"СЕН ЖУРНАЛИСТ РЕТІНДЕ ЖҰРТҚА ҚАТТЫ ҚАЖЕТСІҢ": САНДУҒАШ ДҮЙСЕНОВАНЫҢ ӘЛЕМІ

Уақыты: 22.09.2020
Оқылды: 1321
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жауынгер сала – журналистикада шынайы жанашыр дос таба қою қиын. Мамандыққа сай пікір қайшылығы, көзқарас өзгешілігі, оқиғаны бағамдау мен сараптаудағы өзіндік тәсіл дегендей, қызмет барысында алдан жиі шығатын, әріптесіңнің таным-түйсігімен сәйкес келе бермейтін ерекше дүниелер кейде қызметтік ынтымақтастық пен жылдар бойы қалыптасқан сыйластыққа сызат түсіріп жататыны да рас. Дегенмен, ойың да, әрекетің де қай кезде болмаса бір арнада тоғысатын, таңертең туындаған сәл-пәл түсінбестіктер түс қайтара таусылатын жанның да дәл қасыңда жүруі мүмкін. Мен үшін алғашқы таныстығымызға он сегіз, одан кейін бір сала, бір компанияда журналистік міндетімізді қатар атқарғалы он бес жыл болған, елге есімі белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова сондай адам, сағына табысатын, қимай қоштасатын, апта көрмесек, жүздескенше асығатын әріптес!

Жақында сол Сандуғаш облыстық деңгейдегі лауазымды қызметке тағайындалды. Талдықорғандағы Достық үйіне директор болды. Біреулер сүйінді, енді біреулер күйінді. Ол – өмірдің бұлжымас заңы. Тірлік болған соң қызғаныш пен қуаныш қатар жүреді.

Мен өз басым жылдар бойы жұрттың жағдайын ойлап, үйдегі қос құлынын ешкімге жаутаңдатпастан жақсы тәрбиелей жүріп, өңірдегі қай аймақта күйіп тұрған, елді алаңдататын, қозғала қалса, әкім-қараларды қобалжытатын мәселелер бар деп күндіз-түні аттан түспеген журналист замандасымның өзіне беймәлімдеу салаға қызметке тұрғанына, лауазымды орынға отырғанына қуандым. Және оның жаңа орында да өз атына кір келтірмейтіндігіне, жаңалық әкелетініне сендім.

...2002 жылы біз Талдықорғанға көштік. Облыс орталығы ауысқаннан кейін Шалбай әкімнің басшылығымен қала мен аймақты дамытуға, көркейтуге елмен бірге ат салыстық. Ол кезде іссапар деген тым жиі. Құлмаханов өзі де тыныш таппайды, қарамағандағыларға та тыным бермейді.

Бір ғажабы, талай әкіммен жұмыс істеп жүріп, күн тәртібінде белгілеген кестеге аса мұқият, ешбір жерде кешікпейтін және айналасынан да соны қатаң талап ететін бірден-бір басшы сол Шалбай көкеміз екеніне көзім әбден жетті.

Сондай алашапқын іссапарлар барысында жиі жүздесіп, анда-санда пікір алмасып жүрген Сандуғаш Дүйсенова екеумізді 2004 жылы ашылып, орыс және қазақ тілінде БАҚ аламанына қос газетті: «Айқын» мен «Литер» газеттерін қосқан, «Литер-Медиа» компаниясындағы қызмет одан ары жақындастырды.

Жаңа газеттер өздеріне аймақтардан меншікті тілшілер іздегенде, ерекше әдіске барыпты. Ұлттық кітапханаға арнайы журналисті отырғызып, аймақтық газеттерді мұқият қарау және меншікті тілшілікке лайықтыларды таңдау жайлы тапсырма берген. Сол сараптау барысында іріктелгендер қатарынан көрініп, 2004 жылдың сәуірінде «Жетісу» газетіндегі негізгі қызметіме қосымша «Айқын» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі ретінде жарты айлықпен жұмысқа кірістім. Аллаға тәуба, содан бері осы басылыммен байланысым үзілген жоқ.

«Литердің» таңдауы талдықорғандық Николай Ягурге түсіпті. Ол бір жыл істегеннен кейін тарихи отанына қайтып кетіп, оның орнына Сандуғаш Дүйсенова келді. Дәл сол кезден бастап, Елубайқызы екеуміздің журналистік жолымыз қатар өрбіп келеді. Осы сынағы мол сапар барысында көзімнің жеткені, оның жолдасын ешқашан жолда тастамайтындығы және шындық іздегенде ешкімнен таймайтындығы.

Былайғы жұрт оны тым қатал, өзінің ұстанымында қатып қалған жандай көреді-ау деп ойлаймын кейде. Пікір алуандығы бар дегендей. Кей кездері басқа бір ортада ол туралы қарама-қайшылыққа толы ойлар да айтылып қалады. Бірақ мен онымен бірге қандай қиын сапарға шығып, осал жандарды опырып түсетін қиындығы көп сынақтарға қорықпай барамын. Жұрттың жайын ойлағанда, өкінішке қарай, қазіргі кезде де жиі алдан шығатын тұрмыс ауыртпалығы жаншып тастаған жандар, ойраны шыққан отбасыларды көргенде шынайы қайғырып, жүрегімен жылағанын, олардың мәселесін шешкенше, күндіз күлкіні, түнде ұйқыны ұмытқанына сан мәрте куә болдым.

Күздің қара суығында Достық стансасына шұғыл сапарға шығамыз деп, жолда да қала жаздадық.

2011 жылы Күмісжан Байжан апайымыз "Егеменнің" тілшілігін өткізіп, Алматыға қайтатын болып, "Жетісу" мейрамханасында әріптестерінің басын қосты. Сол айырылыс қазанда Бейсен марқұммен бір үстелде отырдық. Сонда Бейсекең әңгіме барысында: "Бөкеңмен, Сандуғашпен жауласып, опа таппайсың, сондықтан, достасып, түсіністікпен жұмыс істеген жөн", – деген еді.

Бұл пікірді мен біздің журналистика қағидаттарына адалдығымызды бағалау деп қабылдадым. Одан бері де тоғыз жыл өтті. Қазақ журналистикасының қазанаты Бейсен де арамызда жоқ.

Әріптес досымды жетісулық журналистер атынан жаңа белесімен құттықтайын деп отырып, тым мақтап жіберген сияқтымын. Қорыта келгенде, оның жаңа қызметтегі директорлық лауазымға да лайықты тұлға екенін және онда да ел сенімінен шығатындығын жұртқа жеткізгім келген.

Сандуғашқа сәттілік тілейміз! Тек қаламыңды тастай көрме. Сен журналист ретінде жұртқа әлі қатты қажетсің...

Болат АБАҒАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Алматы облысы