Ән салсаң...

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 3182
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Ілияс Жансүгіровтің, Қуат Терібаевтың және Таңжарық Жолдыұлының поэзиясында жырланған, Жамбылмен, Бақтыбаймен айтысқан, Маман-Тұрысбек ауылында айлап өнер көрсеткен, кеше Дәнеш Рақышев, бүгін жерлес әншілеріміз Абылай Қармысов пен Нұржан Жанпейісов әуелетіп әнін салып жүрген, Тәңірберген Қалилаханов, Бексұлтан Нұржекеев  көп жыл зерттеген Әсет Найманбайұлының есімі Жетісу жеріне тікелей қатысты.
Біріншіден, 1920 жылы көрнекті фольклорист Ә. Диваевтың басқаруымен ұйымдастырылған Лепсі, Қапал уездерінен ауыз-әдебиеті үлгілерін жинаған экспедиция мүшелері ел аузынан Әсет ақынның бірнеше өлеңін жазып алған. Экспедиция барысында жиналған жазбалар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы. Онда Әсеттің атақты “Арғынмын, атым Әсет арындаған”, – деп басталатын өлеңі мен “Ақырғы сөзі” де бар. Экспедиция құрамында болған,  Лепсі, Қапал өңірін жақсы білген әрі өнер тақырыбына,  Әсет шығармашылығына  ерекше ден қойған Ілиястың  “Әншіге”, “Тұңғыш тоғысу”, “Әнші” өлеңдерін Әсетке арнап жазғаны мәлім.  
Екінші мәселе, Әсет ақын мен Ілияс Жансүгіров мұрасында ортақ жарияланып келе жатқан бір өлеңге қатысты. «Әсет» кейіннен  “Әнші”  аталып кеткен бұл өлеңді Ілияс баспасөз бетінде тұңғыш рет 1928 жылы «Сағанаққа», 1933 жылғы шығармалар жинағына да енгізді. Әсеттің әншілік, ақындық өнеріне тәнті болған, мұрасына ерекше назар аударған классик өлеңді “Әсет” деп атап,  оған  “Ескі әнші аузынан” деген ескертпе жазған. Бұл өлеңнің кейіннен қанша рет, қандай жинақта, қандай көлемде басылғаны жайлы І. Жансүгіровтің бес томдық шығармалар жинағына, Әсет ақынның 1968 жылғы жинағына жазылған түсініктерде көрсетілген. Әсет мұрасын жинастырып, бастыруға көп тер төккен жазушы Бексұлтан Нұржекеев 1982 жылы “Қазақ әдебиетінің” 15 қаңтардағы санында “Әсеттің екі өлеңі” деген  мақала жариялап, онда Әсеттің Байжігіт елі ішінде өскендігін айтып: «Бұл мәліметтен кейін І. Жансүгіровтің “Әнші” өлеңіндегі мына жолдардың мәні айқындала түссе керек», – деп төмендегі  тармақтарды  келтіреді:
Тауық боп тары тердім 
Найман шалдан,
Найман ел айы туған маңдайшадан.
Үйректей, қаздай қалқып жүрмін жүзіп,
Көл елде, көп жұртымда қыдыр шалған. 
Ары қарай тағы 14 жол өлең мысал келтірілген. “Басқаның бәрін былай қойғанда, Ілекеңнің “Жетісу суреттерін” жазғандағы қолтаңбасы  осы он сегіз жолдық жырда айдан анық сайрап тұрған жоқ па? “Тауық боп тары тердім Найман шалдан” деп Әсеттің бүкіл өмірін бейнелеген. Бұл жолдарды біздіңше І. Жансүгіров қосқан”, – деген қорытынды жасайды жазушы. Ал 1988 жылғы жинаққа жазған кіріспесінде: “Kезінде “Қазақ әдебиеті” газетіне жазған пікіріміз қате болған. “Әнші”   өлеңі бастан- аяқ І. Жансүгіровтің төл шығармасы”, – деген тоқтамға келеді. 1936 жылғы «Социалды Қазақстанда» жарияланған нұсқада ескертпенің болмауы, «Әсеттің» «Әнші» болып өзгеруін кеңестік кертартпа сынның салдарынан, шетел асқандарды Отанын сатқандарға санаған саясаттың сызынан іздегеніміз жөн. Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының  қолжазба  қорында 783-бума, 4-дәптерде “Әсеттің бір жиналыста айтқаны” деген 48 жол өлең бар. Дәптерде: “Найманбаев Әсеттің өлеңдері” жинаған Әбубәкір Диваев және басқалар”, – деп көрсетілген. Мұнда “Әсеттің өлердегі айтқаны”, “Өкіну” тағы бір толғауы және 3 өлеңі берілген.  Әбубәкір Диваев материалдарының мол бөлігі 1920 жылы ұйымдастырылған Жетісу экспедициясында жиналғанын, олардың негізінен жарияланып үлгермей қолжазба күйінде қалғанын, сонымен қатар, Ілияс Жансүгіровтің де осы экспедицияға қатысқанын, оған дейін де  Әсет есіміне  қанықтығын, басында “Әсет”, кейіннен “Әнші” аталған Ілияс өлеңінде Әсеттің де үлесі бар екендігін жоққа шығармайды.
Диваев атынан қолжазба қо-    рына өткізілген бұл өлеңді (жинаған Диваев және басқалар деп көрсетілген) Ілиястың тапсыруы да мүмкін. Ілияс  пен Әсет өлеңінің ара жігін айыруға Ілиястың “Тұңғыш тоғысу” өлеңі кілт болуға тиіс. “Тұңғыш тоғысуда” әнші отырған ауыл суреті, бай үйі, әнқұмар әлеумет суреттеліп, Әсет атынан          22 жол өлең берілген.  
Ілияс поэзиясының бастауында Абайдың ықпалы қандай зор болса, стильдік қалыптасу кезеңінде Әсет мұрасының да игі әсері аз болмаған. Екі ақынға ортақ көркемдік, стильдік ерекшелік, ассонанстық, аллитерациялық, эпитеттік қолданыстар, градациялық дамыта жырлау келісті өрнек тапқан. Сонымен, Ілияс  «Әншіні» Әсеттің өз өлеңінен бастағандықтан, оған “Ескі әнші аузынан” деген ескерту жазған. Қалған 42 жол өлең Ілиястың өнерге деген сүйіспеншілігінен, Әсетке берген бағасынан туған талассыз төл шығармасы. «Құлагерде» де Ақанның  әнін кейіпкер сөзі ретінде толық енгізеді. 
Әсет әніне жас кезінен тәнті болып, алғаш «Әншіге»  өлеңін арнаған Ілиястың 1928 жылы Мәскеудің журналистика институтын бітіріп келгенде әдебиет, өнер жайындағы танымы мен талғамы өсті. Әсеттің ақындығы мен әншілігін көрсетудің бір түрі (формасы) ретінде алдымен өнерпаздың өзін сөйлетіп,  түйінін, бағасын соңынан берген. Сөйтіп әншінің өзі туралы берген мағлұматтары мен тыңдаушының алған әсері бір өлең аясында қабысып, кірігіп кеткен. Ә. Диваев, М. Әуезов, С.Мұқанов, А. Жұбанов, Қ. Мұхамедханов, С. Ордалиев Әсеттікі деп келген өлең кейіннен “Әнші” болып архитектоникалық үйлесім тапқан төл туынды.
Үшінші ақынды Жетісу жерімен де, елімен де жақындастыратын Әсет пен Бақтыбайдың айтысы. Тек айтыстан бізге жеткені үзінді ғана. Айтысты ел арасына Әсет ақын өзі таратса керек. Айтыстың Садыр Жақанбайдың асында болғандығын, сонда: 
Бақтыбай ақыны бар, үйсін асқан,
Қапалға, Басқан, Сарқан лебіз шашқан, – деп Бақтыбай ақынмен айтысқандығын қысқа таныстырып өтеді.  Әсет ақынның авторлық кіріспесі айтыстың бас аяғын жинақтап, бір композициялық жүйеге бағындырып мазмұн мен түрі қиысқан жұп-жұмыр желілі жыр туғызған.  Әсет ақын айтыс болған жер жайлы анық айтады. Әсет пен Бақтыбай айтысының Лепсі өзенінің бойындағы Мұқаншының жалпақ сазында «Аяқкөл» деген жерде өткенін ел аузындағы естеліктер де растай  түседі. Аяқкөл – Талдықорған өңірі,  Қабанбай аймағындағы  жер.  Айтыстың жоралғысына орай  жасы үлкен ақын ретінде Бақтыбай бастайды. Ел аузындағы естеліктерде Әсет пен Бақтыбай үстіне кілем төселген мая үстінде отырып айтысыпты. Жас та жалынды Әсеттің әсерлі әуенімен қоса, әдемі сөздері де құлағына ұнаған астағы адамдар Әсеттің кезегінде шуылдап қол соғып, қолпаштай беріпті. Әсеттің Бақтыбайды ықтырып бара жатқанын сезген Жәлменде би мая үстінде түрегеп тұрып, ұрандап қоя беріпті. Айтыстың аяғы насырға шауып бара жатқанын сезген Маман мен Есімбек ұлдары Құдайберген, Қожабектер айтысты тоқтатып: Бақаң жеңді”, – деп жариялайды. Ысмағұлұлы Жамали ақсақалдан халық ақыны Мұқаш Байбатыров жазып алған естелікте: Бақтыбай мен Әсет айтыса отырып бір сөзінде Бақтыбай: «Төрт мағрұп періште құдайға қызмет істейді», – деп шатасады. Сонда Әсет: – Сен исламның дінінен шықтың, төрт періште құдайға қызмет қылады дедің”, – дейді. Тағы бір сөзінде Бақтыбай Найманның басты адамдарын атап, өзіне тарап қып мақтайды. Сонда Әсет: “Тағы да адастыңыз Арғын – Найман – бір туысқан, орта жүзді мен айтуыма болады, ал сіз – үйсіннің ақынысыз”, – дейді. Әсет Құраннан мағына сұрайды. Сонда Маман Тұрысбектің балалары Жәлменденің көңілін аулап, Бақаң жеңді деп ұрандап, тізе көрсетіп, жүріп кетеді. Жұрт жеңіс Әсеттікі болды десті. Қанағат, Байбатыр болыстар үйсіннің атын тарттың деп Әсетті ала-мала өкпелеп кетіп қалады», – деп айтып кетіпті.  Әсет ақынның толғап, термелеп айтатын мәнері өзге де айтыстарында бар.  Мұқаш Байбатыров жазбасындағы Әсет жауабы 1988 жылғы жинақта “Майда қоңыр” әнінің сөзі ретінде де берілген. Бұл – ауыз әдебиетінде, импровизацияда кездесетін құбылыс. 
Төртіншіден, Әсет мұрасының бүгінге жетуіне мол үлес қосқан  жетісулық Қуат Терібаев пен Бейсетбай Бейсебаев екендігі. «Әсеттің Кемпірбаймен қоштасуының», «Рысжанмен айтысының»  толық әрі көркем нұсқасын, Толғанбай, Тайкөт ақындардың  әртүрлі шығармаларын қолжазба қорына  Бейсетбай Бейсебаев  Ақсу ауданы, Қосағаш ауылынан тапсырады. Молықбай қобызшы, ақын Сарамен  аталас Бейсетбай Бейсебаев нұсқасы Мұхтар  Әуезов атындағы Әдебиет  және өнер институтының қолжазбалар  қорында сақтаулы.    
Сондай-ақ, Әсет жырлаған Пушкиннің “Евгений Онегинінің”  бірнеше нұсқасының алғаш Ақсу өңірінен табылуы да ақынның Жетісу жерінде аз болмағанының айғағы болса керек. 1936 жылы 1 мамырда “Социалды Қазақстанда”: «Пушкиннің “Евгений Онегинінің” қазақ тіліндегі бұл вариантының аударушысы белгісіз.  Алматы облысы, Ақсу ауданындағы “Сталин” колхозының мүшесі Шарипов жолдастың айтуымен жазылып алынды. Сол күйінде өзгертілмей басылып отыр, әзірге бұл шығарманың иесі мәлімсіз», – деп жазды газет. Бұл нұсқа  Есім Байболовқа  Шәріпов  деген   кісінің айтып беруі бойынша жарияланған. Ал сол жылдың 26 маусымы күнгі мақаласында Балташ Ысқақов: “Евгений Онегин” романының соңғы үлгісін аударушылар Әсет пен Әбіш екендігі анықталды. Әсет пен Әбіш жайын білетін Ақсу ауданының азаматы Шынасылов Шамайдың айтуына қарағанда, “Евгений Онегин” романының мазмұнын естіп, өлеңмен өңдеп жазған Әсет әнші және нағыз оригиналынан аударушы Әбіш еді. Әсеттің замандас құрбысы Әбіш деген болған. Әбішпен бірге жүріп көп жолдас болған. Әбіш бұрынғы Лепсі уезі  начальнигінің тілмашы», – деп жазды. 
Жинақтағы екінші нұсқа «Онегин мен Татьянаның әңгімелері» деп аталады. Бұл аударма Ақсу ауданындағы “Шадай” ұжымшарының мүшесі Торыбаев жолдастың аузынан жазылып алынды. Ол 1911 жылы Әсет ақыннан үйренген екен. «Біз де  сол күйінде басып отырмыз» деген ескертпесі бар. Торыбаев деп аталған адам ақсулық ақын Қуат Терібаев болатын. 
Әсеттің ән мұрасының халық арасына кең таралуына әрі музыкалық мәдениетіміздің алтын қорына қосылуына зор үлесін қосқан Дәнеш Рақышев екендігін бөле-жара айтуға тиіспіз. Әсеттің халыққа айрықша танымал «Інжу-маржан», «Қисмет», «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Қоңыр қаз» тәрізді әндері дәстүрлі әншілер репертуарынан мол орын алған классикалық туындылар. Әсеттің сөзден бал тамызар шешендігін, суреткерлігін, маржан сөзді нөсерлете төгетін асқақ шабыты мен ақындық қуатын танытатын әндерінің бірі – «Қисметте» шалқар шабыт пен сұлу әуен, сырлы сөз үйлесімділік тапқан.
“Інжу-маржан” әні – классикалық Арқа дәстүріндегі шығарма. Бұл әннің құбылыс-мәнері таза Ақан машығында. Ал Арқа әншілік дәстүрінің биігінен қарағанда “Мақпал”, ”Қаракөз” әндері Жетісу өңірінің фольклорлық дәстүрі ортасында туып, қалыптасты деуге болады. Бекболат Тілеухан:  «Асқан әнші Д. Рақышевтің орындауындағы «Аңшының әнін» Үкілі Ыбырайға теліп жүрміз. Үкілі Ыбырай Арқа дәстүріндегі тұлға. Бұл дәстүрде бүгінге дейін қаншама орындаушылардың үні жетті: Әміре, Қали, Игібай, Жүсіпбек, Манарбек, Байғабыл. Бұл ән сол өңірде туа тұрып, соншама әншілердің назарынан тыс қалып, сұлу да айшықты, екпінді де асқақ туындының бағы қайдан ғана қиыр шығысымыздағы Дәнештің еншісіне тиді дейтін қисынды сауал тууы заңды. Затаевич еңбектерінен соң осы әннің артынан шырақ алып түстік. Таппадық… Әннің шырқау тұсы  Әсет стиліндегі ақындық, әуендік иірім де, домбыраның бас пернелері жағынан сүйемелденетін баяны – кәдімгі Жетісудың таза речитативті әуенінің иірімі. Қиссасына қарасаң ән – Әсет дәстүрінің жемісі»,–дейді. Әсетті Арқа мен Жетісудың, Алтайдың ән өнерін тел меңгерген аралық дәстүр өкілі деп бағалау жөн.
Әсет әндерінің сөз өрнегі әуен сазымен шебер ұштасуымен қатар, мән-мағынасы терең, әсерлі де асқақ. «Әуелетіп ән салса әнші Әсет, Аққуменен аспанда жер тілдеседі», «Әсеттей сал ән салсаң әсерлетіп, Қоздырып делебені дәсерлетіп», – деген  өршіл пафос әннің  ел ішіне сан алуан өрнегімен тарауына жол ашқаны анық. 
Әсет әндерін алғаш  жинақ етіп құрастырған – Қарала Жүзбасов. Ол 50-ге жуық ән-әуенді нотасымен жариялады. Әсет әншілігіне берілген баға – ақынның ән өнерінде шыққан биігіне берілген баға.  Академик Ахмет Жұбанов: “Әр әншінің өзіне тән музыкалық ерекшелігі барындай Әсеттің де өз почеркі бар, орындауы келіссе Әсет әні – сахна сәнінің бірі”, – десе,  жерлесіміз Дәнеш Рақышев: “Әсет әнін үйренгенде оның әрбір әнінің сипат-сынына, ойлылығымен орындалу шеберлігіне ерекше ден қойғандығым  еді”, – деп бағалайды. Әсет өзінің бойындағы  ақындық, әншілік қасиеттерге өзі де баға беріп кеткен.
Ән басып, мейірін қандыр салғандай ғып,
Үйреніп жастар ғибрат алғандай ғып.
Тәтті әннің арасына асыл сөзді,
Тоқысаң меруерт пен маржандай ғып.
Әсет ақын мұрасының ел аузынан жиналуына, зерттелуіне көп еңбек сіңірген,  облыстық, республикалық баспасөзде бірнеше рет Әсет мұрасына, Жетісу тарихына арналған өзекті мақалаларын жариялап, «Әсет» атты радио драма жазған Тәңірберген Қалилаханов ақсақал еді. 
Әсет Лепсі өзені бойында отырған Ғаппаридың отбасымен таныс болған, жиі араласқан. Ғаппари 1914 жылы Шығыс Түркістанға өтіп, Құлжа ауданын мекен еткен. Әсет Құлжаға келіп сауық құрып жүрген күндерінің бірінде ескі досы Ғаппари қажының үйіне арнайы ат басын бұрады. Әсеттің сол Ғаппаридың (қазақтар Афари қажы дейді, шын аты Ғабдұлбари) үйінде:
Алмасты мүсәтір деп сатып алдым,
Дерт шалып өне бойды  жатып алдым.
Алладан тура келсе, арманым не,
Ажалды бес теңгеге сатып алдым.
Ажалды ойламаған сорлы басым,
Дүрмекке елтіп жүріп қапы қалдым, – деп, аңдаусызда ажал тырнағына ілінгені баршаға аян.
 
Сайлау  Қожағұлов,    
І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  доценті.