Көшелері көрікті

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1210
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Облыс әкімдігінің «Облыстың елді мекендерін санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру көктемгі-күзгі екі айлығын өткізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы № 105 қаулысын орындау мақсатында құрылған жұмыс тобы кеше Жамбыл ауданына келді.
Күзгі тазалық айлығының барысын бақылау мақсатында  келген топ аудан орталығы Ұзынағаш ауылын аралады. Ауылдың Сүйінбай, Қараш батыр, Абай, Жамбыл, Қарасай батыр көшелерінде  тазалық жұмыстары жан-жақты жүргізілгені бірден байқалады. Тақтайдай тегіс жолдар мен жолжиектер қоқыстан таза, көгалдандыру, көркейту шаралары тұрақты жүргізіліп жатқаны көрер көзге анық көрініп тұр. Жол бойында орналасқан әр түрлі ғимараттар, халыққа қызмет көрсету орындарының қасбеті әрленіп, кейбір жаңадан салынған коммерциялық және басқа да нысандар ауылға ерекше көрік бере түскен.
Облыстық басқарма өкілдері енген топ одан кейін Үмбетәлі ауылына ат басын бұрды. Мұнда да айлыққа байланысты біраз жұмыс жүзеге асырылғаны аңғарылады. Үмбетәлі музейінің айналасы, ақын аллеясы, орта мектеп, дәрігерлік қосын сияқты әлеуметтік нысандар мен кәсіпкерлік мақсаттағы жекеменшік ғимараттардың айналасы, қасбеті, орталық көшелер, ауылға баратын жол бойының тазалығы қанағаттанарлық жағдайда. Бақылаушы топ, сондай-ақ, «Алматы – Бішкек» халықаралық күре жолының аудан аумағы арқылы өтетін бөлігінің тазалығын тексерді.

С. ӘШІМБЕКҰЛЫ.