"ҚАТЕЛІКТІҢ КӨЗІ ӨТКІР": АҚЫН ЖҮКЕЛ ХАМАЙДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНА ШОЛУ

Уақыты: 26.09.2019
Оқылды: 1420
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Сан ғасырлар бойы қасірет пен қайғының кермек дәмін татып, андағайлап келген дұшпанына аруақтанып қарсы тұрған, сан шайқаста бел бермей бәсі жоғары түскен, айбыны асқан қазақ халқының рухани шөлін қандырған бір ұлы өнер бар. Қай ғасырда болмасын біздің баһадүр жұрт сол өнерден өрісін алысқа тартып, шет кетпеген. Ол, әрине, поэзия. Кешегі найза ұшында намысы жарқылдаған дәуірлерде де, одан бергі жыраулардың жұмыр жерге жырмен үстемдік еткен тұсында да, Абай мұңы мұздақтарды жібіткен кезеңде де, Мұқағалилардың қапа-қасіреті қанды тулатқан шақта да сол поэзия өкілдерінің яки шайырлардың шалқар ойы шөл қандырар, өмір ұзартар Әбілхаят суындай рух пен руханиятқа қызмет етті. Ел еңсесін алмас қылыштай өткір жырлармен көтерді. Шөліркеуден аулақ болды. Сонда ақын деген талант-тақсырының жүрегін не деуге болатын еді? Біздіңше, ақын жүрегі – нәрлі де құнарлы ұлы қайнар бұлақ болса керек-ті.

Қазақта жүрегінен жыр ағызған, жұрт ардақтаған ақындар аз емес. Солардың қатарында қорғаны талдан болған, жеті өзеннен қуат алып, жыл сайын көркіне көрік қосып тотыдай түрленіп келе жатқан Талдықорған шаһарында түнде жортқан бөрідей поэзия көшінде аршындап асқарға ұмсынған бір шайыр-жүрек тіршілік кешуде. Ол саяқ жүруден гөрі саумал сөзін көпке тосып, айналасындағы зиялы қауыммен тонның ішкі бауындай етене араласып кетуді жөн көретін, десе де жыры да, өзі де жұмбақ шайыр-ды. Жазғаны жаңа ғасырдан келген ғарыштық әлемнің өкіліндей өзгешелеу ме дерсің. Тіпті, жырларын оқып отырып оның сол жұмбақ әлеміне шым батып жүре бергің келетін бір аусар сезімнің жетегіне ере түсесің. Ол сонысымен де жанға жақын тұрады. Сонысымен де бәсі жоғары, нарқы биік секілді. Тіпті, шайырлары шалқыған талды шаһардың жазармандары оны «Әулие әкей» деп атап жатуының өзінде де мол сыр бұғып жатқандай. Ол талант-тақсырдың ныспысы – Жүкел ХАМАЙ.

Жүкел Хамай қазақ поэзиясына өзіндік үнімен келген ақын. Оның тамырында тулаған ыстық қаны сағыныш сезіміне ынтық. Қайталанбас қазақ поэзиясының шоқтығы биік өкілі Төлеген Айбергеновтің мәңгілік сағынышындай аңсар. Сол аңсардың алқымына көз жүгіртсек атамекенге қарай мойын созған жас таланттың ақтамақ арманында бүрлеген жырлармен көз сүртіп, көңіліңді көкжиекпен астастырып Отанға деген махаббаттың меңдей түсетінін іштей сезесің. Туған жердің тоқымдай топырағы тұрмақ, бір түйір тасының қадірін ат басындай алтынға алмастырмас сертке жығыласың. Бұл өлең құдіреті болса керек.

Соңғы 6-7 жыл бедерінде бірқатар дидарласқан, көзтаныс болған Жүкел Хамай ағаның поэзиясын анда-санда басылым беттерінен оқығанымыз болмаса, жекелей кітабына жүгініп көрмеппіз. Дегенмен, жуырда ғана қолға түскен «Күн ертегісі» атты жинағын жамбастай жатып оқып шықтық. Таңдандық. Тамсандық. Шыны керек,  өлеңдеріне бас қойғанда жырды осылай да жөңкіте жазуға болады екен-ау деп ойланғанымыз бар. Содан барып атамекенге ұлы аңсармен ат басын бұрып, қазақияның төрінде шығармашылығымен еркін айналысып жүрген шайырдың жұмбақ сырларын тарқатып көруге ниет таныттық.

Жүкел Хамай Моңғолия жерінде от жүрегін тулатып өмірге келген. Жастығы да тіршілігі қазақпен туыстас елде өткен. Содан болар, оның бойында туған елге, атамекенге деген сағыныш мол. Тіпті, асқар таудың етегінің әр-әр жерінен шым-шымдап бұрқылдай шығып жатқан бұлақтай сағыныш ғазалдары оның жүрегінен жыр болып төгілген.  Сол сағыныш сезімдері ақынның жырларына жан бітіріп, ақындығын арындатқандай.

Қазағының – Арұйығы,
Жер жаннаты – Жерұйығы.
Жатта жүріп болған бұйығы,
Мен балаңмын, қойныңды аш,
– деп атамекенге құстай ұшып келе жатқан шайыр-жүректің елді аңсауы, шынайы, зарыға аңсауы жан тербірентеді.

Боз ала таңда оянып, боз жусанның иісін құныға бір жұтсам ғой деп армандаған батыр бабалардың қаншасы атамекенге табаны тимей кетті. Дегенмен, Мысырда әмірлігін жүргізген Бейбарыс сұлтанның сағынышы сертке айналып кете барған. Боз жусанның бұрқыраған иісіне қолоқпандай қоңқа мұрынды бір тойдыра тығып, құмарлана иіскеймін, кіндіктің тамшы қана үзіліп түскен құтты өлкеме күндердің күні құсша ұшып жетемін деген ұлы арман күміс сақал сұлтанды сақи сахарасына жетелеп келді емес пе? Сол секілді жалындаған жастығы жат жерде өткен шайыр-жүрек те дүрсілінен бір танбай дүлдүлдердің дүбірі ауық-ауық естілер атамекеніне мойын создыра берген. Жүректегі ыстық жалын жас ұлғайған сайын алаулай жанып тәнін балқыта түскен. Содан барып Жүкел жырға жүгінгенде сағыныштан сырт айналып кете алмай, шідер үзіп алыстай алмай, Мұқағалидың «Екі жыр жазсам саған бірін арнап» деп толғанғанындай, әр өлеңіне туған жерге деген сағынышты сабақтастыратын болған.

Түн жамылып, 
Бөтен елде күрсінем, мен –
Тұмар қылып тағатұғын
Топырағынан нәр алған,
Үзіп алса – өлетұғын
Талшық шөбі мен екем!
Туған елді сағындым,
Бөтен түнін жамылдым.
Шала өліктей – тағдырым
Айтшы, мені кім үзген?!..
Түн көтеріп
Бөтен елде
Осылай деп, күрсіндім!
Түн көтеріп,
Бөтен елдің,
Топырағында күрсіндім!

Дүниені қарапайым жаннан артық танитын, өмір құндылығын өзгеден ерек бағалайтын, ұлт мұратын басқадан артық көксейтін қаламгерлердің, ақындардың сағынышын салмақтауды қоя тұрып, жат жұртта жүрген қарапайым жанның өзі Отанды ерекше аңсайтынына бір сәт сана жетелетіп көрелікші. Ол да жұдырықтай жүрегіне жай таптырмаған аңсар сезімінің құшағында жүріп үйірін аңсаған күліктей бір қиырда жалын желге тарата мұңлы дауыста кісінейді емес пе? Құдды сол күліктей азынай кіснер-ді. Ал қарапайым жанның өзі арып-ашып сағыныш сезіміне солайша бой алдырғанда шайыр-жүрек шетте қандай күйге бөленді екен?! Оны да Жүкел жырына жүгінген жан түсініп-түйсінсе керек-ті.

Сахарада түйе қомдап, тұлпар мінген қайран ел,
Қайғы-мұңға қаншама жыл жатты сыңсып сайран бел.
Бақыт іздеп, баз кешкенін өзі үшін деп ойламан,
Сарыарқаның кең төсінде шәйіт болды қаншама ер?
Жанарымнан тамған жасқа мұз қатырды өгей жел,
Өз тауыма табан тиді,
О, Тәңірім, жебей көр!..

Осынау ғажайып шумақтан ақынның туған жердің топырағына табаны тиіп, төбесіне күліктей жортып шыққандағы шаттықтан шадман күйге бөленгенін көруге болады. Неткен сәтті шыққан жыр жолдары еді. «Жанарымнан тамған жасқа мұз қатырды өгей жел», – деген бір ғана тармақтың өзі ақын сағынышының қаншалықты тереңде жатқанын, атамекенді қаншалықты аңсап жеткенін танытпай ма? Тіпті, айшықтап көрсетудің өзі артықтау секілді. «Оқы да түсіне бер. Түйсіне алмасаң түйсік-төрдің тарлығы деп біл!» деп Асқар Сүлейменовше оқырманға қатал талап қойғың келеді-ақ екен.

Хош, Жүкел Хамай ныспылы шайырдың сағыныш ғазалдарының астарына бойлап, ұлы аңсарын тарқатып бере алмаспыз. Түбіне жеткенше түн жортулын талай тәулікке ұластырар терең талдауға бару керек болады. Оған уақыт тар. Ал Төлегеннің ұлы сағынышындай оның да өзгеше аңсарын, Отанға деген аусарын аңдағысы келген жандар әрбір жырына зейін салса жеткілікті. Мәселен «Алтайға арнау» атты өлең топтамасындағы  қазақтың ғажайып ақыны Жәркен Бөдешке арнаған «Мұңлы арман» жырын алға тартуға болады. Ол туындыда ақын:

«Бозаң тау боз емшекті,
Емшегін кім ембепті?!
Тұлып иіскеп, исініп – 
Талай күн босқа өтіпті!
Алтайда бар үш емшек,
Үш егізі еміншек...
Үшке бөлген үрпегін,
Қос айдаһар – келімсек...
Біреуін емді жақсы аға,
Біреуін көрдім мен бала.
Түртіншек қозы секілді,
Көрінгеннен жасқана!»
– деп жырлайды. Осы бір ғазал жырдан Жүкел Хамайдың ақындық қуатына сәт сайын құйылып отырған ұлы күштің негізгі өзегі сағыныш тақырыбы бола білгенін айқын пайымдауға болатындай.

Ақын өмірді өзгеден артық таниды. Қырағылығы қырандай болғаннан соң шайыр біткен өмірден шындықта емес, шыншылдықтан өмір іздейді. Ашынған кезінде алқымына келген жүрек сөзін айна-қатесіз қағазға қотарады. Жасын шарап қып сіміреді. Жанын қайрақ қып, жігерін жаниды. Сөйтіп тот баспас алмас жырды көңіл қынабынан суырып алып, жарқылдата көкке ұмсына түседі. Жүкел ақын да табиғат сомдаған болмысына сай ғұмыр кешіп келе жатқан шайыр. Өлеңге адал. Кезінде Мұзафар ақын Әлімбаев: «Қолына қалам ұстаған сайын қайткенде бір жаңа сөз жасамақ болып, әурелену де әбестік шығар. Алайда ғұмырында бір сөз жасауға талпынбайтын не талпынбаған қаламгерді мен түсінбеймін», – деп күнделігіне жазғаны бар. Ақынның айтқанына иланасың. Қаламгер бола тұра өз қолтаңбасын қалыптастырмаған жазарманды кім деуге болады? «Стилі жоқтың жазбасын оқыған арпа-талқанды құрғақтай асағанмен тең» демеуші ме еді проза сүлейі Сүлейменов?! Осы тұрғыда ой сабақтасақ «өлеңім – өмірім» деп таныған Ж.Хамай жырларында жаңашылдық бар. Жырлары тіпті қазақ ақындарына келіңкіремейді, басқаша. Жаңаша сипатта. Мәселен:

Бейшора, аққу деген құстың да!..
Қыс қырауында мұз теңізге келіп алған, қатын-қалаш,
Қаңғыбас жүргіншіге ермек болып, аппақ ару төсімен
Мұз айдынды осқылап, туған айдай қылша мойынын
үзілгенше созып, жағаға қарай ұмытылады.
Толқынмен келген аязбен бірге,
Қарлығыңқы үн жүрекке құйылады!..
Жаңа жылды қарсы алған, ақша қыздар ақ көйлектерін киіп алып, мұз айдынды жарған аққулармен бірге, әлде бір мұңды әуенге салады.
Мұз жарған аққулардың мұңды үні,
Көкірекке мұздай суық шер құяды!
– деген жыр жолдары.

Қарапайым оқырман бұл ақын не айтып кетті деуі де мүмкін. Алайда «Маңғыстау әуендері» топтамасындағы «Аққу» атты бұл өлеңде ғажайып тағдыр жатыр. Адам түсіне бермес аққудың мұңы жатыр. Оны бір көрсе шайыр көріп, бір таныса ақын таныр.

Осы секілді Жүкел Хамайдың өзге де жырлары адам жанын қызықтырар, елтіп алып кетер өзгешеліктен тұрады. Соның тағы бір парасына назар аударайық.

Ыдырап, шашылған сейіл бұлттар,
Көне тулақта сабалған жүндей көрініп.
Көпіріп ұшқан ақ қылыштар,
Өлең туған түннің сәулесіндей сезіліп.
Түстіктің самалы шашымды тарап,
Түстікке қарай өлеңім ұшты.
Түстіктің құстары жүректе сайрап,
Түстіктің аңызы санамды құшты.

Міне, осындай жырлар Жүкел Хамай шығармашылығындағы кейбір өлеңсүйер қауым үшін жұмбақ та қызық көрінгенімен нарқы қымбат туындылар. Осындай туындылардың бір парасын оқып шыққан қазақ поэзиясының классигі, көрнекті ақын Есенғали Раушанов: «Жақында бір кісі маған Жукель Хамай деген моңғол ақынының (Автор осылай деп айтыпты, Моңғол тілінде жазатынын айтса керек) топтамасын берді. Қызық екен. Сол секілді ақындарды көбірек аудару керек», – деп ой қорытқан. Тебіренгеннен айтса керек. Өйткені, көбірек аудару керек деген сөздің өзі қазақ оқырмандарына қажет көркемдік, ой тереңдігі сол ақындардың шығармашылығында жатқанын яки Жүкел Хамай туындыларынан көрінгенін меңзегендей.

Жүкел Хамайдың «Күн ертегісі» кітабын оқып отырып тағы бір ақынның ерекшелігін аңдағандай болғанымыз бар. Ол – ақынның табиғаттың төл перзентіндей тұмса тылсым жаратылысты ерекше тануы, оны қаз қалпында боямасыз бедерлеп-бейнелей білетін суреткерлігі. Ақынның кез келген жырларын алып қарасақ, онда жосыған киіктің, ұшқан құстың, қыбырлаған жәндік пен мүлгіген ормандағы түрлі тіршілік атаулының, алуан түрлі өсімдіктің біз байқай бермейтін өзгеше сипаты суреттеліп, көз алдыңа келеді. Құйылып түскен салмақты жырларына сол теңеулер мен суреттеулер ерекше көрік беріп, іштей сүйсінтеді.

Еліктіреді. Елітеді.
Жасыл шөптің бүрінен күн қылтиып ұрлана,
Жаймашуақ сыр шертер жапырақтары ырғала.
Өрмекшілер өрмекпен алуан түрлі тор тоқып,
Өмірде жоқ ғажайып ойлар түсер жырға да,
– деп жырлаған ақынды кезінде жазушы Дәурен Қуат: «Жүкел өзінің атажұртына көнеріп кеткен жыраулар тілін, содан кейін дзэн-буддизм сарынын алып келді. Айтар ойымызды осы тұрғыда топшылап таратар болсақ, Жүкел – ақын ретінде құбылыс деуге тұрарлық тұлға. Ол... Абайды, Махамбетті, Жұматайды, Мұқағалиды, Төлегенді моңғол тілінде сөйлетті», – деп бағаласа, моңғол қаламгері Болд-Эрдэнэ Жамьянгийн өлеңіндей жұмбақ адам екенін тілге тиек ете келе, қазақ ақындарын Жүкел Хамай арқылы танып, білгендерін ерекше атап өткен-ді. Осындай жақсы лебізді сан қаламгерден естіп, шығармашылығы жөнінде іркес-тіркес пайымды лебіздер тыңдаған ақынның қазаққа әлі де берері мол деп пайымдаймыз.

Қазақ ақындарын өзге ұлтқа танытып, жыр жазып, аударма саласында да жемісті еңбек етіп келе жатқан Ж.Хамай жазбалары тұрғысында пікір білдірген қаламгерлердің ішінде, моңғол елінің көректі тұлғасы Содномпил Ойдовынның пікірі де жанға жылы тиеді. Ол: «Оның өлеңдерінен өмірдің мән-мағынасына, көкірек тазалығына, табиғаттың тылсым сырларына құлшыну сезіледі.  Біз жетуге құмартып жүрген белгісіз алыстың, кеңістіктің (ой өрісінің) даусын естіп, соны сезіп тұрғаны айқын білінеді. Бірде оның оқыған өлеңдерін тыңдап отырып, өлең астарында жасырын сазды-ырғақ барын аңдап білдім. Мүмкін, домбыраның ырғағы!.. Үзілді-кесілді айтуға, дәл суреттеп көрсетуге болмайтын өң, бояу, дыбыс, үн деген болады. Ақынның құдіреттілігі соның құпиясын танып білуінде. Ақын жазған өлеңдердің барлығы ду қол шапалақ соқтыруға тиіс емес. Жүрек мұңына адам шапалақ соқпайды да. Жападан жалғыз тыныштықта оқитын, терең ойларға жетелейтін бедерлі өлеңдер болады. Жүкелдің өлеңдері соған саяды. Оның баратын жері бізден әлдеқайда жырақта», – дейді.

Ақиқатында ақынның мұңды жырлары адам жанын баурап, ол жыр өз жүрегіңнің мұңымен сабақтасып кеткенде шайырдың қаламының қасиетіне еріксіз бас ұрғандай боласың. Мұңлы жыр жаныңа қуат беріп тұрса да оны мәз болып оқымайсың. Мұңдана оқып, жүгіңнен арылғандай жеңілдеп саласың. Рухани шөліркеуден ада болғандай сергіп сала бересің. Сағынышы сартап таңдарға ұласып, құс қанатының соғуынан саз тыңдаған шайырдың жырларында сол сарын жатыр. Сол дыбыс сезіліп, құлағыңда жаңғырығады.

Отан-анаға деген ерекше сезімін жырға қосып, әлем әдебиетінің жауһарларын қазақ оқырмандарына ұсынып, өзінің Алла берген ақындық жолын дара даңғылға айналдырып келе жатқан Жүкел шайырдың шұғылалы шығармашылығына бас қоя отырып, оның өмірді де шексіз сүйетіндігін танисың. «Шіркін, әрбір адам ақынша ойласа, ақынша өмірді танып, сүйсе дүние атаулы құлпырған күйінде, күн жайнаған қалпында тұрар еді-ау» деп тебіренесің. Тебіренбеске шара да жоқ. Өйткені:

Жалғандықтан жеңілмес, құдіретті ақ шуақ, 
Жансыз бейне болсам да, жаныма кеп, жақ шырақ.
Қателіктің көзі өткір, жарық дүние бізді де,
Ақ бөзге орап, содан соң сыйлар ма екен ақ қырат,
– деп жырлаған Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, Түрік Дүниесі Поэзия фестивалінің лауреаты, «Моңғолия әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін» құрмет сыйлығының, «Heavenly Horse» поэзия сыйлығының, «Crane Summit International Poetry Medalion» құрмет медалінің иегері, ақын, аудармашы Жүкел Хамайдың мөлдір жырлары жанға шабыт, көңілге қуат береді.

Жауған қардай бақиға ежелгі арман тіріліп,
Жан жүректің шуағы шыңға өрмелеп ілініп.
Тау басында білінбес мұз құрсанған жолдармен,
Пері қызы жүгірер зәмзәм алып сүрініп.
Жан алғыштың алдында шырылдаумен жатар жан,
Таусылғанын сезініп тірліктегі татар дәм.
Сосын суық көк Айдын мекеніне айналып,
Мың құбылған тамырға таң боп тәнің, қалар һәм.
Белгісіз бір әлемнің қуысына тығылып,
Ақын қазақ отырар өлеңіне жылынып.

Осындай ойлы да сазды, астары алты қырдың астында жатқандай сырлы жырдың иесі Жүкел Хамай ныспылы шайырдың шығармашылығына бойлаған кез келген оқырман оның суреткерлігіне, сөзден мүсін тұрғызған сырбаздығына, философиясына тәнті болмақ. Қазақ поэзиясына қосылған жақұт жазбаларына құмарта түспек. Алпыстың асқаралы белесіне шыққан шайырдан әлі де талай шоқтығы биік шығарма күтіп, өміршең өлең тоса бермек. Біз де қазақша-моңғолша қос тілде жыр түлеткен ақыннан мөлдір өлең, «Күн ертегісі» кітабынан кейін де жаңа жинақ күтетініміз сөзсіз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ