ҰСТАЗДЫҚ - МАМАНДЫҚ ЕМЕС

Уақыты: 20.02.2019
Оқылды: 1135
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұстаз болу – ол жай мамандық емес. Мұғалім баланы жан-тәнімен түсіне білуі қажет. Мейірімділік, шыдамдылық, баламен тең дәрежеде сырласу сияқты қасиеттерді біріктірген адам ғана ұстаз деген атқа лайық. Осындай жанның бірі – Әлия Қауранбекова.

Он екі жылдан аса мұғалімдік тұтқаның тиегін ұстаған Әлия апай Сарқан ауданы, Бақалы ауылында 1975 жылы дүниеге келген. Ол орта мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтына «бастауыш сынып пәнінің мұғалімі» мамандығына оқуға түседі.

Өзінің ұстаздық жолын ең алғаш 2007 жылы Алматы қаласы, Жетісу ауданы №2 жалпы білім беретін орта мектебінде бастайды. Ол оқушыларға білім беріп қана қоймай, түрлі сайыстарға қатыстырып, балалардың өнерлі жақтарын ашуға тырысып келеді. Сонымен қатар, ұстаздық жолында олимпиада, конференция сынды аудан, облыс, республика көлемінде өтетін жарыстарға оқушылар дайындап, еңбегі еленуде. Әрине, жүлделі орындардан құр алақан қайтпаған. Мысалы, 2017-2018 оқу жылында 12 оқушысы республикалық олимпиадаға қатысып, жеңімпаз атанған. Еңбегі еленіп, Алғыс, Құрмет граматаларымен марапатталған.

Білім деңгейі бойынша алдыңғы қатарлы сыныптың бірі саналатын Ә.Шаймұханқызының оқушылары спорттық жарыстардан да қалыс қалмаған. Атап айтсақ, шәкірттері Данияр Бауыржан, Жәнібек Мамбеталиев, Мирас Искаков, Айбын Қапыш күрестен облыс, республика көлемінде жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуде.

Жоғарғы санатты ұстаз өз білімін жетілдіру мақсатында «Өрлеу» оқыту курсы мен біліктілікті дамытуға бағытталған семинар-отырыстарға қатысты. Ол білікті мамандармен пікір алмасу арқылы мамандығына жаңа қырынан қарай бастады. Апайымыз жақсы спортшы мәртебесіне де ие. Волейболдан командалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүреді. Айталық, арқан, бұқа тартыстан, волейболдан І орыннан көрініп жүр.

Әр жылда өзі жетекшілік ететін сынып оқушыларымен концерттік бағдарламалар дайындап, өнер көрсетуден жалыққан емес. Сондай-ақ, жастарды патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында ашық тәрбие сағаттарын ұдайы өткізеді. Бүгінгі таңда еңбегі бағаланып, жоғарғы санатты ұстаз атанды. Өзінің ие болған жетістіктерін білікті маман Әлия Қауранбекова балаларының, мектеп ұжымының қолдауымен жүзеге асқанын мақтанышпен әңгімелейді.

Биіктік белесін бағындырған Әлия апайдың өмірі мен ұстаздық жолы – жас мамандар үшін үлгі. Ұстаздық еңбек етуде қажымас қайрат тілейміз.

Сәуле ТАСИРОВА,

Жетісу ауданы, №2 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып әдістеме бірлестігінің жетекшісі

Алматы