Шындықты сүю шеберлігі

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1411
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Бізде әдебиеттегі кешенді мотивтердің өміршеңдік қуатының күштілігін талай сыншыларымыз айтып та жүр. Тегі, мейлі, қай дәуірде қай ағым құзыретін жүргізсін, әлемдік деңгейде қалыптасқан түрлі тұрақты мотивтер жойылмайды. Керісінше болғанда мейлінше салаланып, тармақтанып мың тарау ертегіге өзек бола бермегі хақ. Бұл жерде әрқайсысын жекелей ежіктей айтудың өзі артық. Осы бір мәселе төңірегінде тоқталғанда бірде шығарма бағдаршамындай жарқ етіп кеудеңе рұқсатыңсыз еніп, ары қарай ұзын-сонарға жол сілтеп тұратын  әлде бірде тұтас шығарманың өзі болып  күмбірлеп сөйлеп беретін тақырыптың да қайталана беретіні сондайлық заңдылық. Сол үшін де ешкімнің бұған таласы болмасы анық. Мәселе сол тақырыпты кім қалай аша алатынында. Осы тұрғыдан келгенде нағыз суреткерліктің өзі өмірдің сан қырлы нақыштарына ісін сүйген бәдізші боп үңіліп, зергердей көздің жауын алатын зерлі жіпке айналдыру болса керек.
Мен үшін қазіргі қазақ прозасында өзіндік стилімен, дара талғамымен көзге түсіп, «жазушы» деген киелі де машақаты мол атақты иеленуге қақылы екенін мойындата алған Айгүл Кемелбаева, әне, сондай үлкен суреткерлігімен өзгелерінен оқшауланып тұрады. Әдебиетте «қалыптасып қалған жазушы» деп айтудың шығармашылық иесі үшін жасалған қиянаттың үлкені екенін аңғарсақ, бұл біздің өсетінімізден болмақ. 
Осыдан бірер жыл бұрын «Ұлт» порталында бір ғажап әңгімеге жолыққаным бар. Тебенін жоғалтқан бәз бір әженің кеспірі деймін. Ыждағаттықпен тәпсірлей оқып, талықпай қайталай бергенмін. Оқиғасы мәлім. Мотиві де. Тіпті, көптеген сюжеттері де көкірек сарайыңдағы баяғы мүсінін бұзбаған қалпы. Бірақ мен соған қарамай оқи берген болар ем. Неге дейсіз ғой?! Осындайда орыстың ұлы жазушысы Тургенев аңшылық туралы әңгімесін қалайда тыңдауың керектігін қалай ұқтыра қоюшы еді, ә?! Былай дейтін: «Айталық, сіз аңшы болып тумаған екенсіз, дегенмен табиғатты, еркіндікті сүйеді екенсіз, олай болса, сіздер, аңшылардың ісіне қызықпай тұра алмайсыз... тыңдай беріңіз». Жай айтыла салмағанын бағамдаған боларсыз. Шындықты сүйеді екенсіз, сіз де тыңдай отырыңыз! 
Бұл ғасырдан екі ғасыр ілгері болған дақпыртты уақиғаның арада жылдар керуенін оздырып, 1912 жылы  Шәкәрім Құдайбердіұлының қайта жаңғыртуымен сол дәуір үшін де, күні бүгінге дейін де ғажайып туындыға айналып, өз міндетін толығымен адақтай алған «Қалқаман – Мамыр» поэмасы  тағы да араға тура бір ғасыр салып жазушы Айгүл Кемелбаеваның «Көкенай мен Қалқаман»  атты әңгімесіне айналған. Оқи отырып сан мәрте қайырылып әлдебір ауыр ойларға батасың. «Неге» дейтін сұрақ неге мазаңды алатыны белгісіз. Сосын да поэмаға бір, бас-аяғы жинақы әңгімеге бір жалтақтай бересің! 
Мені алғаш таңырқатқан «Қалқаман – Мамыр» поэмасындағы қатардағы персонаждың, анығында, Көкенайдың  Кемелбаева шығармашылығындағы орнының биіктеп кеткені. Тіптен «Көкенай мен Қалқаманға» айнала алуы-тын. Әрине, бұдан күтпеген ақтық шешім қабылданбады ма екен деген көмескі үміт жылт ете қалады. 
Беташар сөзі бірден түс көру кеңістігінен (грекше оneiros) басталады.  «Ол бұғаз мойнақ су соқпақпен көкжиекке бұлдырай асып барады. Ат басын жабумен тұтас орап тастаған». Осы сөйлемнен-ақ жазушының кейіпкермен бірге ұзақ дайындықтан өткенін бағамдай бересіз. Іштей сіз де тыңнан қоныс шалушыдай шұқшия түскен болар едіңіз! 
Сайын дала төсінде атүсті ғұмыр кешіп әдеттенген Қалқаман мен алғадай – Итбақаның дағдылы бір аялында дуадақ ғұмыр иесі диуананың жолығуы әсте кездейсоқтық болмаса ләзім. Көріпкелдік қасиетке ие осы бір кезбе жанның шығарма кейіпкеріне айналуы – интеллектуалдылықтың жоғарғы деңгейін паш етеді. Оған дәлел ретінде мына бір сөйлемдерін атай кетпекпіз. «Нысаналы ұлсыңдар. Жігіттің сырттаны болған соң ажаға бағынғың жоқ, содан тартасыңдар. Бөстек бұйырмай, томар жастана, үйірінен айырылған саяқ құландай кісінеп күн кешерсіңдер». Ажа – әміршіге бағынбаудың кесірінің молдығын айта келіп Қалқаманға қадалып тағы бүй дейтіні бар. «Ғизатлым, бір рудың ішінде аталы ұлсың. Бозшола көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді. Қорқыт жаққан шырақтай кейінгіге атың ұмытылмас. Іш күйінбекке шыдас бер». Келешегінің қалай болатынын болжап қана тұрмағаны, қайта осы сөзімнен ғибарат алса екен деген ақжарма тілек бар.  Ғажап емес пе?! Түптің-түбінде жан дертінің, тағдыр тәлкегінің баянсыз махаббаттан, көзсіз ғашықтықтан болатынын ескертіп тұрмай ма? Сонымен қатар алмағайып заман туып, ер етікпен су кешіп, арғымақ ат ауыздықпен су ішер аласапыран кезеңнің тым-тым алыс емес екенін де асқан сұңғылалықпен болжап береді.  «Ауған елдің басы айналар. Өліспеген көрісер. Тай жүзген сабаларың қайда? Қара кістен туырлығың қайда? Қара Ертіс, Есіл-Нұрада қалды ма, қопарыла көшкен соң? Жортуыл басы жолда қалар, соғысты мұрат көрген соң жалғаншы жоңғардың шегін ит тартар. Жер бетіне әлі алғашқы із түспей тұрып, көкте айғыз жол шоқ жұлдыздың жарығынан Тәңірімді жад еттім. Анау пірлерім жатқан Түркістанда қорым барын ұмытпа. Адам ғапіл. Бекзаттың түбі сонда болар. Тізіле ұшқанда жасын тиіп, көк аспаннан қара жерге саулап өлген жүз қаралы қаздың жетпісін көріп, алтын жебеге сұқтандым! Қазақты қалмақ әлі қынадай қырады. Қырық жылда момынға да бір зауал» өткен дәуірлер талқысында  кім болғаныңды бағамдайсың да, енді кім болар екем деп құдды  сол заманға шындап еніп кеткендей алаңыт күй кешесің.  Сол сәтте жазушы оқырманын мұрапша жетелеп, кең айдынға ұласар жолды нұсқап береді. Ары қарай поэмадағыдай Қалқаман мен Мамырдың жолығуы,  сол жолығудан тұтанған ғашықтық ұлғаюы, онан ары ата-баба заңына қайшы екенін біле тұрып Мамырды Қалқаманның алып қашып, өз жұрты алдында әділдік күтуі болсын бәрі-бәрі дастандағыдай ұқсас сюжеттерге құрылғаны шындық. Алайда артықшылығы жазушы кейіпкерлер бойындағы өзгерісті жіті бақылап, басқаша сомдап отырады. Мысалға, Мамырдың бойжеткендігін мына бір тамаша сурет арқылы көкейге қонымды етіп, қаздай қондыра қояды.  «Тырнауыздың үстінен ұшқан жыл құсы Қап тауынан асып, шалғайдағы Сыр бойына бауырын жазып қонғалы Байғазының Мамыры алабөтен өзгерді. Қопалы көлде аққу-қаз балапаны тегіс суық түскенше ене бауырынан бөлінбейді. Енеден екі елі ажырамай, жылы жаққа қоса ұшып кететін аққудың көгілдірі сияқты Мамыр қыз әлі оң жақта отырған». Қазақы ұғымда аққу-қаздың бойындағы ерекше нәзіктік пен өзгеше сұлулықты  қыз болмысынан бөле қарау мүмкін емес. Соны жете түсінген қаламгер «Суреткердің шеберлігі дегеніміз – ең алдымен өмірді бақылау және ұғу шеберлігі» (Константин Федин) екенін ерте бағамдаған. 
Әңгімеде үлкендер көрші ауылға кеткен сәтінде бастаңғы жасалып, онда ауылдың кілең жастары жиналады. Осы орайда екі жастың – Қалқаман мен Мамырдың бір-біріне жарасқан жұп екені  «Қалқаманның бөркіндегі үкінің бауыр жүніне қыздың тақиясы қосарланды» деген тамаша суреттеу арқылы астарлап беріледі. Бұл сәтте Мамыр бойынан қазақ қызына тән ұяңдықтан гөрі өжеттікті байқайсыз. Оның себебі (мүмкін бұл автордың кейіпкерін ақтап алуы болар) Қалқаманның Жүсіптей көрікті болғандығында. Енді ойлап көріңіз! «Жүсіп-Злиха»  ғашықтық жырындағы мына бір сюжет еске түседі. Жүсіп пайғампардың адам тойғысыз көріктілігіне мастанған әйелдердің байқамай өз қолдарын турап алатыны. Ендеше, Мамырдың жігіт алдында бірінші боп шешім қабылдауы иланарлық. Келесі бір аралық сюжеттерге назар салыңызшы! «Қара аспанды бұлт керуен тұтас торлап, жарқ-жұрқ жай отымен жер жаһанды жасқайды. Бұршақ аралас жаңбыр құйды. Кенет бұлт ішіндегі бұлқынған аждаһадай найзағай ұшқыны тиіп, өліп кетсе-дағы қыз асық сезімге шала мас» немесе «Қаратаудың Шуға құлар бөктерінде көшіп-қонып жүрген орта жүз рулары жаздың албырт шағына ілікті. Көкек үні түн ауа күшейеді» бұған қарап адам жанының қат-қабат қыртысында жатқан тұла бойға симастай кілтең сәттерде ғана түрегелетін бір құдіретті күштің бар екеніне күмәнданбайсың. Осыдан кейін-ақ оқиғаның қалай өрістейтінін іштей түйсінесің. Қалқаманның Мамырсыз күні қараң екенін біліп, «селк ете түсуі» соны ұғындыратындай. Бұл жай «селк ете түсу» ме? Жоқ. Бұл автордың алда болатын тосын жайдан хабардар етіп, оқырманын ширықтыра түсуі. Уағдалы жерде жолығып, көңіл жарастырғанын білген ел іші берекесінен айырылады.
Қатал да қатыгез Көкенай батырдың «қос есірікті» біржолата тыям деп қатал үкім шығаруының екі себебі болған. Оның бірі Әз-Тәуке ханның ата заңын берік ұстанғанынан болса, енді бірі  сол берік ұстанымды қорғау жолында айнымау үшін қынабын уысында ұстап серт беруі. «Батырдың серті қылышында» екені бізге батырлар жыры арқылы ертеден белгілі. Алайда, құралайды көзден атар Көкенай баһадүрдің «Оқ байлау» жазасына кесілген Қалқаманды мерт қыла алмауының себебі неде деген сұрақ туындайтыны анық. Бәлки, ел көсемі боп жұртының жоғын жоқтаған Әнет бабаның ақылын жерге тастамағанынан, бәлки, ат сүйек беріп ажалдан алып қалған Итбақаның дәтіне құлақ түргенінен...  Біздіңше, мұның жауабы Көкенайдың кейінгі зұлматты жылдарда жоңғардың алапат тасқынды күшіне толарсақтан қан кешіп, қу толағай жастана жүріп елін қорғаған ерен ерліктері болса керек. 
Жазушы көздеген көмбесіне жету үшін нақты дәлелдер жинаудың қажеттілігін ұғынады. Көкенайдың «Еркек тоқты құрбандық» дегенге саятын қатқыл шешімінің бекер айтылмағанын өзінің өшпестей етіп қалдырған ерлік жолдары арқылы дәлелдеп береді. «1723 жылы ұзын аққан Сырдарияның Ақтал, Қаратал, майдан тоғысқан жерде орта жүздің бес мың әскерімен Көкенай шеп құрып, қазақ елі Қаратаудан асып, қатерден бас сауғалай көк Жайық батыс бетке үркіп кеткенше бір ай соғысып, асқынған жауды уысында ұстап тұрды. Қан майданда Көкенайдың алты ұлы, Әнет бабаның бес ұлы өлді». Сонымен қатар, майдан даласында қауқары қайтып,  кеуде тұсында аз ғана ғұмыры қалған Әнет бабаны (сол кезде тоқсан жетіде болған деседі) кейіннен мұрсат болғанда жау табанында қалдырмай, Түркістан шаһарына жерлеуі – нағыз ерліктің дастаны.
Шығарма атының «Көкенай мен Қалқаман» деп қойылуы, онан қала берді «Бір қыз үшін Қалқаман елден кеткен» деген ақын сөзін эпиграфқа алуы бізге бұл оқиғаға басқаша қарау керектігін ескертетіндей. Мұнда табиғат суреті, адам кескіні, тағы басқа компоненттердің аздап кездесуі – шығарманың өн бойындағы психологиялық штрихтардың молдығынан деп білеміз. Бұл бүкіл оқиғаның тартысын молайтып, шешімін әріге тастайды. Әрі композициялық құрлымының шағындығымен дараланады. Міне, бұл қысқа жазу шеберлігі деп білгеніміз құба-құп! Ал қысқа жазу шеберлігін де Максим Горький өмірді жақсы білудің белгісі деген көрінеді. 
«Дәлелсіз мадақпен, дәлелсіз жазғырудың өрісі тар» (З. Серікқалиев) деген пікірге құлақ ассақ, ішінара сөз қолданыстағы қателіктердің барлығы да бұлтартпас ақиқат. Мәселен, «ол ит тұмсығы өтпес шытырман алма бақтары тау арасын жөргектей ораған жалпақ жасыл белдеуге таянған». Мұндағы «жөргек» сөзі мейлі қандай мағынада қолдансын жалпақ жасыл белдеуге ешбір реңктік мағына үстей алмайды. Олай дейтініміз де, «жөргектей сарғайған дала» деп келетінін көп шығармалардан көзіміз жиі шалған.  Жазушы енді бірде «Ер-тоқымсыз ереуіл атқа қоржынның қос басын теңдеп, тәуекелшіл әпкесі бір баладан дереу беріп жіберді»  деп жазады. Асылы, атқа қоржын салса керек. «Салу», «бөктеру» сөздері атқа қарата айтылса, «теңдеу», «арту» сөздері көбінесе түйе малына қаратыла айтылады.  Осы қапталдан келгенімізде, түйеге жүк басуға болмайтынындай. Атқа да қоржын теңдей алмаймыз. 
Бұл біздің Айгүл Кемалбаева қаламынан туған «Көкенай мен Қалқаман» әңгімесі төңірегіндегі азды-көпті түйгеніміз. Дәстүр топырағына мейлінше еркін бойлап, тереңнен нәр алған  ұлттық бояуы қанық сүйекті шығармалардың дүниеге әлі талайы келетініне шүбәсіз сенеміз.
Қозыбай ҚҰРМАН.