БОЛМЫСЫ БӨЛЕК БЕЙСЕН АҒА

Уақыты: 27.08.2023
Оқылды: 1352
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның  хаты өлмейді»  деген дана сөз бар қазақта. Аты мен хаты өлмей келе жатқан сондай жанның бірі – журналист, белгілі тележүргізуші Бейсен Құранбек аға десем, артық айтқаным болмас. Өткен жылы І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің ұйымдастыруымен «Бейсен пайымындағы парасат» атты қазақтың арда азаматын еске алу кеші өтті.

Жастық шағы бірге өткен әріптес достары Серік Әбікенұлы мен Досан Қызайбекұлы ардақты ағамыз жайлы естеліктерімен бөліскен рухани кешке қатысып, ерекше әсерге  бөленген жайым бар. Алдымен ағамыз жайлы бейнебаян көрсетіп, артынша білімгерлер қонақтарға сауал қойып, асыл жанның өнегелі өмірі жайлы мол мағлұмат  алды. Жерлес әншіміз Төлеутай Серіков айтқан «Біздің елдің жігіттері» әні кештің ажарын аша түсті.

Осы кездесуде досы Серік аға Бейсен ағаның бізге беймәлім қыры мен сыры жайлы сыр шертті. Тағылымы мол кештен рухани азық алып қайттық. «Бейсен ағаның достарына қоятын талабы қандай hәм өзіне ғана тән ерекше әдеті бар ма?», деген сауалға Серік Әбікенұлы ағамыз: «Бейсекең кеттік десең, қайда деп сұрамастан жинала жөнелетін, сертке берік, парасатты, әділ жанды дос деп қабылдайтұғын», – деп арда азаматтың өзінің де бойында осындай ерекше қасиет барын айтты. Суық күнде жүректі жібіткендей жып-жылы жауаптан соң көзге еріксіз жас та  келеді екен. Қазақтың кең даласына сыймай кеткен ардақты жан жарық жұлдыздай жарық етіп сөніп қалған жоқ. Ол аспан төріне көтерілгенде, жұлдыздар ығысып оған орын да берген шығар.

Бейсен аға көпке үлгі бола білген, еліне қамқор азамат, шәкірт тәрбиелеген ұстаз, сүйікті жар, ақылды әке, ең бастысы – атаның емес, адамның ұлы бола білген жан. Отбасының берекесі,  ұйытқысы, мәңгі өшпес үкілеген үміт шамы. Сол кеште Бейсен  ағаның 7 қағидасы сөз болды. Оны бәріміз жақсы білеміз. «Сыйластық бірінші кезекте тұру керек» деуші еді ғой. Мен сөзсіз келісемін. Өйткені ең бастысы отбасын сезім, сенім, артынша сыйластық алдыға жетелейді. Сыйластық – қазақ халқында ежелден қалыптасқан, қанға сіңген қасиет. Баланың ата-ананы, жиеннің нағашысын, келіннің қайын жұртын сыйлауы және құдалар, бажалар, құрдастар, абысын-келіндер арасында қалыптасқан өзара құрмет, сыйластық бұрыннан бар. Бұл адами құндылық. «Адам сыйлағанның құлы» деген қазақ өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынып, сұрағанын береді. Ал сыйлағанды түсінбеген жанға «сиыр сипағанды білмейді» деп сәлеміне лайықты амалын жасаған. «Сыйлап берген су да тәтті» деп алдына қойылған асқа емес, пейілдің адалдығы мен көңілдің тазалығына баса мән берген. Ақылшы ағаның мына мысалды темріқазықтай ұстанғаны бізге де үлгі. «Балаларымызды мектепке дейін хан сияқты сыйлаймыз, мектеп кезінде шәкірттей тәрбиелейміз, мектептен соң достай сырлас боламыз, бірақ ақыл айтпаймыз. Бұл да дұрыс айтылған ой. Хан сияқты тәрбиеле дегені – бала еркін өседі, жасқаншақ болмайды. Әрқашан ойын ашық айтып, өз пікірі мен қөзқарасын қалыптастырады. Екінші, шәкірт сияқты тәрбиелейміз дегені –қазақта ата көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер деп бекер айтылмаса керек. Яғни, баланы жастан деп, жас кезінен еңбекке үйрету. Жақсы іске баулу. Керемет ұста болмаса да  адал еңбекпен тауып жеуді, отбасын асырауды, еріншектіктен аулақ болып, ашкөздіктен жиренуге әрі қатал тәртіпке үйретеді. Ал мектептен соң дос сияқты сырлас боламыз дегені оны өзіңмен теңдей көру, айтқан ойын тыңдап, қолдау көрсету. Осы тұста жас жеткіншек «тұлға» деңгейіне өтеді. Ел  сыйлайтын, танитын индивид қалыптасқан қоғам боламыз», – дейді. Маған да бұл өнегесі өте ұнады. Керемет, қысқа да нұсқа айтылған. Артық ауыз сөз жоқ. Бәрі орнымен.

Сол кездесуде Бейсен ағаның әріптес досы Досан Қызайбекұлы асыл ағаны: «Бәріміз жүрген жерімізде ақыл айтамыз, алайда Бейсекеңнің бір ерекшелігі, мақтауға тұрарлық қасиеті осы – айтқан ісін, берген уәдесін бұлжытпай орындауында», – деп еске алды.

Әрине, бір кеште ағамыздың сан қырын айтып тауысу мүмкін емес. Ол бір кітапқа, бір сұхбатқа, бір хабарға сыймайтын, таусылмайтын әңгіме. Бір естелік жылатса, бірі күлдіріп, жақсы ой, әсерлі сезімге бөледі. Менің түйгенім, Бейсен  ағаның ізімен жүру дегеніміз – кітап оқып, жеке тұлға ретінде өзіңді тану, деңгейіңді көтеру, талмай еңбектену, ешкімнің ала жібін аттамай, адал, әділ болу.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – деп Абай атамыз айтқандай асыл аға шетел  философиясымен қатар Абай, Шәкәрім ойларын жадында сақтап, жанына жақын ұстаған екен. Бұдан түйгенім, мына дүниеде Алланы сүйіп, артынша оның жаратқан әр пендесіне қиянат жасамай, оларды да сүйіп, құрмет көрсету керек. Тағы бір естелікте Бейсен ағаның қарапайым ауыл тұрғыны немесе қарапайым малшы болсын алдына келгенде құрметпен қарсы алып, мәз қып шығарып салады екен. Одан бөлек ешкімнің туған күнін ұмытпай барып, яки қоңырау шалып, құттықтауды басты қағидасына айналдырыпты. Кез келген адаммен тез тіл табысып, танысып, талантын байқап, қол ұшын созып, көмегін аямапты.

Кеш соңында досы Серік аға: «Бейсенді үлгі тұтыңдар, алайда оны көшірмеңдер! Көлеңкесінде қалып қоймаңдар. Қазақтың әр баласы өз алдына жеке тұлға болу керек!», – деп түйіндеді.

Қысқа да мәнді ғұмырында нағыз дос, жанашыр жан, дара тұлға әрі мықты мотиватор болған Бейсен Абайұлының сара жолы еш ұмытылмақ емес.

Балжан Нұрдәулет
М. Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінің оқушысы
Талдықорған қаласы