ШАЛА МАС ЖҮРГІЗУШІ 7 ЖЫЛҒА КӨЛІК БАСҚАРУ ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛДЫ

Уақыты: 12.05.2021
Оқылды: 1378
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Полицейлер масаң күйде көлік басқарған тағы бір жүргізушіні қолға түсірді. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Еңбекшіқазақ ауданында полицейлер жол қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызмет атқару барысында "Toyota Carina" автокөлігін мас күйінде тізгіндеген жүргізушіні анықтады.

Тәртіп сақшылары Асысаға ауылында "Toyota Carina" маркалы автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында көлік тізгінін ұстаған азаматтың масаң күйде екені белгілі болған.

- Медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес 34 жастағы жүргізушінің орта дәрежедегі масаң күйде екені анықталды. Құқықбұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы, 1-бөлігімен "жүргізушінің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын жүргізуді алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамға беру" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Аудандық соттың шешімімен масаң күйде көлік басқарған жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, - деп хабарлады Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ПБ бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Жалғасбаев.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары жүргізушілерге автокөлікті масаң күйде басқару сіздің өміріңізге ғана емес, жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің өміріне де қауіп төндіретінін еске салады. Жол ережелеріне бағына отырып, сіз өзіңіздің және өзгенің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін!

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"