Анамдай төккен мейірім (Бәтима Есболатқызы жайлы толғаныс)

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 2088
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жаныңда жүріп, жақыныңа айналып, тілекшің болып, жан дүниеңе шуақ сыйлап, бойыңа қуат беретін жақсы адамдар болады. Тіпті, алыстағы бір туған бауырыңнан бетер сырласып, бірде мұңдасып, әрдайым көңіл пернеңді дөп басқанда алдында қалай ақтарылып отырғаныңды өзің де байқамай қаласың. Ол адам көргені мен көңілге түйгені көп, еліне бергені ұшан-теңіз,  қоғамның қайраткері болса ше? Сонымен бірге нардың жүгін көтерген ер-азаматпен қатар тұрып елдің көшін бастап, тізгінін ұстаған жаны нәзік болғанымен қайсар ана болса ше? Егер сіздің өміріңізде алдыңыздан осындай аяулы адам кездессе, онда сіз бақытты жандардың қатарынансыз. Неге десеңіз, ондай жан ең әуелі өзінің өнегелі өмірімен ұстазыңа айналады. Күйзелгенде жаныңа нұрын төгіп, еңсеңді көтереді. Ақыл сұрасаң, дария кеудесінен ақтарылған парасатты ой мен пайымды дүниелері сенің болашағыңның бағдаршамы іспетті жол көрсетіп тұрады. Менің өмірімде мұндай асыл жандар аз кездескен жоқ. Солардың бірі де бірегейі Алматы облысының Құрметті азаматы Бәтима Сақауова еді!

БІЗДІ ТАНЫСТЫРҒАН ТЕКЕЛІ

Көңілім толқып, көзіме жас үйіріле береді. Дәл осындай күйде отырғаныма біреу сенер, біреу сенбес. Тағдырыңа кездескен осындай жанның алпыс екі тамырыңнан жақын болып кеткендей күйге түсіретінін басынан өтпеген адам біле де бермес, бәлкім. Бәтима апам қайтқалы да қырық күн өте шығыпты. Атадан жалғасып келе жатқан салтымыз бойынша қырық күндік асы да өтер. Оған жиналған Бәтима апамның барлық ет-бауыр жақындары, құда-жекжаты, әріптестері мен замандастары, ізінен ерген ізбасарлары келіп отбасына жұбату сөзін айтып, құлазыған жандарына қуат берер. Ол қатарда өзімнің де жүретінім рас. Бірақ сол арада айтылатын бес-алты ауыз сөзге менің Бәтима апама деген сағынышым басыла қояр ма екен?! Ол жерде апамсыз өткен қырық күннің күндізін күйбең тірлікпен өткізгеніммен ұзақ түнге сол бір аяулы жан есіме түсіп, төсегімде дөңбекшіп шығатынымды айтып үлгере алар ма екенмін?! Осы сұрақтар санама салмақ салғанда қолыма қалам алдым. Алдыма қойған ақ параққа ақтарылғым келді. Ел анасына айналған дара тұлға, аяулы жан, менің Бәтима апам, менің Сақауовам жайлы қырық күннен бері жиналған сағынышымды басқым келді. Сүйегі асыл аяулы жанды туған жер топырағына тоқсан екіден асқан шағында тапсырдық. Осы жастың жиырма бір жылға жуық уақытын мен Бәтима апаммен бірге өткізіппін. Уақытты кері айналдырып, өткен жылдарды алдына әкеле алмағанымен есті адам естелік арқылы да естен кетпес сәттерін есіне түсіре алады. Өткен жиырма жыл менің санамда күні кешегідей сайрап жатыр. 
Алғашқы танысқан сәт. Жасы жетпіс екідегі жанның жер таянып тұрғаны байқалмайды. Керісінше толқынды шашын кең маңдайын кере түйіп қойып, еңсесін тік ұстап, ширақ қимылдап, көліктен түсті. Ол кезде мен Текелі қаласы әкімінің орынбасары болатынмын. Идеология саласы маған жүктелген. Ал Бәтима апамның бұл сапары сол идеологияның ең жауапты жүгін арқалап келген кезі еді. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының кезекті Президенттік сайлауға түсіп жатқан уақыты. Бәтима Есболатқызы Мемлекет басшысының Алматы облысы бойынша сенімді өкілі болатын. Осы жерде бір сұрақ туындауы мүмкін ғой. Сол кездегі заң бойынша елу бес жасында зейнеткерлікке шығып кеткен адам саясат сахнасында неге әлі жүр? Жетпіс екідегі кейуанадан гөрі өзі жас, сөзі мығым, айтары айшықты бір ер-азамат табылмады ма? Біреу болмаса, біреудің санасына дәл осындай сауал келген шығар. Оған мен былайша жауап берер едім. Қазақтың қарапайым халық әнінде: «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам әкемнің ұлындаймын», – деген сөз бар. Міне, қайраты қара тасты үгітетін ер-азаматқа емес, сөзімен өзіне елді қарата білетін қайраткер анаға үлкен сенім артып, Елбасының осы өңірдегі сенімді өкілі етіп сайлағаны. Өйткені, Бәтима Есболатқызы ұзақ жылдар Жетісу жерінің бірнеше ауданы мен облыс басшылығында идеология саласын басқарып, осы саланың асығын алшысынан түсіріп, иіріп әкететін нағыз білімді де білікті жан болған еді. Апамның осы еңбегі мен елді еріте білетін қасиетіне сүйеніп, оның үстіне Текеліде орыс ұлты көп тұратынын ескеріп, екі тілде еркін әрі шешен сөйлейтін Бәтима Есболатқызының қолына осы сапардың да тізгінін ұстатыпты. Текелі Кеңес өкіметі тұсында мырыш өңдейтін комбинатымен аты шыққан қала ғой. Президенттің сенімді өкілін ең алдымен осы комбинатқа алып бардық. Бір ауысымда мың сегіз жүз адам істейді. Шахтерларды жинағаннан кейін Бәтима апам сөзді бастады. Алғаш кездесуім болса да менің көз алдымда нағыз қайраткер тұрғанын сездім. Абай атамыздың:
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз
, – дегеніндей, ұқсағым келді. Неге десеңіз, шахтерларды өзіне қаратып, Мемлекет басшысының саясатын нақты деректермен мысал келтіре отырып айтқанда бәрін ұйытып тастады. Өзім де сол идеологияның қазанында қайнап жүргендіктен сөз бен істі үйлестіре білу үшін білім, еңбекпен қатар оны жұртқа жеткізе білетін тіл байлығы керек екенін жақсы білетінмін. Бәтима апам: «Мои дети» деп бастаған сөзін сондай шешендікпен жалғап, сөзінің соңында комбинат жұмысшыларына бірауыздан Елбасын қолдауға шақырды. Шахтерлар: «Сіз не айтсаңыз сол болады. Вы наша мать» деп қос қолын көтеріп, қазақтар да, орыстар да қолдаймыз деп шулап қоя берді. Қарапайым еңбек адамдарының әйел затын сыйлап, айтқанын тыңдап, соңында «Вы наша мать» дегені маған да сондай әсер етіп кетті. Мен сол сәттен бастап Есболатқызын «мать» деп атап кеттім. Және өмірінің соңына дейін айтып жүрдім. Кейде түскі мезгілде, бірде кешке қарай қоңырау шалып «мать» мен келе жатырмын дейтінмін. Бұл кейінгі әңгіме. Сол күні Бәтима Есболатқызы алты-жеті кездесу өткізді. Бәрінде екі тілде еркін әрі мазмұнды, мағыналы сөйлеп, бәрінен қолдау тапты. Сонда жаны нәзік адамның сондай қайратына таңғалдым. Мен де әкеме қарап өскен қызбын ғой. Ер мінезділік, уәдеде тұру, айтқанды орындау, ел алдындағы жауапкершілік дегеннің бәрі әке мектебінің жемісі еді. Ал жетпіс екідегі Бәтима апам менен де жігерлі, менен де ширақ әрі батыл көрініп кетті. Міне, Елбасын қолдауға арналған Текелідегі бір күн менің маңдайыма осындай аяулы жанмен кездесуді жазған екен. Текеліден кейін аудандарда осы сала бойынша еңбек еттім. Соның бәрінде Сақауова апамның ақыл-кеңесін тыңдап, пікір алмасып жүрдім. Талдықорғанға іссапармен келген сайын апама қоңырау шалып: «Қалыңыз қалай, мать. Мен келдім» деп арнайы барып амандасып, қалжыңдасып, әңгімемізді де, әзілімізді де айтып, сондай жарасып кеттік. Қаратал ауданында, Панфилов ауданында жүрген кездерімде де апама арнайы телефон соғып, хабарласпаған күндерім жоқтың қасы. 

МЕНІҢ САҚАУОВАМ

Ал енді тонның ішкі бауындай араласуым облыстық ішкі саясат басқармасына келген кезімнен басталды. Сол кездегі облыс әкімі Серік Әбікенұлы маған осы саланың тізгінін сеніп тапсырды. Бұл кісі кішілік пен кісілікті ақсақалдардан үйренген жан ғой. Нағыз қазақы болмысы биік басшы бола білді. «Қариясы бар ел, қазынасы бар ел», – деген қағиданы берік ұстанып, қай аудан, қандай ауылға барса да ең алдымен сол жердің ақсақалдарымен, ақжаулықты аналарымен кездесіп, солардың амандығын сұрап, ақ батасын алып барып жұмысына кірісетін. «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең. Есік алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең», – дегенді жиі айтады. Осы сөзінен-ақ Серік Әбікенұлының үлкенге құрметті басты міндеті етіп алғанын байқайтынбыз. Ал үлкендерді сыйлаудан ешкім жаман болған емес. Ол кісі осы ұстанымды бізге де үйретті. Бір күні мені шақырып алып: «Қазақтың саясаты ең алдымен ақсақалды қариясын құрметтеу мен ақжаулықты анасын қадірлеуден басталады. Осында ақсақалдар мен ардагерлердің тізгінін ұстап отырған Егеубек Далбағаев деген атаң бар, сонымен бірге бар ғұмырын осы аймақтың идеологиясына арнаған Бәтима Есболатқызы деген апаң бар. Осы кісілермен ақылдасып, бірінші мамыр халықтар достығы күніне біркісідей қазақша киініп, ұлттық ерекшелігімізді көрсетіп шығайық. Осыны атаң мен апаңа айтсаң ел сыйлайтын қадірлі қарияларды өздері-ақ ұйымдастырып шығады», – деп тапсырма берді. Мен бұл тапсырманы тек қарттарымызға ғана артып қоймай, мерекелік алаңға шығатын барлық басқарма, мекемелерге айтып, сол күнді ерекше өткізгеніміз бар. Кейін дәстүрлі түрде жалғасып тұрды. Міне, осындай істің басы-қасында менің ақылшым болып Бәтима Есболатқызы жүрді. Жоғарыда айттым ғой, бұл кісімен таныстығым жиырма жылдан асты деп. Соның соңғы он жылында, яғни облыстық ішкі саясат басқармасына келген кезімнен бастап қоян-қолтық араласып кеттім. Ол кісі маған анамдай болды. Ешкім өз анаңның орнын баса алмайды, бірақ әр ананың мейірімі балаға қашанда қуат береді. Шынымды айтайын, анамнан көрген мейірім енді Бәтима апам арқылы менің бойыма дарып жатты. Елу бес жасында құрметті демалысқа шыққанымен қырық жылға жуық уақыт қоғамдық жұмыстардан шет қалып көрмеген жан. Облысқа қай әкім келсе де Бәтима Есболатқызына арнайы барып, құрмет көрсетіп, келелі жиындардан қалдырмай  ақыл-кеңесін тыңдап тұрды. Осының өзі Есболатқызының мына қоғамда өз орны бар адам болғандығын көрсетпей ме? Бірақ, «мен осындай құрметке ие екенмін» деп ешқандай басшының алдына барып, отбасы, ошақ қасының әңгімесін айтып, қара басының жағдайын күйттемеген. Қаланың орталығынан өзіне Кеңес өкіметі тұсында берілген үйінде тұрды. Сол шаңырақтан мәңгілік сапарға аттанды. Тіпті, кейбір жақындарының: «Қала басшылығына айтып мына үйіңізді заманға сай «евроремонт» жасатып алмайсыз ба? Бір-ақ ауыз сөзіңіз ғой», – дегеніне «Мен өлгеннен кейін бәрі сендерге қалады. Сол кезде не істейсіңдер өздерің біліңдер. Менің көзімнің тірісінде отағасының ізі қалған, Ерболатымның ізі қалған шаңырағымды ешқандай да өзгертпеймін», – деп бір-ақ кескен. Мұндай туабітті мінезі отбасы, туған-туыстарының арасында ғана емес, қоғамдағы болып жатқан ахуалдарға байланысты да көрсетіліп жатты. Әсіресе, елдің сөзін айтар тұста, қандай да бір сын сағатта топтың алдынан табылатын. Осыдан бес жыл бұрын ғой деймін Елбасы облысымызға келетін болып, Бәтима апамызға Нұрсұлтан Әбішұлының алдында сөйлейтін сөзін дайындадық. Бірнеше сүзгіден өтіп, мәні мен мазмұны үйлескен сөзді апама апарып берсем, бір қарап шықты да: «Мен осы сөзді оқып тұрады ғой дейсің бе? Жәй бағыт-бағдар үшін ғана сұратқам», – деп Елбасы келгенде барлық ойымызды өз сөзімен, тіпті, біздің ойымыздан да ары байытып, сөйлеп шықты. Осының барлығы ел басқарудағы еңбегінің жемісі, білім-білігінің жоғарылығы болса керек. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, облыс басқарған азаматтардың ішінде Серік Әбікенұлына ықыласы ерекше ауды. Оның басты себебі мынада еді. Бірде Серік Әбікенұлымен Бәтима апамыздың үйіне бардық. Арнайы уақыт бөліп келген соң біраз уақыт емен-жарқын әңгіме айтылды. Отбасы, бала-шаға туралы да өрбіді. Сол кезде Бәтима апам: «Айналайын, Серік, сен менің Ерболат деген жалғыз ұлыммен түйдей құрдас екенсің. Ол қырық бес жасында-ақ мына жарық дүниеден өтіп кетті. Бұдан былай мен сені балам деп жүрейінші. Осының өзі менің көңіліме демеу болады», – деді. Дәл осы бірауыз жылы сөзге Серік Әбікенұлы да марқайып, сол күннен бастап құрметін бұрынғыдан да күшейтіп, баланың анаға деген перзенттік сезімін көрсете білді. Және осы сезімді соңғы сапарға кеткенге дейін суытқан жоқ. Иә, жасы үлкен адам кімді балам демейді. Сол балам деген адамы бір келер, екі келер, ара-тұра хабарласып тұрар. Уақыт өте келе ұмытылар. Ал Серік Әбікенұлы Ерболаты көрсете алмаған қызықты көрсе екен деп аяулы жанның алдында баласындай қызмет етті. Бірде Серік Әбікенұлы өзінің анасы жайлы мына әңгімесін айтып еді. Анасы ауруханаға түсіп, ессіз жатқанда Серік Әбікенұлы палатаға кіріп, туыстарын сыртқа шығарып, өзі оңаша қалады да анасының үстіндегі көрпені былай алып қойып, екі омырауының ортасына бетін төсеп: «Ана, мен Серікпін ғой. Міне, мен қасыңдамын, ана. Білем, мені естіп, сезіп тұрсың, мен Серікпін, ана», – деп жылап жібердім. Бір уақытта менің басымнан біреу сипағандай болды. Бәрін шығарып жіберіп едім ғой, бұл кім болды екен деп басымды көтерсем, анамның қолы. Жаңа ғана ес-түссіз жатқан анам қимылдап, менің келгенімді сезіп, көзін ашты», – деген еді. Бәтима апам да соңғы кездері жатып қалды ғой. Бұл жағдайды Серік Әбікенұлына айтып едім: «Мен жақында барам. Барамын да тура анама жасағандай екі омырауына басымды қойып, Бәтима апама Алладан амандық сұраймын. Өйткені ол кісі маған балам бол дегенді бекер айтқан жоқ қой. Ерболаты болса сөйтер ме еді? Ал мен солай жасаймын», – деді. Содан мен апама келдім де: «Мать, сізге Серік балаңыз сәлем айтып жатыр. Ол келгенше мен сізге репетиция, прогон жасай берейін», – дедім. «Ол не қылған прогон, сенің де шығармайтының жоқ қой», – деп күлді. «Жоқ, күлмеңіз, мен идеология саласында прогонды көп жасап үйренгенімді білесіз, қазір мен жасаймын дедім де «Ассалаумағалейкүм, қалыңыз қалай, апа», – деп келдім де омырауына басымды қойып, құдайдан амандығын сұрадым да: «Серік балаңыз осылай істеймін деді. Сонда шошып кетіп жүрмеңіз. Балаңыз ғой, не істесе де жарасады», – деп бір күліп алдық. Былтыр қыста тағы сыр бере бастады. Сонда келіп: «Мать, неге еркелеп жатырсыз? Далаға қараңызшы. Сақырлаған аяз. Алай-бұлай болып кетсеңіз ел не дейді,  білесіз бе? Қызметте жүргенде бәрімізді бүрсеңдетіп, бір шыбықпен айдаушы еді, қайтқан күні де тура сондай болды», – дейді. Ал сен мейірімді анасың. Жайлы орныңа жайма-шуақ жазда бір-ақ жібереміз», – деймін. Оны шын көріп: «Өзімнің де жатсам-тұрсам ойым сол. Мына қақаған қыста ешкімді әуреге салмаса екен деп тілеп жүрмін», – деп еді жарықтық. Қыстың соңында қайтты. Соңғы күндері өтіп жатқанын білді ме, әйтеуір үйге кірген елдің бәрінен өз жағдайын айтпай тұрып: «Далада ауа райы қалай?», – деп сұрайды. «Күн жылып қалды, аяздың беті қайтты» дегенді естісе кәдімгіндей көңілі тынышталып қалатын. Неткен жігер десеңізші, ауру меңдеп, жанын қинап бара жатса да бір шағым айтпады. Сондай сәттің бірінде дем салуға келген имам: «Кімнің соңғы сөзі «Лә-иләһә илла-алла» болса, ол жәннаттық деген. Қасында отырғанда осы сөзді айтқызып қойыңыздар», – деді. Имам кеткеннен кейін: «Мать, кел екеуіміз мына сөзді айтайық. Имам осы сөзді айтқан адамның екі дүниесінде жақсылық болады», – деп тапсырып кетті», – дедім. Атеистік қоғамдағы билік жүйесінде еңбек етсе де, құдайы жүрегінде болған кісілер ғой. Мені қайталап, жаңағы сөзді айтып шықты. Жаны жайсаң, сүйегі асыл апам-ай. Бар болмысымен бізге үлгі болып кетті ғой. Жады мықты еді жарықтықтың. Өмірінің соңғы бір-екі айында ғана болмаса, газет-журнал оқып, телеарналадардан жаңалықтарды жібермей тыңдап, облысымызда, елімізде не болып жатқанын назарынан тыс қалдырмай, заманның бет алысы жайлы өз пайымын айтып отыратын. Соңғы жылдары аяғынан көп жүре алмай қалды. Сонда да арбасына сүйеніп алатын да шалының бөлмесіне кіріп, ең алдымен «Жетісу» газетінен бастап, кішкентай жаңалығына дейін қалдырмай, көлемді мақалаға дейін оқып шығатын да саралап, журналистердің түрін білмесе де жазғанына өз бағасын беріп отыратын. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін екі қолымды қусырып жата алмайтынымды білдім. Бәтима апам сияқты еңбек жолымды мектептегі ұстаздықтан бастап, мемлекеттік қызметтен аяқтаған маған зейнетақымды алып, тыныш жату жараспайтындай көрінді. Алланың берген денсаулығы мен бойымдағы қуатым барда бірнәрсе жасау керек. Осы ойымды айналамдағы жақсы адамдармен бөлісіп, солардан рухани қолдау тауып, «Кәсіпкер» деген журнал шығаруды ұйғардым. Жалпы ұйымдастыру жағын өз қолыма алып, шығармашылық тұтқасын облыстық «Жетісу» газетінде орын аудармай отыз жыл еңбек еткен Жанкүміс Жәмеңке деген сіңлімнің қолына ұстатып, тәуекел деп бастап кеттік. Жалпы осы айдың журналымыз үшін де мерейі үстем. Ақпарат айдынында салиқалы сапарды бастағанымызға, мінеки,      2 жыл толып отыр. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, екі мәрте Алматы облысының тізгінін ұстаған дара тұлға Серік Үмбетов пен Жетісу жұртының әз анасы айналасына нұрын шашып, халқын береке-бірлікке шақыра білген Бәтима Сақауова журналымыздың №1 санына ақжолтай тілегін арнап, тұңғыш оқырманы болып жазылып, ақ батасын берген еді. Сол батаның қуаты журналымыз өз уақытында сапалы да сәнді, мазмұнды да мәнді қалпында оқырманымен жүздесіп жүр. 
Жарықтық апама еркелеп келгенде есіктен аттай бере: «Сақауова, мен келдім», – деймін. Кейде әріптестерім «Сақауова деп қалай қорықпай айта бересіз», – деп таңғалып жатады. «Неге айтпаймын. Мен оның ерке қызымын. Қалай айтсам да жарасады», – деуші едім. Сөйткен менің Бәтимамсыз, менің Сақауовамсыз қыс өтіп, көктем де келді.

ТЕЛЕФОННАН ТІЛ ҚАТПАЙДЫ

Күнде жұмыстан келгеннен кейін міндетті түрде телефон соғамын. Өйткені өмір бойы қызмет етіп, қоғамдық жұмысқа араласып, түзде жүріп үйренген адамға төрт қабырғаның ішінде уақыт өткізу оңай емес. Еліміздегі жалпы жаңалықты газеттен оқып, телеарнадан көріп отырса да ішіне еніп, араласып жүріп көргендей болмайды ғой. Менің еркелеп әңгіме айтатынымды беске біліп алған апама қоңырау соғып: «Мать, қалыңыз қалай?», – десем, «Привет», – деп өзі де еркелей жұмсақ амандасып: «Не жаңалық қала мен далада», – деген сұрағынан бастайды. Күнде не айта бересің. Содан мынаны ойлап таптым. «Сақауова, сіз теледидардан кино көресіз ғой. Маған кейде уақыт жетпей жатады. Сондықтан мен кешке келіп сұраймын, сіз бәрін айтып бересіз. Содан ол киноны мен де көрген боламын», – деймін. Апам оған мәз болып, енді қоңырау шалғанда кино туралы айтатын болдық. Үйде жүргендерге «Әй, кино басталатын уақыт болды. Қосыңдар менің арнамды. Кешке Гүлжиянға есеп беруім керек», – дейді екен. Бұл маған әңгіме қылып айту үшін ғана емес, өмір бойы қызметте жүріп, жауапкершілік жүгін сезінгеннен деп ойлаймын. Маған айта алмай қалуды өзіне ұят санап, соған мазасызданатын болу керек. Партияның тәрбиесі мен уәдеде тұрудың бір белгісі бұл дегеніңіз. Кейбір кезде қонаққа барып кешігіп келетінім болмаса, былайғы кезде менің үйге келетін уақытымды біліп, өзі қоңырау шалады. Кейде босағадан аттап келе жатқанда қызыл телефоным менің келгенімді жар салғандай шырылдай жөнеледі. Бірден тұтқаны аламын да: «Мать, мен үйге енді кірдім» немес «Сақауова, менде бәрі жақсы, қазір жуынып-шайынып алайын, содан әңгімені бастаймыз», – деймін. Қырық күн болды сол сымсыз телефон үнсіз. Қара жердің қойнына қимайтын қайран асыл жан. «Тірлігіңде сыйласпасаң, өлгеніңде жыласпа» дегендей, сыйластығымыз қимастыққа ұласқан аяулы апамды сағынып жүрмін. Үйіне қоңырау шалып, туыстарымен болса да бірауыз тілдескім келеді. Бірақ менің Сақауовамның дауысын ести алмайтынымды ойласам жүрегім толқып кетеді. Қызыл телефонымды қолыма аламын да: «Жатқан жерің жайлы болсын, апа», – деймін де тұтқаны қайтадан орнына қоям. Неге бұлай? Шынымен бұл анамнан көрген мейірімді осы кісіден де сезінгеннен шығар. Өмірден өтерден біраз уақыт бұрын бойына бар күшін жинап, қолына қалам алып, бір жапырақ қағазға: «Ерекше алғыс – Гүлжиян Сүлейменова сіңліме. Барлық жасаған жақсылығың, маған деген жүрегің, адамгершілігің, еркелетіп берген подароктарың, өмірде мәңгілік жүректе сақталды. Ол дүниеде де аруағым қолдасын! БӘТИМА АНАҢ!», – деп жазып кетіпті. Апамның маған қалдырған соңғы естелігі осы. Соңғы сапарға шығарып салар сәтте қара-құрым ел жиналды. Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы тікесінен тік тұрып қызмет етті. Ол кісі де облыс көшіп келгелі бері Бәтима апамды жақсы біледі. Әкім болғаннан кейін ғана емес, оған дейін де Есболатқызына деген құрметі ерекше еді. Облыс басшысы болғалы да әр жылғы туған күні мен мерекелерде естен шығармай міндетті түрде Бәтима апамның қал-жағдайын біліп, сый-сияпатын жасап тұрды. Жаназаға жиналатын елдің көп болатынын біліп, Достық үйінің кең ауласында қаралы жиын өткізді. Сол жерде Бәтима Есболатқызының мына өмірде өз орны бар, Жетісудың анасына айналған жан екені туралы тебірене сөз сөйледі. Амандық Ғаббасұлымен бірге облыстың бұрынғы басшылары Серік Шаяхметұлы Ахымбеков пен Серік Әбікенұлы Үмбетов ел анасымен қоштасу сөздерін көңілдері толқып, жүректері тебірене жеткізді. Мемлекет хатшысының қоштасу хаты оқылғаннан кейін облыстың бас имамы жаназа намазын оқып, дұғасын жасаған соң көпшілікке бұрылып, шариғат үкімі бойынша: «Қандай адам еді?», – деген сұрағын қойды. Қарақұрым елдің бірауыздан «ЖАҚСЫ АДАМ ЕДІ» деген жаңғырта үш қайтара айтқан сөзі Бәтима апамның рухын зеңгір көкке көтеріп әкеткендей болды. Шынымен де ЖАҚСЫ АДАМ ЕДІ ЖАРЫҚТЫҚ!

Гүлжиян Сүлейменова,
Алматы облысының Құрметті азаматы


ПАРАСАТТЫ ЖАН ЕДІ

Бәтима Есболатқызы он   жеті жыл облыстың атқару комитеті ТӨРАҒАСЫНЫҢ орынбасары болып еңбек етті. Ол уақыттар асыл жанның өмір парағында өнегелі іздерімен өшпестей жазылып қалды.
Сол кезде облыста 134 ұжымшар мен кеңшар бар еді. Соның бәрінің орталығында 624 орынды мектеп, 140 орынды балабақша, ФАП салғызып берді. Яғни, осы ғимараттарда Бәтима Есболатқызының қолтаңбасы қалды. Ал Талдықорған қаласында бүгінгі күнге дейін халықтың игілігіне пайдаланып отырған көптеген нысандар да сол кісінің елеулі еңбегінің жемісі. Атап айтсам, облыстық және балалар ауруханасы, туберкулез диспансері, қалалық емхана, индекренологиялық диспансер, Бикен Римова атындағы драма театры, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы, орталық әмбебап дүкен сияқты көптеген рухани ошақтар мен мемлекеттік мекемелердің бой көтеруіне зор үлес қосты. Ағайынның ұйытқысы, елдің берекесі бола білді. Содан болар, Қорғаныс министрі болған күйеубаласы Сәт Тоқпақбаев жанындай жақсы көретін қызы Раушаннан ерте айырылса да, Бәтима апайымыз өмірден өткенше араласып, қадірлеп өтті. Ол кісі де аналық мейірімімен үлкен парасаттылық көрсетті. Мен апайымыздың өмірі мен елге жасаған қызметін жас жеткіншектерді тәрбиелеу үлгісі деп айтар едім. 

Аманғазы Шегіров,
Алматы облысының Құрметті азаматы


ҚАЗАҚТЫҢ ДАНА ҚЫЗЫ

Бәтима апамыз  партия сардары, Ұлттық мәдениеттің жанашыры еді. Жас ұрпақтың жүрегіне жол сала білген білімді де ұлағатты ұстаз болатын.
Маңдайына бұйырған қызметті мәнсап деп қарамай, керісінше, оны ел алдындағы жауапкершілік деп сезініп, соған лайық адал еңбек еткен аяулы жан. «Батамен ел көгереді» деген текке айтылмаған сөз. Бәтима Есболатқызының ақ батасымен талай қыздың бағы, небір жігіттің жолы ашылған. Елдіктің туын көтеріп, дәстүр-салтымыздың, төл өнеріміздің жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың адал перзенті. Ең бастысы, өзінің жеке басының үлгісімен, мұнтаздай тазалығымен халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде көре білуімен ерекшеленген ана. Қай өңірде еңбек етсе де артында бос сөз емес, өнегелі із қалып отырды. Ол кісінің көзінің тірісінде-ақ мұндай көңіл марқайтар сөз аз айтылған жоқ. Қазақ: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дейді. Біз Бәтима апамыздың жақсылығын сөз еткен сайын ол кісінің арғы өмірінің де мерейлі болуына себепші боламыз. Әрбір айтылған жақсы сөз дұға дейді. Ал өмірден өткен адамның соңынан дұрыс сөз айту оның қабірінің нұрланып, жанының жәннатта болуына себепші болмақ. Лайым солай болғай. Осы өреден ой тұжырымдасақ, қазақтың дана қызы, асыл апайымыздың даңқты өмір жолы, ғибратты да тәлімді істері келер ұрпаққа жұғысты болса екен деймін. 

Наурыз Қылышбаев,
Алматы облысының Құрметті азаматы


Ғасыр-ана ғибраты

Тағдырында тауқыметке мойымай, талай игі іс тындырып, тіршілігін еліміздің өркендеуіне арнаған Бәтима Есболатқызы менің өмірімде де ерекше із қалдырды.
Жер жаннаты Жетісу өлкесіне аяқ басқан тұстан бастап ақылман, пейілі дария қария әрбір қадамыма  қуат беріп, демеп отыратын. Туған анамдай еркелетіп, қолдайтын. Мейірім шуағы себезгілеген жүзінен қазақ қызының қайсар рухы сезіліп тұратын. Ғасырға жуық жасаған ғұмырында даналығымен дараланған асыл  ананың парасат-пайымы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Саналы тірлігіне тірек болған қызмет жолында талай жанға қамқор болып, бағыт-бағдар беріп, Жетісу өңірінің қалыптасуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан ардагер анамен алғаш танысып, сұхбаттасқанымда: «Қазақ елінің бағына қонған Елбасыдай дана перзенттің туған өлкесіне қош келдің, балам! Игілікті еңбегіңнің жемісін халқың айтады. Сол жұртың керегін айтып алдыңа келгенде кішілік таныта білсең, қамқорлық етсең, бойын тіктеп, бекемделеді. Сондықтан ел үмітін арқалаған абыройлы қызметте әрдайым халқыңа жақын болуды жадыңда ұста!», – деп батасын беріп еді. Көзіммен көріп, сөзін тыңдап, ел басқару туралы айтқан құнды пікірлерін, келелі ойларын санама сіңірдім десем артық айтпайтын шығармын. Өмірінің соңғы сәттерінде қасынан табылып, даналығының дәнінен сусындағаным үшін Жаратқанға мың разылық айтамын. Ол кісінің бойындағы қажыр-қайраты, отаншылдық пен елжандылықтың биік үлгісі жастарға жұғысып, жақсылығы ұрпағына жалғассын. Асыл Ана, Ғасыр Ана – Бәтима Есболатқызы мәңгілік ел жадында болары анық.

Бақтияр Өнербаев,
Текелі қаласының әкімі