Көпке үлгі

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1559
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Адам баласының бойындағы асыл қасиеттер – ізеттілік пен ізгілікті, парасаттылық пен мейірімділікті ата-бабаларымыз оның шыққан тегінен, тектілігінен іздеп, содан танып отырған. Біздің әңгімеге арқау болған азамат та текті жерден шыққан, көргенді елдің ұлы. Сондықтан да, оның бүгінгі бет алысы көпшілікке үлгі болсын деген мақсатта қолға қалам алдым.
Кейде біз күнделікті қасымызда жүрген жандардың жақсы қасиеттерін көрсек те, соған мән бере бермейтініміз бар. Десе де, адам көңілі бәрінен қымбат әрі құнды. Әр салада өзінің қолтаңбасын қалдырып, жемісті еңбек етіп жүрген жандар көп. Оларды нағыз маман десек қателеспеспіз. Сондай жанның бірі –Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылының тумасы Асқар Құлтаев. 
Ол 2011–2015 жылдар аралығында ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаев атындағы университетте электрші мамандығы бойынша білім алады. Туған жерін түлетуге ниеттенген жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы кіндік қаны тамған жерге келіп, аудандық «Қазақтелекомда» электр маманы болып қызметке орналасады. Жас та болса өз ісінің мықты әрі білікті маманы атанған Асқарға аудан жұртшылығы дән риза. Қызметтегі әріптестері мен ауылдастарының, тіпті, аудан тұрғындарының Асқар жайлы айтқан жылы лебіздері оның адамгершілігін, ізеттілігі мен еңбекқорлығын дәлелдеп тұрғандай. 
Осындай зор құрмет пен ыстық ықыласқа бөленген оның еңбегі еленіп, басшылық тарапынан мадақталып та келеді. Олай болса, жастарға осы азаматты үлгі ете отырып, туған жерге аз да болса өз үлестеріңді қосуға атсалысыңдар дегім келеді. 
 
Лескен ДҮНГЕНБАЙ.
Жамбыл ауданы.