Амандық БАТАЛОВ: "НАУРЫЗ ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗДЫ КӨТЕРЕДІ"

Уақыты: 27.03.2019
Оқылды: 1820
Бөлім: ТҮПСАНА

Наурыз мерекесі Жетісу жерінде кеңінен аталып өтті. Облыс орталығындағы «Жастар» саябағы аумағына киіз үйлер тігіліп, көрме ұйымдастырылды. Облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ бастаған топ бірінші кезекте қала шетіндегі бұлақтың көзін ашып, бір-бір кесе мөлдір су ішті. 

 

Бұдан кейін Наурыз дәстүрі бойынша №28 ІТ лицейінің алдына тал егіліп, «Ағаштарға ақ бүрку» рәсімі орындалды. Ел ағалары қаламыз көгеріп, көктей берсін деген ниетте тал отырғызса, ақ кимешек киген әжелер жас көшеттердің бұтағына ақ тамызып, жаңа жылда тоқшылық болсын деген ізгі-тілектерін білдіріп жатты. 

Білім ошағына қарама-қарсы орналасқан Ақын Сара атындағы музыка мектебінің өнерлі өрендері ән мен жырды әуелетті. Әсіресе бүлдіршіндердің орындауындағы «Қара жорға» биі көпшіліктің көңілін көтерді. 

«Жастар» саябағында өтіп жатқан негізгі думанға келген облыс әкімі Амандық Баталов бастаған ел ағаларын, тізгін ұстар азаматтарды ел-жұрты қуанышпен қарсы алып, төс қағыстырып, «Ұлыс оң, ақ мол болсын!» деген ізгі тілектерін арнады.

Бұл күні ұлттық ойындар мен салт-дәстүрге ерекше көңіл бөлінді. Алаңға тігілген жеті киіз үйге Елбасының бағдарламасы бойынша көрмелер қойылды. Облыс басшысы олардың әрқайсына бас сұғып, ондағы өзіндік ерекшелікпен танысты. Мәселен, бір киіз үйде суретшілер құмнан сурет салу өнерін паш етсе, тағы бірінде Алматы облысының алмадан жасалған картасы көрген жанды бей-жай қалдырмады. 

Ұлық мерекеде қол- өнеріміз де дәріптелді. Ісмер жандар құрақ көрпе тігу, шеберлер қыштан ыдыс, домбыра жасау өнерін паш етті. Амандық Ғаббасұлы қолөнер шебері Тілеш Намазбековтің жасап жатқан домбырасына тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды. 

Салт-дәстүріміз паш етілген мерекеде бірнеше бүлдіршіннің тұсауын кесті. Ұлттық ойындарға да қатысып, асық атып нысанаға дөп тигізді. Гір тасын көтеріп, күшін құрылғанына де сынап көрді. 

Биыл «Жетісу» телеарнасының құрылғанына 20 жыл толады. Облыс тұрғындары үшін айтулы оқиға болып саналатын мерейтой шаттығы осы Наурыз тойында айқын сезілді. Телеарна ғимараты алдынан «Журналистер аллеясы» ашылып, тілшілер арасында ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, арқан тартыс, ләңгі тебу, асық ойнау сайыстарында бақ сынаған тілшілер ептілігін көрсетіп, «Жетісу» арнасы 1-орынды, «Жетісу» газеті 2-орынды, «Талдықорған» газеті 3-орынды қанжығалады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар тарту етілді. Осынау қуанышқа ортақтасқан облыс басшысы телеарна қызметкерлерін мерейтоймен құттықтап, ақ дастарқаннан дәм татып, 1 жасқа толған Омар Әділбайдың тұсауын кесті.

Көпшіліктің де Наурыз мерекесін асыға күткендігі жігіттердің жілік сындыру, қошқар көтеру сынды сайыстарға белсене қатысқанынан байқалды. Алаңның бір шетінде жастар арқан тартып күш сынасса, бір топ бала асық ойнап жарысты. Қ. Байсейітов атындағы саз колледжі оркестрінің орындауында Әділхан Абырбаевтың «Наурыз» күйі де мереке шырайын аша түсті.

Осынау шат-шадыман шаттықтың ортасында облыс әкімі Амандық Баталов көпшілікті ұлық мерекемен құттықтады.
– Құрметті жетісулықтар! Ардақты ағайын! Сіздерді ақ ниет пен ізгі тілектердің, жаңару мен жаңғырудың жаршысы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз Наурыз – еңсесі биік елдіктің, іргесі бекем бірліктің, сарқылмас ырыстың бастауы. Ұлыстың ұлы күнін халқымыз жыл сайын шат көңіл, кең пейілмен қарсы алады. Бұл мереке көпэтносты Қазақстан халқын достық пен татулыққа шақырып, игі істерге жұмылдырып келеді. Бұл мереке біздің ұлттық рухымызды көтереді, салт-дәстүрімізді жаңғыртады, татулық пен кеңпейілдік, ізгілік пен жанашырлық сияқты қасиеттерді еселейді. Дастарқан аққа, көңіл шаттыққа толатын, атадан балаға мирас болған бұл күн еліміздің ынтымағын, жеріміздің ырысын молайтуға зор үлес қосады. Сіздерді ақ ниет пен ізгі тілектердің, жаңару мен жаңғырудың жаршысы – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.

Бұдан соң жер ана бусанып, көктемнің келуі туралы театрландырылған көрініс сахналанды. Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әншілерінің ән-жыры қалықтады. Наурыз мерекесіне арнайы келген елімізге танымал әншілер Алтынай Жорабаева мен Кәмшат Жолдыбаевалар көпшілікке жылы лебізін жеткізіп, ән шашуларын тарту етті.

Әз Наурыз құрметіне 5 мың литр наурызкөже мен мың келі бауырсақ пісіріліп, тегін таратылды. Осылайша ұлттық астан дәм татып, шат-шадыман шаттыққа бөленген көпшіліктің тілеуі ел-жұртымыздың амандығы, жеріміздің байлығы мен берекесі, халықтың тоқтығы болды.

Алма ЕСЕНБАЕВА