Ақпейіл ұстаз

Уақыты: 14.06.2018
Оқылды: 1497
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы, – деген ақын Ғафу Қайырбековтің осы бір шумақ өлеңінен мақаламның кейіпкері, асқаралы алпыстың нақ ортасына табан тіреген ақпейіл ұстаз, білімнің қара шаңырағы    І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің “Кәсіптік оқыту және техникалық пәндер” кафедрасын ұзақ жылдар басқарған физика-математика ғылымының кандидаты, доцент, академиялық профессор Айтбай Рахымбековтың бейнесін көруге болады.

Айтбай Жапарұлы 1953 жылы 14 маусымда сол кездегі Гвардия ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Қаспан орта мектебін үздік бітіріп, Д. Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтына түсіп, денсаулығына байланысты Қазақ химия-технологиялық институтына ауысып, оны 1977 жылы «Электрохимиялық өндіріс технологиясы» мамандығы бойынша тамамдап, «Инженер-химик» біліктілігін үздік бітіріп шықты. 1986 жылы Ленинград қаласындағы Ресей ғылым академиясының А. Иоффе атындағы физика-техникалық институтында «Жартылай өткізгіштер және диэлектриктер физикасы» мамандығы бойынша «Жартылай өткізгіштердегі оттегі құрамын қатты тотықты супериондық өткізгіштермен басқару» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, Талдықорған педагогикалық институтының жалпы физика кафедрасының аға оқытушы қызметіне алынады.
Айтбай Рахымбеков 1990-1995 жылдары жалпы физика кафедрасының меңгерушісі қызметіне сайланды. Осы уақытта оның басшылығымен физика-математика факультетінде алғаш рет ғылыми-зерттеу зертханасы ұйымдастырылып, жаңа ғылыми «Қатты тотықты суперионды өткізгіштерді зерттеу», «Металл-жартылай өткізгіштегі фазалық алмасу құбылысын зерттеу» бағыттарындағы жұмыстарды тез дамытып, республикалық мемлекеттік бюджеттен қаржыланатын грантын жеңіп алды. Кафедраның халықаралық ғылыми байланыстары Ресейдегі Мәскеу, Ленинград қалаларының әйгілі жоғары оқу орындарымен,      А. Иоффе атындағы физика-техникалық институтымен тығыз дамып, өзінің ғылыми жетекшісі Ресей ғылым академиясының академигі, Нобель сыйлығының лауреаты, Ж. Алферов, академик              Б. Захарченя, профессорлар М. Ведерников, Ю. Гербштейн, Н. Тимощенко сияқты ғалымдар шақырылып, біздің білімгерлерге арнап дәріс оқылды. 
Жалпы физика кафедрасына Айтбай Жапарұлының ықпалымен «Молекулалық», «Электродинамика», ғылыми-зерттеу зертханаларына алғашқы рет электрондық зерттегіш құралдар, вакуумдық технология бойынша арнайы жартылай өткізгіш қабыршықтар алатын Белоруссиядан күрделі құрылғылар ВУП-5  алынып, оқу үрдісіне енгізілді. Кейіпкерім 1996-1997 жылдары физика-математика факультетінің деканы қызметіне сайланды. Осы уақытта факультеттегі шаруашылық келісім шарттар бойынша атқарылатын, өзін-өзі қаржыландыратын ғылыми жұмыстар тез дамыды. Келесі аралықта университетіміздегі реорганизацияға байланысты “Кәсіптік оқыту және техникалық пәндер” кафедрасын  жиырма жылдан астам уақыт басқарып, оның оқу-ғылым саласындағы жаңа бағыттарын дамыта отырып, ҚР БжҒМ тарапынан келген және бірнеше халықаралық аттестациялау сынақтарынан оң бағамен алғы межелерге шығарды.   
Айтбай Жапарұлы қазіргі уақытта арамыздағы ардақты зейнеткер, жаратылыстану-техникалық факультетінің «Кәсіптік оқыту» кафедрасының доценті, ф-м.ғ.к., академиялық профессоры, Ресей жаратылыстану академиясының “Ученые России” атты энциклопедиясының жоғары рейтингтегі мүшесі, оның құрметті ғылым докторы, профессоры және Балтық педагогикалық академиясының мүше-корреспонденті. Оқу білім саласындағы еңбектері үшін Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, Құрмет грамоталарымен, «Еуропалық ғылыми-өндіріс консорциумы» шешімі бойынша техникалық және физика-математикалық ғылымдар саласындағы атқарған үлесі үшін бүкіләлемдік және Ресейлік ғалымдарға табыстайтын «Wilhelm Leibniz» және «Isaac Newton» медалімен, Ресей жаратылыстану академиясының «Ғылым және техникаға еңбегін сіңірген қайраткер» медалімен, ЖМУ-дің  Ілияс Жансүгіров атындағы медалімен марапатталды. Туған жері де білім мен ғылымды қос қанатына айналдырған перзентінің еңбегін бағалап, Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы» атағын табыстады.
Оның оқу-әдістемелік құралдары «Кәсіптік білім», «Физика», «Физика және информатика», саласындағы білімгерлер мен мамандарға арналған. Электрондық оқулықтары: «Жылу техникасы», «Гидравлика», «Материалдар кедергісі», «Мамандыққа кіріспе», «Машинатанудың теориялық негіздері» сияқты оқулықтары, курстық және дипломдық жұмыстарға арналған әдістемелік құралдары оқу үрдісінде жиі қолданылады. Оның негізгі оқу құралдары: «Кванттық механика», «Тәжірибелер нәтижелерін өңдеу», «Оқушыларды политехникалық пәндерге үйрету әдістері», «Жылу техникасы», «Молекулалық физика», «Жаратылыстану концепциясының бағыттарын зерттеу», «Қазіргі заманғы ұстаз келбеті» білімгерлерге арналып басылып шықты. Негізгі ғылыми еңбектерінің бағыттары: жартылай өткізгіштердегі оттегін қатты тотықты суперионды өткізгіштермен басқару, вакуумдегі жартылай өткізгіштер қабыршықтарын синтездеу, фазалық трансформациялық интерференциялық қасиетті нанотехнологиялардағы қабыршықтарды зерттеу. Қатты тотықты суперионды өткізгіштерді зерттеу нәтижесі бойынша оның ғылыми еңбектері екі жүзден асқан халықаралық, ТМД, ҚР кеңістігінде ғылыми басылымдарда жарық көріп, «Вакуум тығызды қосылыстар» атты авторлық шығармашылығы өндіріске енгізілген, куәлігі бар. Студенттердің ғылыми жұмыстарымен және оларды пәндік олимпиадаларға дайындаудағы еңбегі үшін ҚР Президентінің Алғыс хатын иеленді. Айтбай Жапарұлы білімгерлер мен әріптестері арасында абыройлы, майталман ұстаз, үлгілі отбасының отағасы.
Жан жары Назигүл Рахымбекова Пермь мемлекеттік фармацевтік институтын бітірген, қазіргі уақытта аймақтық денсаулық сақтау саласының қызметкері. Үлкен ұлы Арнұр Айтбайұлы 1979 жылы  туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бітірген, э.ғ.к., мемлекеттік қызметкер. Екінші ұлы Әділ Айтбайұлы 1990 жылы туған. ҚХР жоғары оқу орнын, магистратурасын бітірген қытай тілінің жетекші маманы, мемлекеттік қызметкер. 
Ұлағатты ұстаз шәкірттері мен оқытушы-профессорлық құрамының арасында абыройы биік. Өйткені ол өз кәсібінің майталманы, оқу және ғылыми жұмыстарын қатар ұстай отырып, рухани күш-жігерін, парасат-қуатын шәкірттерінен аямайтын майталман шебер. Ол табиғатынан қарапайым, мейірімді, жоғары интеллектуалды және өнерлі жан. Көптеген музыкалық аспапта ойнап, халық әндерін нақышына келтіріп айтқанда, оның үлкен жүректі, нағыз Ұлы Дала перзенті екеніне көз жеткізесіз.
Бүгінгі 65 жас мерей тойыңыз құтты болсын ардақты ұстазымыз, сіздің таусылмас күш-қуатыңыз, жылы жүзіңіз, даламыздай дарқан көңіліңіз, терең біліміңіз бен ақылыңыз бәрімізге әрқашанда үлгі. Жаратқаннан сізге ұзақ өмір, зор денсаулық,  отбасыңызға береке, игі жақсылық берсін деп тілейміз!

Амангелді Құрманбаев, 
ЖМУ жаратылыстану-техникалық факультеті кәсіптік оқыту және
техникалық пәндер кафедрасының меңгерушісі, доцент, п.ғ.к.