КӘСІПТІК ОҚУ - ЗАМАН ТАЛАБЫ

Уақыты: 03.10.2017
Оқылды: 2183
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Бүгінгі таңда кез келген азаматтың кәсіппен айналысуына жан-жақты жағдай жасалған. Әсіресе, ауылдық жерлерде мамандығына сай қызмет таба алмай жүрген жандар үшін үлкен қолдау болып отыр. Олар аудандық, қалалық білім бөлімінің жолдамасымен кез келген колледжге түсіп, қалаған мамандығының иесі атана алады.

Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіне ағымдағы жылы 97 оқушы жолдама алып, білімін жетілдіруде. Төрт мамандық бойынша оқып жатқан білімгерлерге барлық жағдай жасалған. Жатын орын мен тамақ, жол жүру ақысын аталған колледж көтеруде. Бұл жайында аталмыш оқу орнында білім алып жатқан Қапшағай қаласының тұрғыны Рустам Авимолдиев кеңінен тоқталып өтті. Ол:
– Осы уақытқа дейін Алматы – Талдықорған автожолында жұмыс жасадым. Мектеп табалдырығын аттаған соң жоғарғы оқу орнына түпей, еңбекке араласқан едім. Алайда, арнайы жолдамамен Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжіне түсіп, бүгінде автогрейдер мамандығы бойынша білім алудамын. Қысқамерзімде, яғни, 10 ай көлемінде маман иесі атанамын. Бұл сала өзіме қатты ұнайды. Осындай мүмкіншілікке жеткізген Елбасымыздың салиқалы саясаты мен елге тиімді бағдарламасы, – деді. 
Ал, автогрейдер мамандығының оқытушысы Айтқазы Алпысбаев аталмыш бағдарламаның жас мамандарға мол мүмкіндік беріп отырғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, 10 айлық оқу курсын бітіргендерге дипломмен қатар сертификат табыс етіліп, грейдер, каток, трактор сынды техникаларға жарамды көлік жүргізу құжаты қоса табыс етілетіндігін де атап өтті.
Қазіргі таңда қысқамерзімді кәсіптік оқытумен 31 колледж бен 4 орталықта 50 мамандық бойынша 6662 адам қамтылған. Оқуын аяқтаған 3342 азаматтың 73,4 пайызы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оған қоса, «Байтұрғанов» жеке кәсіпкерлігіне Ақсу, Алакөл, Қаратал, Көксу аудандары және Талдықорған қаласынан 6 мамандық бойынша 108, «ТАТЭК» АҚ-на Кербұлақ ауданы мен Талдықорған, Текелі қаласынан электрик мамандығы бойынша 22, «Қайнар АКБ»-ға Талдықорған қаласынан аккумуляторшы 6 адам жіберіліп, барлығы 136 азамат аталмыш мамандық бойынша білім алуда. Сонымен қатар, қазіргі таңда контингентті қалыптастыру жұмыстары одан әрі жүргізілуде.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.