ЖАНСҮГІРОВТІҢ АУЫЛЫ ЖАҢАРАДЫ

Уақыты: 02.05.2019
Оқылды: 3466
Бөлім: ТҮПСАНА

Ойтоған ауылы аудан орталығынан шалғай жатса да, ол – қазақ әдебиеті мен мәдениетіне үлгілі із салған Ілияс Жансүгірұлы бастаған қазақтың талай марқасқа ұл-қызын түлеткен құтты мекен. Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына орай облыс әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ тікелей қолдауымен ауылды қайта қалпына келтіруге қатысты шара қабылданып, бүгінде қызу жұмыс басталып кетті.

Ойтоған ауылының маңындағы жазық дала төрт түлік мал өсіруге табылмайтын жер. Диқандардың жыл бойғы төккен терін ауыл іргесінде ағып жатқан Ақсу өзені өркендетіп келеді.  Жері шұрайлы, елі шырайлы ойтоғандықтар биыл дала жұмыстары мен ақын тойына дайындық мақсатындағы  жаңғырту жұмысын қатар  атқарып жатыр.

– Ілияс атамыздың 125 жылдығына орай туған ауылын жаңғырту облыс, аудан басшыларының назарынан түскен жоқ. Өздеріңіз көргендей, қазір ауылда ауызсу тарту жұмысы жүруде. Биыл «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 137 млн. теңге қаражат бөлініп, ауылды толық таза ауызсумен қамтамасыз етпекпіз. Құрылыс жұмысын «КөлсайСтрой» ЖШС қолға алды. Сондай-ақ, ауылға кіреберіске Ілияс атамыздың ескерткішін орнатып, айналасын абаттандыруға, ауыл іргесінен бой көтеретін «Жастар» паркінің құрылысына қаржы қарастырылды. Бүгінде парктің жобасы жасалып, 200-ден астам алма, сирек кездесетін ағаш көшеттері отырғызылды.  Айта кетерлігі, ауыл ішіндегі 5 көше толықтай асфальтталып, жарық шамдар орнатылады. Сонымен бірге, аулалардың қоршаулары жаңартылады, – дейді ауыл әкімі Білісбек Тұрсыннұр.

Әрине, тойды өткізудің бар салмағы Ілиястың туған ауылына түсетіні анық. Десе де, ойтоғандықтар қазірден қамданып, ауласын реттеп, қоршауын түзеп, үйлеріне ауызсу кіргізуде.

Кезінде дүркіреп тұрған ауылдың кейінгі жылдары тіршілігі қиындай түсті. Түрлі себепке байланысты көшіп кетушілердің саны артып, бүгінде мыңға тарта тұрғын, 165 үй қалған. Демек, адам тұрмайтын үйлерді тазалау мен қоршауын қалпына келтіру біраз қиындық тудыратын көрінеді. Оған Ілияс Жансүгіров атындағы қор мен кәсіпкер азаматтар қол ұшын бермекші.

– Қазір көктемгі егіс жұмысының қарбалас кезеңі болғандықтан ауылды абаттандырудың жоспарына толық кірісе алмай тұрмыз. Оның үстіне, егіс алқабының көлемі өткен жылмен салыстырғанда өсе түсті. Мысалы, былтыр 48 гектарға қант қызылшасын сепсек, биыл оның аумағы 150 гектарға өсті. Басқа дақылдың да егіс көлемі көбейді. Тамыз айында «Ислам банкінің қаржыландыруымен аудандағы ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмысы басталады. Осыған орай, Ойтоған ауылына тиесілі 8 шақырымға жуық арық жүйесі жаңартылып, 1,5 мың гектар жер суармалы алқапқа айналады. Бір-екі апта  дала жұмыстары толығымен аяқталды. Сосын ауылды жаңғырту жұмысына кірісеміз, – дейді ауыл әкімі.

Десе де, ауылда көптен бері шешімін таппаған бір мәселе бар. Ол – ауылдық клубтың сын көтермейтіндігі. Кеңес тұсында салынған бір қабатты ғимараттың тозығы жетіп, құлауға жақын. Едендері шіріп, төбесі тозып тұр. 2009 жылы есік-терезесі ғана ауыстырылған. Ауылдың мәдени шараларын өткізуге музыкалық аспаптары да жетпейді, материалдық жағдайы тым жұтаң, қысты гүні ғимаратты жылытудың өзі қиын. Оннан астам үйірме жұмыс істейтін мекемеге үш-ақ штат бөлінген.

– Ауылдық клубтың ғимаратын күрделі жөндеуден өткізудің қажеттілігін бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Оның да өзіндік тәртібі бар көрінеді. Биыл Ілияс атамыздың тойына орай ауылды жаңғырту үшін облыс, аудан басшылары барын салып  жатыр. Сол қатарда ауылдық клубтың ғимаратын да жаңалап берсе, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді зейнеткер Жұмабикеш Қасымбекова.

Ойтоған ауылында 100-ге жуық шаруа қожалығы мыңғыртып мал өсіруде. Олар да: «Ақын тойына үлесімізді қосамыз», – деп құлшынып отыр. «Көп түкірсе, көл толады» дегендей, қоңыр күзде өтетін тойға дейін ақын ауылы жаңа келбетке енбек.

Қажет АНДАС

Мәтіндегі фото - Руслан КАДЫРОВ

Ақсу ауданы

Алматы облысы