САПАЛЫ БІЛІМ ҚАЙДА БАР НЕМЕСЕ ҚОСЫМШАДАН КӨЗ АШПАЙТЫН ОҚУШЫЛАР

Уақыты: 13.12.2021
Оқылды: 1640
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Бүгінгі таңда білімге деген сұраныс күннен-күнге артып, білім саласындағы бәсекелестік, керек десеңіз, өмірдегі бәсеке артты. Барлық адам өз баласының армандаған мамандығын мемлекеттік грантпен оқып, жақсы жұмыс істеп, жақсы өмір сүргенін қалайды. Сол үшін баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өзгеден кем етпей өсіргісі келеді. Мектепте баласының төмен баға алғанын қаламайтындықтан, репетитор жалдайды, соған сай орталықтарды таңдайды. Оның үстіне елімізде қашықтан оқу басталғалы баласын ақылы қосымша оқуға беретін ата-ана саны екі есе көбейген. Мектепте тегін білім беріліп жатқанда, ата-ана неліктен баласын қосымшаға береді?

Бұл әңгіме бір танысымның: «Балам бірінші сыныпқа барды. Қалам ұстап, дұрыс жаза алмайды. Апайы балаларды сабақтан соң бір сағат дайындайды. Ақшасын төлейміз», – дегенінен басталды. «Сол баланы неге өзіңіз дайындамайсыз үйде?» – десем, уақыт жоқтығын сылтауратты. Бірақ өзі үнемі әлеуметтік желіде отыруға уақыт табады.

Ал ай сайын баласын ақылы қосымша сабаққа беретін Айжан Сәкенова да жұмыстан қолы босамайтындығын айтады. Сондықтан тапқан-таянғаны отбасына кететін көрінеді. Азық-түліктен бұрын баласының ақылы қосымшасына айына қыруар қаражат кететінін жеткізді. «Балам тоғызыншы сыныпта оқиды. Түске дейін мектепке барса, түстен кейін ағылшын тілі, алгебра, физика, одан басқа домбырадан репетиторға барады. Әр сабақтан аптасына екі рет дайындалады. Айына шамамен 60-70 мың теңге кетеді. Күні кеше баламды ауыстыруға ақылы мектеп іздедік. Білім ошақтары туралы пікірлерді оқысаң, қайсысын таңдарыңды білмейсің. Бірақ, тегін, мемлекеттік мектеп пен ақылы, жеке білім ошақтарын салыстырсаң, екіншісінде білім жоғары сияқты. Меніңше, ағылшын, математика сияқты маңызды пәндерде репетитор көмегіне жүгінген дұрыс-ау. Балам: «Физика, алгебрадан көмек керек, түсінбей жүрмін», деп өзі репетитор жалдауымды сұрады. Ағылшын тілінен сыныптағы балаларға қарағанда бір төбе жоғары. Білімге жұмсалған ақша – ең жақсы шығын, болашаққа салынған инвестиция. Сондықтан оның нағыз пайдасын болашақта көретініне сенімдімін», – дейді баласының білімі үшін уайымдаған ана.

Осы орайда мектеп білімінің сапалылығына қатысты сұрақ туындары заңды. Осыдан 10-15 жыл бұрын әр оқушы ақылы қосымшасыз-ақ ҰБТ-дан жоғары нәтиже көрсетіп, мемлекеттік грантқа өз күштерімен түсті емес пе? Қазір  ақылы қосымшаға әуес болып алғандаймыз. Әлде білікті де білімді ұстаздар аз ба? Көпке топырақ шашпаймыз, бірақ мектепте сабақ беретін мұғалімдердің көбі  тек дипломдарының болуына байланысты ғана жұмысқа алынғандай. Сондықтан барлығын бірдей өз қызметіне компетентті педагог ретінде санамау қиынға соғады. Алайда мектеп тәжірибесі – ең мықты тәжірибе. Ең мықты деген ұстаздар да мектептен шығады. Балалар да әртүрлі болады. Бұл жерде екіжақты еңбек пен ынтаның қосындысы  нәтижеге тең екенін естен шығармаған абзал.

Десек те, білім сапасының жылдан жылға регресске ұшырап жатқанын көргенде бұл ойға күмәнмен қарай бастайсың. Бұл сөзімізді баласы енді ғана мектеп табалдырығын аттаған облыс тұрғыны Ардагүл Әскербек те құптады. Оның айтуынша, қызы Жансаяның жазуы нашар, сабаққа деген ынтасы төмен. Енді қызын осы бастан қосымшаға бермекші. Соның өзінде өзі оқыған жылдарды салыстырып, бір күрсінгендей болды. Себебін: «Мен мектепте оқып жүрген уақытта ұстаздар сабақтан кейін алып қалып, түсінбеген жерлеріңді түсіндіріп беретін. Аптасына 2-3 уақыт қосымшаға баратынбыз мектепке. Оның барлығы тегін. Қазір не, барлығы ақылы, одан қалса, қосымшалардан баламның ойнауға да уақыты болмайтынын ойласам, жылағым келеді. Баламның балалығын ұрлағандай боламын. Бермейін десең, үлгерімін ойлаймын. Өсе келе, ақша аядыңдар, қосымшаға барсам, мұндай болмас па еді деп кінәлай ма деп қорқамын», – деп түсіндірді.

«Неге тегін білімнен пайда жоқ, біздің білім беру шаңырақтарында жағдай соншалықты сорақы ма?» деген сұрағымызға білікті ұстаз Гаухар Ордағұлова мұғалімдердің алдында отырған 20-30 балаға бірдей көңіл бөліп үлгермеуі білімгеәсер етеді деп жауап берді. 

«Бір сыныпта кемінде жиырма бала оқиды. Олардың ақпаратты қабылдау деңгейі жиырма түрлі. Қырық минуттық сабақтың он минуты ұйымдастыруға кетеді. Арғы жағын ойлай беріңіз. Барлық балаға бірдей көңіл аудару физикалық тұрғыда мүмкін емес. Ал балалардың барлығы бірдей өздері алып кетуге, ақпаратты ә дегеннен қағып алуға қабілетті емес. Мәселен, математика, физика, химия тәрізді теориясынан практикасы көп сабақтарда балалар жиі қиналып жатады. Бұрын қалай еді? Біз мектептен келе сала ата-анамыз қара жұмыстан қолдары тимей жүрсе де біздің сабақты тексеретін, үйде қадағалайтын. Қазір олай баланы қадағалап отыратын ата-ана азайды. Тіпті, жоқтың қасы. Бәрі қосымша сабаққа бере салғанға асығады. Бір шетінен бұл – ата-ананың қалтасына түсіп жатқан салмақ. Бірақ балам оқысын, білсін деп емес, қатарынан қалмасын деп қосымшаға жіберетіндер бар. Бала да соған үйреніп алған. «Қосымшада орындаймын» деп шығады. Қосымша сабақ оқытатын орталықтардың дәурені жүріп тұр. Өзім ұстаз болғандықтан, дұрыс білім бермейтін ұстаз болмайтынына кепілдік беремін. Тек ата-ана да өзі күніне бір сағат уақытын бөліп, балаға көңіл бөлсе деймін. «Ақшамен бәрі шешіледі» деп ақшамен бала оқытуға өз басым қарсымын. Ешқандай қосымшаға бармай-ақ бұрындары бір сыныптың өзінен 5-6 «Алтын белгі» шығатын. Қазір бәрі қосымшада. Ал «Алтын белгі» жоқ сынып көп десем артық айтпаспын», – дейді ұстаз.

Жақында «Facebook» желісінен Айнұр есімді әлеуметтік желі қолданушысының: «Жақында өзімнің сүйікті журналым «Жаһаннан» Қытайдың бұрынғы классикалық мектепке қайта оралып жатқанын оқыдым. Мектеп, бакалавр, магистратура, докторантура бәрін қосқанда 20 жыл оқимыз. Өміріміздің бір бөлігі кетеді. Соның өзінде сыни ойлауға, жазуға, құбылысты талдауға көбіміз шорқақ болып келеміз. Гуманитарлық сала мамандарынан есеп, формула дегенді мүле сұрамаймыз да. Орта ғасырларда логика, алгебра, жазу, музыка, тағы 3 пән міндетті түрде оқытылған екен. 7 пәнді оқыған адам қазіргі академик дәрежесіне сай болған дейді. Біз академик болмасақ та 20 жылда дұрыс ойлау мен жазуды, талдауды үйреніп шықсақ жақсы болар еді», – деген жазбасына көзіміз түсті. Жазба астында осы идеяны қолдаушылар да көп.

Пікір білдірушілер арасында белгілі журналист Есболат Айдабосын да бар. Ол: «ЖОО түсу үшін мектеп аттестатын талап етпейтін болса, баламды мектептен шығарып алып, арнайы курстар арқылы оқытар едім. 11 жыл бойы салпақтап жинар білімді 4-5 жылда игеруге болады. Әрі баланың бейіміне қарай қажетті пәндерді ғана оқытасың. Сол арқылы болашақ мамандығына бала мектеп жасынан дайын болып барады», – деген.

Иә, жоғарыда айтқанымыздай, ақылы білімнің дәуірі жүріп тұр. Одан қалса Назарбаев зияткерлік мектебі секілді элиталық санаттағы білім ошағына түсу үшін де қосымшаға барады. Элиталар қатарында болған күннің өзінде мектеп ішіндегі түрлі ақылы қосымшаларға барасың. Сонда бала жақсы білімді ақылы курстан алса, сонда мектеп не үшін қажет деген сұрақ қоятындай халге жеттік. Тек аттестат, баланың ортада қалыптасуы, достар табуы, ортасы болсын, аралассын деп қана мектепке беретіндей.

Иә, білім жүйесіне реформа қажет. Бірақ үшауысымды мектептер қатарын азайта алмай жатқанда, реформа, сапалы білім қайдан болсын? Соңғы уақытта ұсынылып жүрген сыныптарды әліпби бойынша емес, оқушылардың деңгейіне қарай бөліп оқытуды қолдаушылар қатары күннен-күнге артып келеді. Бәлкім, деңгей бойынша оқытылса, ұстазға да, оқушыға да жеңіл болар ма еді?! Қабылдауына қарай оқыту әдістемесі әзірленеді, бала да қысылмай, сабаққа ынтасы ашылар ма еді?

Есімін құпия ұстауды өтінген тағы бір ұстаз: «Сабақтан кейін бала 4-5 сағат қосымшада отырады. Демек, біздің мұғалімдер мектепте түк бітірмейді. Мектептен шыққан бала қосымшаға кіреді. Сол мұғалімнің сабағынан қосымшаға барған бала «4» алады, бармаса «4» алмайды екен. Не деген сұмдық? Мына жерде ондай ұстаз Мемлекет ақшасын бос алып жүр емей немене? Оған қоса өткізетін қосымшасы тағы бар. Өйткені, тағы ақша алады. Бірақ ол қосымшасында шынымен оқытады, түсіндіреді. Ұялмай, өзім беретін сыныптан балаларды аламын. Өзім ата-аналарына соны айтамын. Қосымшаға бармаса үш қояды екен. 40 минут сабағын: «Бұл тақырыпты менің қосымша сабағымда кеңінен біле аласыңдар», – деумен өткізеді», – деген ол сондай әріптестерінің «ұстаз» атына кір келтіріп жүргенін айтады.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Бәсеке мен қажеттілік мәжбүр етсе де оқушылардың жаппай орталық жағалауы, ата-ананың жаппай репетитор жалдауға көшуі – білім сапасының құлдырауының көрінісі. Сондықтан, білім саласына жаңа көзқарас, адал бәсекелестік, шынайы біліктілік қажет-ақ. Ал қазірше барға қанағат демеске амал жоқ.

Еңлік МАРХАБЕКҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан