"АЙНАЛАМА АРҚА СҮЙЕЙМІН": БАЛҚАШТЫҢ БАҒЫНА ТУҒАН АЗАМАТ

Уақыты: 25.12.2019
Оқылды: 963
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген қанатты сөз көп жылдар бойы облыстық мәслихаттың депутаты болған, облыстың және Балқаш ауданының Құрметті азаматы, сол аудандағы «Бірлік агрофирмасы» ЖШС президенті, бірнеше орден-медальдің иегері Әбдіжаппар Қыстаубаевқа арнап айтылғандай. Иә, ақиқаты да солай. Бүгінде алпыстың асқар беліне көтерілген нарғасқа азаматтың өмір жолы өнегелі, әрбір ісі ғибратқа толы десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймайды. Оның адамгершілік асыл қасиеті мен адалдығы, өзгелерге ғана емес, өзіне де талапшылдығы, бойына Балқаштың дарқан табиғаты сыйлаған атымтай жомарттығы ел-жұрттың ыстық ықыласына бөледі.

Әбдіжаппар Өгізбайұлы жайында жазбақ болып қолға қалам алғанда ол кісінің бойындағы ерекше қасиеттерін  даралап көрсетуді мақсат еткен болатынбыз. Оның нағыз азаматқа тән қайсарлығы мен ағайын-жұртқа деген бауырмалдығы, ауылдастары мен көшіп келіп жатқан қандастарға деген шынайы қамқорлығы, екінің бірінің бойынан табыла бермейтін сегіз қырлы, бір сырлылығы сүйсіндірмей қоймайтын. Осыны негізге ала отырып Әбен ағамыздың өткен жылдар бедерінде жүріп өткен өмір жолы мен жеткен жетістіктеріне, бағындырған биіктеріне тереңірек ойысуды жөн санадым.

Әлқисса. Баласының бойынан басқаларда жоқ бір өзгешілікті байқады ма, Әбдіжаппарды әке-шешесі еркелетіп Әбен деуші еді. Соған орай ауыл балаларының арасында да Әбен аталып кеткені бар. «Әке көрген оқ жонар» демекші, бала күнінен шаруаға бейім болып өсті.

Мектеп бітірген құрдастары арман қуып Алматыға кетіп жатты. Ал Әбен болса еңбекке ерте араласып, әке-шешесіне қолынан келгенінше қолғабысын тигізгенді жөн көрді. Өзі туып-өскен Балқаш ауданындағы «Көктал» кеңшарының сан түрлі жұмыстарында ысылып, сақайған шағында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.

Әскерден оралған соң Талғар ауылшаруашылық техникумына түскен ол оқу орнының қабырғасында диқан кәсібінің қыр-сырын меңгеріп, ауылға агроном болып оралады. Әрине, арнайы орта білімнің аздық ететіні белгілі, осыны ескерген ол кейіннен Қазақ ұлттық аграрлық университетін тамамдайды.

Еңбек жолы Қазанның 50 жылдығы атындағы күріш кеңшарында гидротехник, есепші, бөлімше меңгерушісі қызметтерінен басталды. Осы қызметтердің әрқайсысы Әбен үшін үлкен өмір мектебі болды. Аталмыш жұмыстарды атқара жүріп аға ұрпақ өкілдерінен, әріптестерінен өз мамандығы саласындағы озық тәжірибені ғана емес, ел-жұртпен арадағы қарым-қатынастың да көрер көзге байқала бермейтін нәзік бір ерекшеліктерін, өзіндік құпияларын бойына сіңіре жүрді. Мұның өзі кейін оның адамгершілік асыл қасиеттерінің қалыптасуына оң ықпалын тигізгені айдан анық еді.

Бірде Әбен ағамыздан өзі басқаратын шаруашылықтың өткен кезеңі туралы сұраған едік.

- Балалық шақта арман-қиялымыз ұшқыр еді ғой. Өскенде ғарышкер не ұшқыш болсам, сөйтіп зеңгір көкте қалықтасам деп  армандадым. Әйтсе де әжем бір қалыптан аумай ылғи да «Менің балам өскенде кеңшар директоры болады» дейтұғын. Құдай аузына салды ма екен, кейіннен өзі айтқандай, кеңшардың директоры болдым. Бұл орайда әжемнің арманын орындадым десем де болады.

Кеңшарлар тарай бастаған тұста қоғамымызда «жекешелендіру, бартер» деген ұғымдар пайда болды емес пе? Сол кезде маған: «Қалайда осы шаруашылықты таратпай ұстап қалу керек» деген ой келді. Осылайша үлкен шаруа басталып кетті. Ол бір қиын-қыстау кезең еді ғой. Көптеген қиындықтарды бастан кешірдік. Ондай қиыншылықтарды үзеңгілес серіктерім мен ауыл тұрғындарының ауызбіршілігінің арқасында жеңе білдік. Ең бастысы, шаруашылықты шашыратып жібермей, таратудан аман сақтап қалдық. Өзім осы шаруашылықтың басқару тізгінін қолыма алдым.

Ол кезде небары 600-700 гектар жерге күріш егетінбіз. Соның өзін дер кезінде шауып, жинап алуға мүмкіншілік бола бермейді. Техника жоқтың қасы. Барының да тозығы жете бастаған. Соның кем-кетігін жөндеумен күніміз өтеді. Қалайда күрішті шашпай-төкпей жинап алуымыз керек.

Әлі есімде, екінші бригадада Иманғали деген ағамыз жұмыс жасады. Сол кісінің күрішін жинап үлгере алмай жатырмыз. Жыл бойғы еңбегіміз қар астында қалмасын деп ауылдық аурухана мен мектеп, ауыл әкімшілігінің қызметкерлерін де көмекке шақырғанбыз. Бір кезде ауыл жақтан шаң көрінді. Сөйтсек ауыл қарттары, араларында он бес соғыс ардагері де бар, трактор тіркемесіне мініп, қолдарына айыр-тырмаларын алып, бізге көмекке келіпті. 

Соларды көріп қуаныштан көзіме жас үйірілді. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарды» деген осы екен ғой. «Имеке, мұндай қариялар көмекке күнде келе бермейді. Осы сәтті пайдаланып қазыналы қариялардың батасын алайық, алдарына бас тартайық. Әкел қойды», – деген сөздің аузымнан қалай шыққандығын да байқамай қалдым. Имекеңнің бір қой әкеле жатқанын көріп: «Бір қойдың етін бір қора адамның қайсының аузынан табасыз, сойсаңыз екі қой сойыңыз», – дедім. Сол күні еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қас қарайғанша еңбек көрігін қыздырып, дала төсін дүбірге бөледік. Мұндай ауылдастардан айналып кетсең болмай ма?! Ынтымағы жарасқан, бірлігі берік ауыл дегеніміздің өзі осы емес пе?!

Әбекең сөзін осылай түйіндеді.

1999 жылы «Бірлік» акционерлік қоғамының тізгінін ұстау мәртебесі жас болса да өзінің іскерлігімен, мақсаткерлігімен көзге түскен Әбдіжаппар Қыстаубаевқа жүктелді. Шын мәнінде жоқтан бар жасау айтар ауызға ғана оңай болатын. Алғашқы бір-екі жылдың жүзінде бұрынғы шаруашылықтан қалған тозығы жеткен техникамен жағдайдан шығуға тура келді. Осы қалыппен жүре берсе, алысқа бара алмасын сезінген Әбен қоғам басқармасы мүшелерімен бірлесе, кеңесе отырып келер күнге жоспар жасады. Осылайша өнімді сатудан түскен қаражаттың еңбекақы, басқа да төлемдерді төлеуден артылғаны акционерлік қоғамның материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды.

Содан бері де талай көктем мен күз өтті. Акционерлік қоғам заман талабына қарай «Бірлік агрофирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атанып, іргесін кеңейткен шаруашылыққа айналды. Ұжымда бұл күндері 330 адам еңбек етеді. Бұл – шамамен осыншама шаңырақ өз ризықтарын осы серіктестіктен тауып отыр деген сөз. 

Бүкіл бір ауыл жұртының жақсылығы мен басына түскен қиыншылығы да осы серіктестіктің көмегімен аталып, атқарылып жатқаны бүгінде аудан тұрғындарына белгілі ақиқат. Жыл бойы дерлік жалғасатын науқандық жұмыстар кезінде жұмысшыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, олардың қораларындағы малына тегін жемшөп жеткізіп беру, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету,  оларға әлеуметтік тұрғыдан көмек қолын ұсыну, ауыл мен аудан, тіпті облыс көлемінде өтетін түрлі спорттық және мәдени шараларға да көңіл бөліп, қаражаттан көмектесіп тұру – серіктестік басшысы Әбдіжаппар Өгізбайұлының назарында тұрақты болатын мәселелердің бірі. Кешегі кеңес заманының өзінде мұндай мүмкіндіктің кез келген кеңшардың өзінде бола бермегені шындық.

Әбдіжаппар Қыстаубаев басқаратын «Бірлік АФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осыдан біраз уақыт бұрын Монғолия мен Қарақалпақстаннан көшіп келген қандастардың 30 отбасын тұрғын үймен, жұмыспен қамтамасыз етті. «Ауылына қарап азаматын таны» дегендей, осылайша ауылға көшіп келген қандас ағайындардың ешқайсысы үйсіз-күйсіз, жұмыссыз қалған жоқ. Ал биылғы жылдың наурыз айында көпбалалы 7 отбасы республика бойынша алғашқылардың бірі болып тұрғын үймен қамтылды. 

Жұртшылық елді мекенде салынған спорт кешені мен мешітті, тойхана мен әмбебап дүкенді, ауылға кіреберісте соғылған әсем арканы да Әбеннің есімімен байланыстырады. Негізгі трассадан ауылға бастап баратын 18 шақырымдық жол бөлігі де жыл сайын серіктестік ұжымының күшімен ағымдағы жөндеуден өтеді. «Осы уақыт аралығында көптеген жетістікке қол жеткіздіңіз. Ал өткен жылдар  бедерінде «Әттеген-ай, осыған көңіл бөлмеппін-ау?» деп бір кем дүниеге өкінген кезіңіз болды ма?» деген сұрағымызға да ол тура жауап берді.

- Құдайға шүкір деймін, өткен өміріме ешқандай өкпем жоқ. Жан жарым, бала-шағам, немерелерім жанымда. Әрдайым демеу беріп тұратын, тілектес болып жүретін анам мен бауырларым аман болса деген ақ тілекпен күн кешіп келемін. Адам баласына бұдан өзге не керек?! 

Әу бастан егін саласына, нақтырақ айтқанда, күріш өсіруге көп көңіл бөлдім. Ал мал шаруашылығын дамыту сол шаруаның көлеңкесінде қалып қойды. Осы олқылықтың орнын бүгінде толтырып жатқан жайым бар. Жайылымдық жері бар, жемшөптен қысылмайтын біз үшін мал өсіру көп қиыншылық тудырып отырған жоқ. Бұл шаруаны осыдан біраз уақыт бұрын қолға алғанда бұдан да қомақты табыстарға қол жеткізуге болар еді.

Қазақ болып жаратылғаннан кейін түлік төресі – жылқыға, соның ішінде бәйге аттарына қызықпау мүмкін емес шығар-ау? Соған орай бәйгенің алдын бермей жүрген жүйріктерімді көргенде көңілімнің олардан да жүйрік болып кететіні бар. Аламан бәйгелерде сәйгүліктерің оза шауып, атағыңды аспандатып жатқанға не жетсін, шіркін?!

Менің негізгі өмірлік ұстанымым – қарапайымдылық. Өзің қарапайым болсаң жақсы адамдар қашанда жаныңнан табылады. Жан-жағымдағы азаматтарға қол ұшын созуды азаматтық парызым санаймын. Ол жақсылығыңның адам баласынан қайтпаса да жаратқан Алла тағаладан қайтатыны бір ақиқат. Айналамда жүрген азаматтармен әрдайым мақтанамын, соларға арқа сүйеймін. Қандай да бір жұмыстың бел ортасынан табылатын ауылдастарымның ақ пейіліне әрдайым ризашылығымды білдіріп отырамын, - деп сөзін түйіндеді ол.

Иә, жан жүрегі мейірімге толы адамдар өмірден өз орнын таба отырып, еліме пайдамды тигізсем, жанымдағыларға жақсылығымды, шапағатымды төге берсем деп құлшынады. Әбен ағамыздың өмірлік ұстанымы да осы пәлсапалық тұжырыммен ұштасады. Қай кезде де айналасына рахымы мен шапағатын төгіп жүргенін көресің. Содан кейін де аудан тұрғындары ғана емес, еліміздің әр өңірінен келген азаматтар да «Балқаштың бағына туған азамат қой» деп Әбекеңнің мақтауын асырып жатады. Расында ағамыздың бойында туған өңірінің өзіндей кеңдік пен тұмса табиғатындай жомарттық, ел-жұртының көңіліндей дарқандық тұнып тұр. 

Осыдан екі-үш жыл бұрын Әбдіжаппар Өгізбайұлы «Облыстық мәслихаттың құрметті депутаты» мен «Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры» атағын алған еді. Қос бірдей марапат иесін құттықтай барғанымызда ағамыз айтқан мына бір сөздер есімде: «Құрметті профессор» атағы маған тегіннен-тегін беріліп отырған жоқ. Өйткені, біз аталмыш оқу ордасымен көп жылдардан бері тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз. Университет ғалымдарының бір тобы бізде күріштің жаңа сорттарын шығарумен айналысты. Бұл орайдағы жұмыстарға шамам келгенімше атсалыстым. Қажырлы еңбектің арқасында «Бақанас», «Алтынай», «Мәдина» және «Ақдала» деп аталатын күріштің төрт бірдей сорты өмірге келді. Мұның барлығы ауыз толтырып айтатындай жетістік емес пе?! Сондай-ақ, университет студенттері бізге келіп тәжірибе жинақтайды. Бұл марапатты сол еңбегіме берілген әділ баға деп білемін.

Балқаш ауданы жұртшылығының қалауымен облыстық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты болып, 13 жыл бойы халық қалаулысы атандым. Сол жылдардағы жұмыстың нәтижесі болар, «Облыстық мәслихаттың құрметті депутаты» атағын облыс әкімі Амандық Баталовтың өзі табыстады».

Иә, кейіпкеріміздің атақ-даңқы мен марапаттары бір басына жетерлік. «Құрмет», «Парасат» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» және «Астана» медальдарының, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік медальдарының, түрлі деңгейдегі дипломдар мен Құрмет грамоталарының, Алғыс хаттардың иегері атануы – азаматтың ерен еңбегіне берілген әділ баға. 2008 жылы шыққан «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясына енуін, халықаралық «Лавры славы» наградасымен марапатталуын, Оксфорд саммитінде «Жыл менеджері», «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» атануын да осы қатарда айтуға болады.  

Бүгінде мәуелі бәйтерекке айналып отырған ағамыздың шаңырағының ұйытқысы Сауықкүл Сауықбайқызы тәтеміз. Үлкен өмірге бірге қадам басқан сәттен бастап жан-жары тірегі де, жүрегі де бола білді. Екеуінің өмірде де, еңбекте де жұптары жазылмады. Сөйте жүре кездескен қиындықтарды бірге жеңіп, талай-талай асуларды артқа тастады. Дүниеге үш ұл мен бір қыз әкеліп, олардың тәлімді де тәрбиелі, білімді де білікті болып өсулеріне көп көңіл бөлді. Бүгінде солардан немере сүйіп, балдан тәтті қылықтарына қуанып отырған жайлары бар.

«Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаса керек. Әбен ағамыздың ұлдары да әкелерінің жолын лайықты жалғастырып келеді. Тұңғышы Мэлс серіктестік құрамында осы өңірге аса қажетті шпагат, күріш салатын қап шығаратын зауыт ашып, жұмысын дөңгелентіп жатса, ортаншысы Алмас та осы серіктестікте коммерциялық директор лауазымында қызмет атқарады. Ұлдың кенжесі Жандос болса, мал шаруашылығын басқарып отыр. Сүт кенжесі, қызғалдағы Айтолы Алматы қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы гимназияда білім алуда. Бүгінде Айтолы қарындасымыз түрлі халық-аралық пән олимпиадаларының жүлдегері атанып жүр. Әулеттің келіндері де өздерінің инабаттылықтарымен ел аузында.

Қыстаубаевтар әулеті үшін биылғы жыл жағымды жаңалыққа  толы болды. Олар республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының Алматы облысы бойынша іріктеу кезеңіңде жүлделі бірінші орынды иеленді.

Түйін  орнына:

Шағын мақаламды жергілікті ақын Жетпісбай Қойшығұловтың Әбдіжаппар Өгізбайұлына арнап жазған төмендегі өлең шумақтарымен түйіндеуді жөн көрдім:

Бөленген елдің аппақ тілегіне,
Байыптылық жарасып тұр өңіне.      
Күріш еккен елімнің даласына,
Гүл еккен адамдардың жүрегіне.

Жақсы ісіңді періште санап әр күн,
Көтердің ауыр жүгін қара нардың.
Көгеріп алғысымен ел-жұртыңның,
Көріңіз қызығын да балалардың.

Күмісбек ЕРБАЕВ

Балқаш ауданы

Алматы облысы