НАУРЫЗ: ҚОШҚАРДЫ 55 МӘРТЕ КӨТЕРДІ

Уақыты: 23.04.2019
Оқылды: 926
Бөлім: ТҮПСАНА

Көктемнің тұмса табиғатымен ілесе жігіттер шапанын, арулар камзолын киіп, салт-дәстүріміз, ұлттық өнеріміз ұлықталатын Наурыз мерекесін тойлады. Дәстүрлі думан Қаратал ауданы, Жылыбұлақ ауылындағы азаматтардың ұйытқы болуымен өтті.

Шара барысында Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, береке-бірлігі жарасқан ауыл азаматтарының игі істерін ерекше атады. Осыдан кейін сексенінші жылдардың аяғында қазіргі Жылыбұлақ, бұрынғы Новый мир кеңшарының директоры қызметін атқарып, көп еңбек сіңірген жазушы Өкітай Ахметов сөз алып, ақжарма тілегін ақтарды.

Наурыз тойы қазақы салт-дәстүрге сай өткізілді. Жеті киіз үй тігіліп, екі мыңнан астам адамға наурызкөже ұсынылды. Тойлы ауылдың жанында жиырмадан астам түйе байланып, той қонақтарына жаңа сауылған шұбат таратылды. Спорттық шаралар ұйымдастырылып, ұлттық спортымыз ұлықталды. Сайыс «Жылыбұлақ желаяғы» атты жеті шақырымдық жүгіруден басталды. Бұл сында 1-орынды Ерболат Кеңшілік, 2-орынды Айдын Жанат, 3-орынды Ернұр Тоқтағұлов жеңіп алды.

Осыдан кейін арқан тартыс ойыны жалауын желбіретті. Додада 1-орынды Арай көшесінің тұрғындары еншілесе, 2-орынға Бақтыбай көшесінің командасы тұрақтады. 3-орын Үштөбе қаласынан келген қонақтарға бұйырды. «Күш атасын танымас» демекші, Көксу ауданынан келген ауыл қонағы 80 келілік қошқарды 55 мәрте көтеріп, бас жүлдені иемденді. Қыздар арасында 18-30 жас аралығында 300 метр қашықтыққа жүгіруден 1-орын С.Смағұловаға, 2-орын С.Жармұхамедоваға, 3-орын М.Мақсұтоваға бұйырды. 30-60 жас аралығында 200 метр қашықтыққа жүгіруден Ү.Жандилова топ жарса, Ж.Астанбекова тұғырдың екінші сатысынан көрінді. А.Дауытова үздік үштікті түйіндеді.

Жарыс жеңімпаздарына Алғыс хат пен ақшалай сыйлық табысталды. Бір ерекшелігі, тұрғындар ақшалай алған сыйлықтарын ауыл мешітіне тарту етті. Сондай-ақ, ұлттық көкпар ойыны ережеге сай қазандыққа тартылды. Алғашқы беташар салымды Қарашеңгел ауылдық округінен келген шабандоз Сырым атты азамат шеңберге дөп түсірді. 2-ші салым Ұмтыл ауылынан келген Төлеген атты шабандоздың тақымында кетті. Ал 3-ші, 4-ші және 6-шы салымды шабандозға тұлпары сай 60-жылдық ауылынан келген Дубек бауырымызға бұйырды. 5-ші салымды Талдықорғаннан келген Асқар атты азамат шеңбердің ортасына дөп тастаса, 8-ші салымды Жылыбұлақ ауылынан Мәулен бауырымыз қанжығасына байлады. Соңғы өгізсалым Үштөбе қаласынан келген Мадияр інімізге бұйырды.

Көкпар ойынына тігілген тоғыз салымның алғашқы беташар салымын 10000 теңге көлемінде Жаңаталап ауылының азаматтары тікті. Екінші салымды жомарттық танытып Қанабек ауылының азаматтары атады. Қалған жеті салымды Жылыбұлақ ауылының жомарт жігіттері ортаға салды. Әр салымға 10000 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілсе, сегізінші серкесалым, тоғызыншы өгізсалымды Жылыбұлақ азаматтары көтерді.

Ат дүбірін сағынған халықтың күткені аламан бәйге еді. 25 шақырымдық дүбірлі додаға бас-аяғы 22 сәйгүлік қатысты. Дала төсін шаңға бөгіп, тақымы тайға жабысқан шабандоздар да жиналған қауымның ықыласына бөленді. Бастапқы айналымда тізгін тартып, ат шабысын бәсеңдетіп отырған тұста сәйгүліктер басын жұлқа тартып, бас бермейтін асауша алдыға осыла жөнелді. Айналым өткен сайын қамшыға қамшы басып, ат ауыздығымен алысқан шабандоздар тізгінді босатып жіберді. Мәреге жетер шақта тұлпарлар бірінен-бірі озып, шабысына шабыс қосып, ағылып отырды.

Жарыс қорытындысы бойынша алдына жан салмай оқ бойы жалғыз келген «Кер» атты Жылыбұлақ ауылының тұлпары 1-орынды иеленді. Жануардың иесі - Асқат Қадырбаев бауырымыздың ұлы Ернұр Абылханов. 2-орынды Жылыбұлақ ауылының «Бақкер» атты сәйгүлігі жеңіп алды. Мәре сызығын үшінші болып Көксу ауданынан келген «Елес», төртінші болып Бастөбе ауылының «Күл», алтыншы болып Бауыржан бауырымыздың «Байторы» атты тұлпары кесті. Аламан бәгенің 1-ші жүлдесіне бір жылқы және 35000 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. 2-ші жүлдеге бір бұқа мен 25000 теңге, 3-ші жүлдеге бір қой мен 15000 мың теңге, 4-шіге бір тоқты мен 10000 мың теңге, 5-шіге бір серке мен 10000 мың теңге сыйлық берілді. Жиын соңы мерекелік концертпен жалғасын тапты.                          

                                                                  Болат ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ

Қаратал ауданы