Дәурен Серғазин: «"Жастар" театры Астананың брендіне айналды»

Уақыты: 06.07.2023
Оқылды: 2673
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Іңкәрлікпен жыр түлетер күллі қазақ ақындарының аңсарына, жазушылардың өміршең туындыларына, халқымыздың ұлттық мақтанышына арқау болған Астанада тұрып жатқаныма 15 жылдан асты. Бұл қала біздің жастығымыздың куәсі. Тарихтың әр сәті толайым оқиғаларға толы деп қарасақ, осы уақытқа дейін талай өзгеріс орын алды. Жастық арман жетегінде келгенде көрген Астанамыз бен бүгінгі бағаналы басты ордамызды салыстыруға келмейді.


Ажарлы шаһар жыл санап түрленіп, күн санап гүлденіп келеді. Кешегі күні біз «Астанада театр ашсақ» деген үлкен арманмен келдік. Сол шақта шаһарда 1-2 өнер ошағы ғана болса, бүгінде театрлардың саны 10-ға таяды.

Көз алдымызда жамалы жазғы таңдай шырай беріп, уақыт санап өркен жайып, манатқа малынып, жақұт тағынып жарқырап, өркениеттің ошағына айналып келе жатқан қалаға ең алғаш келгенде арманшыл жастар едік. Бір топ курстастар, өнер әлемінде бірге оқыған топ жұбымызды жазбай Есілдің жағасына келіп тұғыр сайладық. 

Рас, о баста біз Астананың түрлі сахнасында өнер көрсеттік. Терсіңді еңбек, тегеурінді талап арқасында талантымызды танытып, ел ықыласына бөлене алдық. Жұртшылық қошеметін сезініп, айқын мақсатымызды іске асыра алғандықтан болар, Астана қаласының әкімдігі бізге ғимарат, сахна беріп мүмкіндік жасады.

Қазір Астанаға үйреніп, толықтай тұрақтадық. Достық туын көтеріп, өнер жалауын желбіретеміз деп келген сол кездегі жастар осында отбасын құрдық, бала сүйдік. Мұрадым-мұрат, ізгі мақсат жолында бел шешіп бірге еңбектендік.

Бүгінде менің қандай да бір жетістікке жетуімнің бәрі Астанамен байланысты. Өйткені өнер жолындағы алғашқы қадамдарым осында, Елорда сахнасында басталды. Со-дан да болар, қазір түрлі сапарларға шығып, елден жырақ кетсек, тіпті мемлекетіміздің түкпір-түкпіріне жол тартсақ та ажарлы қаланы сағынып тұрамын. Оның ауасы, дарқандығы, көлемінің қазақтың көңіліндей кең болуы өзіне ынтық етеді. Тіпті, діттеген жеріңе тез жететін жайлылығы, кептелістердің болмауы да қаламызды ерекшелейтіндей. Ал жалпы алғанда Астананың ауа райы маған ұнайды. Тіпті, сақылдаған сары аязына дейін жақсы көремін. Жазы жайдарлы, қысы мезгілге тән суық болуы, көктемі мен күзіне дейін табиғат заңдылығына байланғандай әсер қалдырады.

Шүкір, қазіргі таңда театрымыздың өз көрермені бар. Іздеушісі, әрбір қойылымын сағына күтетін, әрбір тың туындысына тамсаныспен қарайтын көзі қарақты, көкірегі даңғыл өнерсүйер қауымы бар. Соған орай «Жастар» театры да қазақ өнерін ұлықтап, таланттарын бір арнада тоғыстырып, телегей тер төгіп жүріп Астананың брендіне айналды. Біз елішілік додаларда Астанамыздың намысын қорғап, талай жерлерде абыройын асқақтаттық десек, асыра айтқанымыз болмас. Халықаралық додаларда топ жарып, мемлекетіміздің мәртебесін көтердік. 

Бүгінде Астанамыз көптеген өнердің басын біріктірген, мәдени, спорттық шаралардың ұйытқысына, орталығына айналды. Біз ажарлы қалада өтіп жатқан барлық игілікті істің басы-қасынан табылып келеміз. Осы орайда ел мақтанышына, мемлекетіміздің жүрегіне айналған жақұт қала әлі де дами береді, біз сол жолда еңбектенеміз дегім келеді. Астананың көркеюіне, дамуына үлес қосу – парызымыз!

Дәурен СЕРҒАЗИН,
«Жастар» театрының актері,
Халықаралық байқаулардың 
жеңімпазы