Өткен күнде белгі бар (әңгіме)

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1460
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Иә, өткен күнде белгі бар. Әсілі осы дұрыс айтылған сөз. Өткен күн деген білген жанға жазылып бітіп, қаттаулы тұрған кітап секілді. Сол көңіл кітабын парақта да, қажетті жерін ой сәулесімен ашып, оқи бер, оқи бер. Өткен күндер сұлбасы сағымдана елес беріп, тіпті сәлден соң тіл бітіп, сөйлеп қоя бермесіне кім кепіл?!
Балалық шақ, бал дәурен күндер, одан кейінгі бозбалалық, есею жылдары дерліктей Кеңес өкіметінің аясында өтті. Қызыл қоғамның барлық басқыштарынан өттім. Октябрят, пионер, комсомол, одан кейін коммунист болдым. 
Әкем ұжымшарда алдыңғы қатарлы шопан еді. О заманда мал жағалағандар онша көп қинала қоймайтын. Өкіметтің көп-көп жеңілдіктері болушы еді. Осы жеңілдіктің шарапаты маған да тиді. Он жылдықты бітірген жылы әкем мұғалімдерді жайлауға шақырып, келістіріп тұрып, қонақ етті. Арғы жағы белгілі, куәліктегі бағаның бәрі өзгеріп шыға келді. Екі-үш деген бағалар қызыл судың ағынына кеткендей болып, кілең төрт пен бестіктер самсап, дария бетінде қалқыды. Төртінен бесі көп.
– Әкесі Рахмет бүкіл өмірі мал соңында өткен адам. Оны өздерің де жақсы білесіңдер. Енді баласы болса да оқысын. Тұқымымен мал қуалап кеткені бола қоймас, – деп мектеп директоры уәж білдіріп еді, өзгелері әрең шыдап отыр екен. Ұйтқып соққан желге жаппай сабдырлап, үн қатқан үкілі қамыстай болып, қоштап шыға келді.
– Директор дұрыс айтады.
– Рекеңнің баласына тек жақсы бағалар ғана жарасады.
– Қызыл куәлік берсе де болады. Әкесі малшы ғой...
– Осы да жөн сөз.
– Жоқ, ол бола қоймас.
– Қызыл болмаса да, соған жақындатып қоялық...
Осымен куәлік түзеліп, малшы баласы деген желеумен оқуға да түстім. Студенттік жылдар да сынаптай сырғып, өте шықты. Ауыл мұғалімі болып шыға келдім.
Бір күні мектеп директоры Байсалбай сол күнгі сабағым бітісімен өз кеңсесіне шақырып алды.
– Бала, сенің қызметің сәл жоғарылағалы тұр, – деді.
Елең ете қалдым. 
– Ол не қызмет?
Мектеп директоры енді тіптен маңғаздана түсті.
– Сен, – деді темекісін бұрқыратып, – Кеңес өкіметінің шарапатының арқасында өзіңше өріс ашып, жаңа мекеменің кілтіне ие болғалы тұрсың. Ай жаңасынан бастап, кешкі мектеп ашылады. Өкіметтің пәрмені бойынша, елу жасқа дейінгінің бәрі орта білімді болуы тиіс. Жоспар керек, жоспар. Сол жоспарды біз орындамағанда кім орындайды?
– Иә, айта беріңіз?
– Айтса былай, сен сол кешкі мектептің меңгерушісі боласың.
– Меңгеруші?
– Иә, бастығы боласың!
– Әскери дайындық, дене, тағы бір сабақтар болмайды. Қалғанының бәрі бар. Ақшасы күндізгімен бірдей...
– Мен, оның мәнісін, былайша айтқанда не істейтінімді біле қояр ма екем?
– Үйретеміз...
Бұған не дерсің. Істемеймін деу қызыл мизамның заңына теріс келгендік болады. Мен келістім. Ол қуанып кетті...
– Міне, нағыз ұстаз. Шын коммунист адам осындай болуы керек. Әкеңді де қуантқанымыз жөн болар. Осы демалыста барып та қалармыз...
Демалыс күн де келіп жетті. Рақаңды да қуанттық.
Байсалбай бет-аузы тырысқан, тышқан көз, құйтақандай ғана сіріңке қара жігіт. Іске мығым. Шалдырмайды. Нағыз тіс қаққанның өзі. Тілі де майда, лыпып тұр.
– Рақа, қуана беріңіз, балаңыздың қызметін өсіріп қойдым. Кешкі мектептің бастығы болып сайланды, – деп еді әкем сылқ ете түсті.
– Айналайын, аузыңа май қарағым, – деді қуанышын жасыра алмай, – әуелі партия, одан кейін саған рахмет. Осы екеуің аман болсаң, біз қуанбағанда кім қуанады...
– Қызыл өкімет әлі талай қуантады, – деді директор іле сөйлеп, – балаңыз әлі өседі. Ауыл асып, аудан, тіпті облыс кетуі де мүмкін...
Балаңыздың қызметі өседі, бастық болады дегенге қай қазақ қуанбасын. Әкем момын, адал адам еді. Қуанғаннан аузына жөнді сөз түспей, өңі күреңітіп, долырып кетті.
Бір кепенің етін жеп, бір кепенің етін қоржынға салып, кері қайттық. Бәріміздің де ішкі есебіміз түгел...
«Кешкі мектеп ашылыпты. Асылбек соның бастығы болып сайланыпты», – деген хабар аядай ауылды лезде шарлап шықты. Қолыма қалың журнал ұстап, үйді-үйді қоймай, бүкіл ауылды тегіс аралап шықтым. Елу жасқа дейінгілердің ішінде мектеп бітірмегендер тіптен көп екен. Екі үйдің бірінен табылады.
– Өздеріңізде естіген боларсыздар, – деймін ұғынықты тіл қатып, – ауылда кешкі мектеп ашылды. 
– Е, ашылса ашылған шығар, – дейді олар керіге тіл қатып, – енді бізге оқы, молда бол демексің бе?
– Оқисыздар, оқытамыз.
– Кімді, мына бізді ме?
– Иә, тап сіздерді оқытамыз.
– Күнім-ау, – дейді әлгі тыңдаушылар біреу қолтығына қол салып, қытықтағандай сықылықтай күліп, – мына бізді оқытпақпысыңдар?
– Иә, дәл осы тұрған сіздерді оқытамыз.
– Қой, қарағым, – дейді енді олар сырт беріп, – жасымыздың елуге толмағаны рас. Оның есесіне бес-алты баламыз бар.
– Бала құдай бергеннің бәрінде бар. Бірақ жасыңыздың елуге толмауы себепті оқисыз. Өкіметке жоспар керек, жоспар. Сіз соны түсініңіз.
– Тек сол жоспарды орындау үшін оқуымыз керек пе?
– Әрине, ол жағы да бар...
– Ал, оқыдық делік. Куәлікті де алдық. Одан кейін қайда барамыз?
Мен қолды бір-ақ сілтеймін.
– Ол өз еріктеріңізде. Кім қайда барады, өз еркі. Онда ешкімнің де, тіпті партияның да, өкіметтің де шаруасы шамалы. Біз жоспарды орындасақ болғаны. Сол үшін оқисыздар...
Қол сілтеу жағы енді оларға ауысады.
– Құрысын, қойшы сөзді көбейтпей, – дейді қолды бір сілтеп, – жазсаң жаза салшы. Иә, оқимыз. Балаларымызбен, тіпті немерелерімізбен қағаз, қаламға таласып тұрып, бәсекелесіп оқимыз. Әй, күнделікті кілең беске толтырып, қызыл куәлік алмасақ па, тұра тұр бәлем. Ал, болды ма?
– Болды. Сіз нақ айтып тұрсыз. Егер өте жақсы оқысаңыз, қызыл куәлікті де аласыз. 
– Алтыннан медаль тағады екенбіз ғой...
– Бұйырса ол да болады...
Осы тақылеттес сөздерді бір үйден емес, талай үйден естідім. Оқымаймын дегендер де табылды. Бірақ бізге жоспар керек қой, жоспар. Сол жоспарды орындау үшін кімнің болсын оқымаймын, қартайдым, аурумын дегеніне қарамай, бәрін де оқуға көндіріп, тізімге алып шықтым.
Бүкіл өтілуге тиіс пәндер екі-үш мұғалімге ғана берілді. 
Директор: 
– Әйтеуір, қағаз жағы мұздай болсын. Оқу жоспары, сабақ кестесі жасалсын. Ең негізгісі журнал тап-таза әрі әйбат толтырылсын. Тиесілі күні өтілуге тиісті мәтінді жазып, бағаны жыпырлатып қоя беріңдер. Ара-тұра кейбіреуіне жоқ деп те қойыңдар. Кілең үш болып кетпесін. Бір-екеуін қызыл куәлікке әзірлеңдер. Бәрі табиғи қалпында болсын, – деді. 
Біз директордың айтқанын айнытпай істедік. Уақыт өтіп жатты. Журнал қаз- қалпында толтырылып, ақшамызды өз мезетінде алып жаттық. Құлақ та тыныш, құдағи да тыныш, әншейін бір бейқам, беймарал шақтың туғаны анық еді. 
Бір күні директор келсін дегесін, өтіп жатқан сабағымды тастап, бөлмесіне бардым. Директор жалғыз екен. Үстелінің үстінде бір парақ қағаз жатыр. Өзі көңілді көрінді. 
– Мына қағазды көрдің бе? – деді маған иегімен әлгі қағазды нұсқап.
– Иә, көрдім.
– Көрсең сол, бұл партияның білім саласын жетілдіру мақсатында шығарған жаңа қаулысы.
– Иә, сонымен.
– Енді, – деді ол маған тышқан көздерін тіктей қарап, – сенің бұрынғыдан арман жұмыс істеуіңе тура келіп тұр. 
– Иә, істейік.
– Істегені сол, бұрын сен тек қана кешкі мектептің бастығы едің. Енді оған сырттай оқу қосылды. Иә, кәдімгі оқудың бір түрі. Жоғары оқу орындары, институттар сырттай оқытпаушы ма еді.
– Иә, иә.
– Бұл да сол тақылеттес. Енді елуден асқандар да міндетті түрде сырттай оқып, орта білім алатын болады. Адамдардың жасына шек қойылмайды, алпыс болсын, жетпіс болсын, бәрінің де оқуға құқысы бар. Жоспар керек, ұқтың ба, жоспар. Енді саған және бір журнал ұстауға тура келеді. Ол сырттай оқитын оқушылардың журналы.
Мен күмілжіп қалдым.
– Олар мектепке келе қояр ма екен. Ол түгіл оқушылар кешкі мектептің өзіне келмейді. 
– Шұрқ етпе, – деді директор іштей тұншыға күліп, – шұрқ етпе. Оларды да оқытамыз. 
– Қалай?
– Әуелі арнайы машинамен барып, малшыларды тізімдеп шығамыз. Бұдан кейін апта сайын машинамен бір барып, әлгі түлектеріңмен есендесіп қайтасың. Әрине, өзіңмен өзге ұстаздарды да ала барасыңдар. Мектеп пен малшы ауылы арасында дәптер жүреді. Ол дәптер тексеріледі, баға қойылады. Сол бағалар жинақтала келе журналға, кейін куәлікке қойылады.
Қызық енді басталды. Ұжымшардан арнайы бөлінген машинаға екі-үш мұғалімді салып аламын да, апта сайын қайдасың шопан ауылы деп жолға шығамын. 
Оқу деген аты болмаса, шынтуайттап келгенде бұл тірлігіміз таза күлкіге айналғандай еді. Бізді көрген жерде малшы қауымы мәз болып күліседі. 
– Әне, ұстаздар келе жатыр, – дейді шу ете түсіп, – әй, бір білмегенімізді біліп, білімге қарық болатын болдық-ау... 
– Атай көрме, бүгін жай малшы болсақ, күн ертең оқымысты қойшы, кандидат сиыршы, профессор жылқышы атанбасақ игі еді.
– Әй, осы коммунизм жақындап қалды-ау деймін. 
– Итім білсін бе, әйтеуір, тықыр көп, мазалау көп.
Рақымжан дейтін қойшы бар еді. Қашан барсаң да баяғы бір гөй-гөйін қайталайтын да отыратын. 
– Оу, ана бір әйелімді оқытсаңдар басқа жаққа апарып оқытыңдаршы. Былай оңашалап жігітшелеп дегендей, – дейді қитығып. 
– Е, не болды? – дейміз түсінбегенсіп?
– Болғаны сол, салақ болып кетті. Үй жұмысын істемейді. Дәптер толтырам деп, көрші малшыға кетеді де, күні бойы жоғалады. Ішеді, ойнайды, күледі. Ал, оқыған түгі жоқ. 
– Айтып қоямыз, – дейміз зілдене сөйлеп, тап бір әйелін көрсек тезінен жөнге салып жіберетіндей көрініп. 
– Бүгін, міне, үйде жоқ.
– Қайда кетті?
– Айттым ғой жаңа, Қадырдың үйіне кетті. Жігіттер, – деді енді күлмең қағып, – келіп қапсыңдар, өзімізше бойдақ шай ұйымдастырып, дастарқан жасап дегендей, екі-үш көк мойынды ортаға қойып, отырсақ қайтеді?
– Болады, болады.
Сұлушаш дейтін жастау келіншек бар еді. Үйіне барсаң ол да өзінше зарлап қоя береді. 
– Әй, ұстаздар, – дейді бізге тиісе сөйлеп, – айтатыным сол күйеуім шыли бұзылып, ішкіш болып кетті. Сендер дәптер, қағазбен қоса, арақ тасып, оны әбден құртып болдыңдар. 
Біз үндей алмай, жерге қараймыз. Өйткені көк бөтелкелерді қоржын басына салып, әкелетініміз рас еді. 
Осы кезде есіктің алдындағы мама ағашқа ат байланып, теңселе басып, Игілік үйге кіріп келе жатты. Өткен жолы да мас еді. Бұл күнде де мас екен. 
– Ұстаздарым менің, – деді табалдырықта теңселіп тұрып, – ұстазым менің. Сағындырған ұстазым. Сағым болған ұстазым. Сағындым-ау сендерді. Келіңдерші, беттеріңнен сүйейін.
Сөйтті де жай амандасу былай тұрсын, шетімізден шөпілдетіп сүйе бастады. Әр келген сайын сөйтеді. Бүгін де сөйтті. Әбден сүйіп болған соң:
– Ұстаздарым менің, басқасы құрсын, темекі мен арақ әкелдіңдер ме, – деді тілі сөйлеуге әрең келіп. 
– Әкелдік, – дедік біз.
Игілік ешкімді де тыңдамады. Ала көзімен тіктеп тұрып, бір қарап еді, әйелінің үні өшті. Шай еселеп қойылып, дастарқан қайта жасалды. Игілік әрнені бір айтты, сөйледі, сандырақтады, күлді, жылады.
Екі-үш стакан ішкеннен кейін мұрттай ұшты. Қойқабы ұстап, кімге тиісерін білмей аз тұрды да, артынша жыламсырай тіл қатты. 
– Ұстаздарым, менің оқуым қалай? – деді ықылық атып.
– Жақсы, әйбат оқып жатырсың.
– Ертелі-кеш мазасыз мал санаймын.
– Математикадан бес.
– Таң бозынан тұрып, күн райын бақылаймын.
– Астраномиядан бес.
– Өлген малдың терісін тұздап, үнемі бұзбай сақтаймын. 
– Олай болса, химиядан бес. 
– Қараңғы түнде мылтық атып, қасқырға сес көрсетемін.
– Олай болса, әскери дайындықтан бес.
– Мен озат оқып жатырмын ғой, ә?
– Иә, иә, бір сыныптың ең озатысың  әрі оқу секторысың.
– Жоқ, мен тәртіп секторы боламын.
– Болсаң бола ғой. Өйткені сенің тәртібің бәрінен жақсы... 
Игілік осыдан ары тағы бірдемелерді айтып, мас болып, отырған жерінде есеңгіреп ұйықтап қалды. Сұлушашқа қарасақ өзімен-өзі болып, көзі күлмең қағып, құпиялап күліп отыр екен...
Жыл аяғы бітіп, оқу мерзімі де аяқталды. Он алты оқушы оқып, мектеп бітірдіге санап, бар куәлігін алып, жолға шықтық. Бағытымыз – Игіліктің үйі. Куәлікті салтанатты жағдайда сол үйде тапсырмақпыз. Біз барсақ, мектеп бітірушілердің көбі жиналып қалған екен. Шай ішіп, аз аял еткеннен кейін өзгелері де келіп жетті. Келмей қалғандары да бар...
Салтанатты сөз сөйленді. Куәлікті де тапсырдық. Куәлік алушылар өзінің білім құжаттарына қызықтай қарап, пікір білдіріп те қояды. 
– Пәлі, мынаны қара, маған химиядан бес қойыпты.
– Маған кіл төртті тізіп шығыпты. Демек, екпінді болғаным ғой.
– Маған тегіс үш қойғаны несі. Төрттен, бестен араластырса, бір жері кеміп қалар ма екен...
– Ал, менікі, тәуір секілді. Ұстаздар ішіп-жегенін ақтапты. Онысына рахмет.
– Әттең-ай, – деп күйінді Жапар, – әттең-ай, мына екі төртті түзеп жібергенде, мен алтын медаль алғандай екенмін. Өкінішті.
– Иә, өкінішті, – деп қағытты Кәмила деген құрдасы, – сегіз жыл оқып зорға әріп танып едің. Қой бағып жүріп оқып, алтыннан алқа таға алмағаның өкінішті.
– Әй, сен сандалма, – деді Жапар қызарақтап, – өзің осы қай-қайдағыны сандырақтай береді екенсің... Тыныш тұрмайсың ба...
Кәмила да көкайыл ғой. Есесін жіберер емес.
– Кім білсін қайсымыздың сандырақтап тұрғанымызды. Әйтеуір, осы екеуміздің біріміз сандырақтап тұрмыз...
– Қойыңдар, – деді менің серіктестерімнің бірі басу айтып, – айналып келгенде жаңа білім құжаттарың құтты болсын. Бұл Лениннің, коммунистік партияның жемісі. Жемістерің баянды болсын. 
– Иә, болсын, болсын. 
– Солай болсын, – деді жиналғандар. Бұдан өзге не айтушы еді.
Біз кері қайттық.
Кейбіреу өткен күнде белгі жоқ деп, бәрін біттіге саяды. Осының бәрі өткен күннің белгісі емей немене? Басқаша не деуге болады? Ойға салып, таразылап көріңізші...
 
Дәнеш АХМЕТҰЛЫ.