Одағының мүшесі. "Алақандағы бақыт", "Мен керекпін" және "Аспантаудың көктемі" атты үш кітап авторы. Ақсу ауданының 80 жылдығы және Мұқағали Мақатаевтың 80-жылдығына арналған республикалық байқауларда бірінші орын алған. Молықбай қобызшы, Майра Уәлиқызы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы сыйлықтардың иегері. Былтыр Ресей жазушылар Одағының шешімімен білікті аударма үшін балқар ақыны Керім Отаров атындағы алтын медальмен марапатталған. Сонымен қатар, Қазақстан Тұңғыш Президенті қоры ұйымдастырған «Алтын тобылғы» Республикалық байқауының бас жүлдегері атанған. Қазіргі таңда Алматы облысының ғасырдан асқан басылымы - "Жетісу" газетінің меншікті тілшісі.

Мақпал балалар энциклопедиялық кітаптарын аударып, редакциялаған. Оның өлеңдері ағылшын, түрік, татар, башқұрт, орыс, қырғыз, әзірбайжан және испан секілді түрлі әлем тілдеріне аударылған. Өлеңдері испан, әзірбайжан, орыс антологиялық кітаптарына енгізілген. "Алтын тобылғы" байқауында бас жүлде алған және үш тілге аударылған "Шоған Абыз" поэмасының авторы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"