Мұғалімдер марапатталды

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1187
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының аумақтық ұйымы Талдықорған гуманитарлық-техникалық колледжінде «Ұстазым менің, ұстазым» атты салтанатты жиын өткізді.
Мұғалімдер күніне орай білім беру саласына еңбек сіңірген қызметкерлер мен ардагерлерге құрмет көрсету мақсатында өткен шараның шымылдығын аталмыш ұйым төрағасы Садық Әбдіқадыров ашты. Ол:
– Cыңғырлаған қоңырау үнімен жаңа оқу жылы басталып, онымен бірге мұғалімдер мерекесі де сабақтасып келіп жетті. Елбасы өзінің бір сөзінде: «Еліміздің ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Ал жас ұрпақтың  тағдыры – ұстаздардың қолында», –деген болатын. Сондықтан да ұстаздарға артылар жауапкершілік жетерлік. Ұлағатты қауым ел болашағының тізгінін ұстайтын білімді ұрпақтың тәрбиесіне мол үлес қосып келеді, – дей келе мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтап өтті. Оған қоса ұйымның жылдық жоспар бойынша атқарылған істерін баяндап, алға қойған мақсат-міндеттерді алға тартты. Одан кейін білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының жанынан құрылған педагогикалық еңбек ардагерлері кеңесінің құрамы бекітіліп, оған Райхан Серғазинова төрайым болып сайланды. 
Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Әсет Қыдырманов сөз алып, ұстаздардың жас ұрпаққа берер тәлімі жайлы тебірене үн қатса, философия ғылымының докторы, профессор Аманжол Қасабек мереке иелеріне деген ыстық ықыласын жеткізді. 
Кеш барысында бірқатар ұстаз мерекелік марапатқа ие болды. Мәселен, Ескелді ауданы, Рүстембеков атындағы орта мектептегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Светлана Нұғыманова, Кербұлақ ауданы, Алтынемел орта мектебіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Жәмилә Бабашева, күреңбелдік «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Ғалия Ақбасова мен Талдықорған қалалық жас техниктер орталығының ұстазы Владимир Беликов «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін кеудесіне қадады. Сонымен қатар, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Құрмет грамотасымен 5, Талдықорған аумақтық ұйымының Құрмет грамотасымен 10, бағалы сыйлықтармен 18 ұстаз марапатталды. Қажыр мен қайратын жас ұрпаққа білім беру жолында жұмсаған үш ұстазға шипажайға жолдама берілді.   
Ардақты жандарды құрметтеген шара соңында республика мен облысымызға белгілі өнерпаздар ән әуелетіп, жырдан шашу шашты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ.