Діни білімнің таяздылығы, адасушылыққа апарады

Уақыты: 25.09.2017
Оқылды: 1988
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білікті, алғыр әрі жалынды жастардың қолында екені сөзсіз. Қай заманда да қоғамның негізгі қозғаушы күші – жастар. Бүгінде дүниежүзі тұрғындарының 25% жастар болса, жер шарындағы жастардың 80% дамушы елдерде тұрады. 

Әлеуметтану ғылымы тілімен сөйлесек, жастардың өмірлік ұстанымы толық қалыптасып үлгермеген. Пікірлері құбылмалы, тез өзгеріп кетуі де мүмкін. Соған қарамастан қоғамның ең белсенді де жас бөлігінің діни көзқарасы күрделеніп барады.
Бүгінгі таңда Қазақстандағы діни жағдай тұрақты. Дегенмен, Қазақстан қоғамына діннің айтарлықтай ықпалы бар екенін ұмытпаған жөн. Соңғы жылдары халқымыз діни экстремистердің оспадар әрекеттерімен алғаш рет бетпе-бет келді. Ақтөбе, Атырау,  Тараз қалалары мен Маңғыстау, Алматы облыстарында орын алған шетін жағдай жұртты дүр сілкіндіріп, құзырлы органдардың бақылауына алынды. Осы оқиғалардың «діни астары жоқ» деп айтуға болмас және оған қатысы барлардың дені 17 мен 25 жастағы жастар болып тұр.
Әдетте діни экстремизмге қоғамдағы дәстүрлі діннің құндылықтарын жоққа шығару, жат идеяны белсенді насихаттау, зайырлы қоғамға қарсылық таныту, қоғамға белгілі бір діни конфессия туралы түсініктер мен көзқарастарды насихаттау сынды әрекеттер жатады. Бүгінгі күні әлемде діни экстремизм қанатын кеңге жайып, халықаралық деңгейге жетті. Дәл қазір халықаралық экстремизм және терроризммен күресті күшейту үшін әлемдік қоғамдастықты жұмылдыру қажет. Әлемдегі кез келген мемлекет бұл кесапатқа қарсы күресті жеке өзі жүргізе алмайды. Меніңше, заң аясындағы діни экстремизмге қарсы күрес шаралары діни сауаттылықты арттыру, діни ұйымдар мен ағымдардың міндеттерін бақылау, ел ішінде дін туралы хабарламаларды түсіндіру, БАҚ арқылы діни экстремизмнің зияны мен қоғамға тигізетін қасіретін жеткізу, құқық қорғау органдары арқылы елдегі ағымдар мен ұйымдарды  қатаң бақылауға алу бағыттарында жүруі тиіс. Сондай-ақ, елімізде тыйым салынған террористік ұйымдардың қатарында «Хизбут Тахрир», «Таблиғи жамағат», «Шығыс Түркістанды азат ету ұйымы», «Аль-Каида», «Талибан», «Өзбекстанның исламдық қозғалысы», «Мұсылмандық бауырластық», «Джихадтың исламдық одағы» сынды қауіпті ұйымдардың бар екендігі ұдайы хабарлануы керек.
Жастардың діни санасын қалыптастыру және діни білімін арттыру – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Еліміздің мектептерінде «Дінтану негіздері» пәні оқытылады. Алайда сол пәнді оқытатын мамандар жеткіліксіз. Мамансыз дінтану пәнін жүргізу үлкен қателік. Егер діни көзқарасты қалыптастыруға дін маманы, дінтанушы ықпал етпесе, жастардың дүниетанымының қайда бағытталары белгісіз. 
Бүгінде имандылыққа бет бұрған жастарды мешіттерден жиі кездестіреміз. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Бірақ сол жастардың діни санасы мен білімі қалыптасқан ба? Сондықтан, оқушылар мен студенттерге дінтану және құқық сабақтары жүйелі өткізіліп, тиісті органдардың қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуі тиіс. Сонымен қатар, жастардың шет мемлекеттердегі теологиялық оқу орындарына заңсыз кетуін болдырмау шарт. Бұл халықтың рухани білімге деген сұранысынан туындап отыр. Әйтсе де шетелдік медреселердің қаржыландыруы, елге оралған соң жергілікті діни ұйымдарға жұмысқа орналасу мүмкіндігінің барлығы жастардың сырт елдерде білім алуға ұмтылуына себеп болуда.
Бүгінгі жастардың дүниетанымы мен ой-өрісі, өмірге деген көзқарасы әрқилы. Осы тұрғыда жалпыадамзаттық рухани- адамгершілік құндылықтарды алдыңғы орынға қойса, жастар ұтылмас еді. Онсыз тұлға толыққанды қалыптаспайды. Жастардың бойындағы жаман қылықтарға қарсы тұратын құндылықтарға дін, руханият, адамгершілік және ұлттық тәрбие жатады. Ұлттық тәрбие адам бойындағы ар-намыс, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін оятса, дін сабырға, төзімділікке, өзгеге кеңдікпен қарауға үйретеді. Бұл әсіресе көп этносты Қазақстан үшін өте маңызды. Осындай тәрбие болмаған жағдайда қылмыс, экстремизм, төзімсіздік, дінаралық, ұлтаралық алауыздық пен текетірес көрініс табуы ықтимал. Ондай құбылыстардың болуын қалайтын, елдегі ахуалдың тұрақсыздануы үшін қолынан келгенін аямайтын сыртқы күштердің бар екені жасырын емес.
Діни білімнің болмауы, шала сауаттылық экстремизмге әкеліп соқтырады. Жастардың білім көкжиегін кеңейтіп, адамгершілік тәрбиеге діни құндылықтарды пайдаланудың, сондай-ақ, дін мен мектепті шебер байланыстырудың бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қоғам, мемлекет және дін қызметкерлері жастарды дұрыс тәрбиелеуге күш жұмылдырса ғана көздеген мақсат айқын, болашақ жарқын болады.
Елбасының Жарлығымен ҚР Дін істері агенттігі, соның ішінде Дін істері департаменттері құрылып, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданды. Дін істері департаменті мен өзге де мемлекеттік органдар жастар мен жасөспірімдердің арасында діни экстремизмнің алдын алу бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуде. Қорыта келгенде, жастардың бойына ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық сияқты адами қасиеттерді бала кезінен сіңіруде отбасы мен білім беру ұйымдары шешуші рөл атқарады.
Марат ІЗМАҒАНБЕТОВ,
дарынды балаларға
арналған Қарғалы №2 мектеп-гимназиясының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.
Үштөбе қаласы,
Қаратал ауданы.