СЕКСЕНІНДЕ СЕКСЕН ШАҚЫРЫМ ЖОЛДЫ ЖАЯУ ЖҮРДІ

Уақыты: 14.03.2019
Оқылды: 1694
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жаһанға жар салып, дабыра қылмай-ақ өзі туған Жамбыл ақын ауылына жаяу жорық жасауды іштей жоспарлаған ақын-жазушы Орысбай ӘБДІЛДӘҰЛЫ өзінің 80 жасқа толған мерейлі шағын ерекше атап өтті. Орағаң байырғы спортшы ретінде өзін-өзі бабында сақтаған сергек адам. Мерейтойы қарсаңында туған ауылы Алматыдан тұп-тура 80 шақырым аралықтағы Жамбыл ауданы, Жамбыл ақын ауылына жаяу барып келуді алдына мақсат етіп қойды.

 

Қаламгер мұндай жаяу жүргіншілік жорыққа о бастан-ақ дайын болған. Бұрындары қалалық спорт комитеті жыл сайын  Жамбыл Жабаев туған ақпан айында абыз ақын ауылына шаңғышылар жорығын ұйымдастыратын. Орысбай ағамыз да аяғына шаңғы байлап, сол дүрмектің бел ортасында жүретін. Олар аудан орталығы Ұзынағашқа бір түнеп, ертеңіне Жамбылдың музей үйіне жетіп тоқтайтын. Бұл үрдіс соңғы жылдары тоқтап қалып еді.

Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» газеті ойластырған жаяу жорыққа қосылған Орағаңның жүз шақырымдағы Сүйінбай кесенесіне дейін шалдықпай сергек жеткені ел есінде.

– Күш-қуаттың барында қара жерді нық басқым келеді, – дейді Орағаң бойын тіктей түсіп. – Майтөбенің баурайында қой бағып, қозы қайырғанның пайдасы шығар. Сосын әскерде саперлар отрядында үш жыл қатарынан соғыста жарылмай қалған бомбы, снаряд, гранаттарды залалсыздандырамыз деп зыр жүгіргеніміздің де кәдеге асқаны анық. Мен қазір де күніне 10 шақырым жаяу жүріп, таза ауа жұтамын. Алматының Қаскелең жақтағы біз тұрған «Ақкент» ықшамауданы ертеңді-кеш самал есіп, адамды ауылға жүр-жүрлейтіндей хал кештіреді.

Иә, қаламгер ағамыздың үлгі тұтарлық үрдісі кісі қызығарлықтай. 80 жасын сексен шақырым жаяу жүріспен қарсы алыпты. Қара жерді нық басып, туған жерге жаяу барып-қайтқанға не жетсін?! Тағы бір ерекшелігі, қаламгер ешкімді әурелемей, дабыра-даңғаза қылмай соқа басы тәуекел етіп, жол қапшығын арқалап, темір таяғын ғана жанына серік етіп, 80 шақырымдық жолда екі күн түнеп (Шамалғанға, Ұзынағашқа) үшінші күні туған ауылы Жамбыл музейіне жеткен.

Қалам қуатынан да, жаяу жүрістен де шалдықпаған Орағаңның осындай ерік-жігері жастарға үлгі болып, үрдіске айналса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Ізбасар ОРАЗБАҚҰЛЫ,
Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт шебері