Тегіңіз қазақшаланды ма?

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 2224
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ
Кеңес заманында кеудемізге орнығып қалған кейбір олқы жақтарымызды әлі де түзете алмай келеміз. Солардың ішінде өзектілігі жағынан өзге мәселелерден кем түспейтін тегіміздегі «ова», «ева», «ов», «ев» жұрнақтарының қазақ халқының өмірімен біте қайнасып кетуі. 
Тегімізге темір шынжыр болып ілінген «ов», «ев» жұрнақтарынан арылу тәуелсіздік алғаннан кейін ғана көтеріліп отырған жоқ. Алашорданың біртуар азаматы Әлихан Бөкейхан сол заманның өзінде: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына еліктеп,  «ов, ев» деп жазу тоқтатылсын! Бұдан былай қазақ азаматтары өз тегін «ұлы», «қызы» – деп аяқтаса санамыздың ұлттың мүддесіне қарай өрістері хақ!» деп ұрандаған еді. Бұл үндеу қазірдің өзінде халықтың  құлағында жаңғырып тұрғандай. Себебі, біз толықтай болсын өз аты-жөнімізге тағылған қара таңбадан арыла алмадық. Ақиқатына келсек бізге ешкім де бөгет жасап жатқан жоқ. Керісінше, осыған байланысты Ата Заңымыздың өзінде арнайы бап қарастырылып, рұқсат етілген. Яғни, әр азаматтың өз қалауына қарай ерік беріліп, таңдау құқығы да қолдарына ұстатылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылдың 2 сәуіріндегі №2923 Жарлығының 1-тармағында: «Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады», – делінсе, «Неке және отбасы туралы» Заңның 28-бабында: «Тууды тіркеу кезінде ұлты қазақ азаматтардың аттарын, әкелерінің аттарын және тектерін мына төмендегі үш мүшелік антропонимдік белгілеу жүйесі: аты, әкесінің аты, тегі бойынша дұрыс жазуға және айтуға назар аудару керек. Мұнымен қатар азаматтардың қалауы бойынша қазақтардың тектері мен әкелерінің аттарын жазу кезінде қазақ тіліне жат – ов, – ев, – ова, – ева, – ин, – и, – ины, – на, – овна, – евна, – ович, -евич жұрнақтары алынып тасталып, олардың орнына «ұлы, қызы» жалғаулары бірге қосылып жазылады», – делінген. Міне сіздерге заң, міне таңдау.
Демек, мемлекетіміз тегіміздің қазақшалануы үшін барлық жағдайды жасап берген. Ендігі кедергі, еліктегіш дегенде еліріп кететін қазақтардың орыс тілінен оқшаулануды құптамауында. Неліктен дейсіздер ғой? Конституцияда аты-жөнін түрлендіріп жазу әр азаматтың өз ықтиярлығындағы шаруа болып бекітілгендіктен, олардың көбі орыс тілінің  жұрнақтарын жалғауға әуес. Оның үш себебі бар. Біріншіден,  жетпіс жыл бойы   тегімізді түбегейлі құртуды көксеген Кеңес одағының солақай саясатының салқыны әлі де санамызда қалып қоюы болса, екінші жағынан қазақтарға «ұлы, қызы» жалғауларын қолдануды міндеттейтін заңның қарастырылмауы. Ал үшінші кедергі – Қазақстандағы қағазбастылық. Әр адамның басында кемінде онға жуық, кей жағдайларда одан да  көп құжаттар бар. Тегін ауыстырған тұлға осыларды түгелдей қайта рәсімдеу  қажет. Ол үшін мол уақыт пен біраз қаражат жұмсауға міндеттелеміз. Ал бұл қажеттіліктерге келгенде көбінің  қолы қысқа. Сондықтан,  аты-жөнін қазақшаландыру үрдісін қолдайтын нақты  бір заң бекіткен абзал. Мейлі, демократиялық, зайырлы мемлекет болғандықтан тұрғындарға ондай талап қоя алмасақ та, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мамандар құжаттарын реттеуге жүгінген азаматтарға жүйелі түрде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізсе. Олардан қажет етілетіні – «Тегіңізді қазақшаландыруға қалай қарайсыз?» деген екі ауыз сөз ғана. Ішінара арнайы билбордтар іліп, акциялар ұйымдастырса. Осының өзі ататектің  жазылуына төңкеріс әкелгелі тұр. Міндеттемесек те, мейлінше көп ұсыныс тастасақ ұтарымыз қисапсыз. Осылайша, бір орталықтың күн тәртібіне  бекітілген жұмыс тұтастай мемлекеттің түйінді мәселесінің шешімін тауып бермек.   Баланың туу туралы куәлігін рәсімдегенде, яки, төлқұжат ауыстырарда жат жұрнақтарды қолданбау немесе қазақша нұсқаға алмастыру жайлы айтылған жай ғана ұсыныс 25 жыл бойы тасадан шыға аламаған өзекті мәселені кемінде бес жыл ішінде ретке келтірмек. Керегі тек  әрекет.
Қазақ тарихындағы қадау-қадау марғасқа азаматтардың бірі Бауыржан Момышұлы кезекті бір қанды қырғыннан кейін, көрсеткен ғаламат ерлігі үшін марапатқа ұсынылады. Күндердің күнінде бұйрық та шығып, Қызыл Ту орденін омырауына қадайды. Қаздай тізілген сарбаздардың алдында өзін салмақты ұстаған Баукең бұйрық қағазға көзі түскенде түсі сұрланып сала беріпті. Жалма-жан омырауындағы орденді ағытып алған батыр: «Кешіріңіздер, бұл орден менің адресіме жіберілмепті», – депті жайбарақат.
Тосын сөзден тосылып қалған марапаттаушы:  «Қалайша? Сіздің фамилияңыз жазылып тұр ғой» – деп түсініспестік танытыпты. Сонда батырымыз: «Қазақта Момыш деген есім жалғыз менің әкемде ғана емес шығар. Бауыржан деген ат та маған ғана қойылмаған. Мен Бауыржан Момышұлымын. Ал мына бұйрықта Бауыржан Момышовқа деп жазылған. Сол себепті орденді алудан бас тартамын», – деген екен. 
Міне, Кеңестік саясат кезінде де ұлтына, тіліне жанашырлық таныта білген батырымыз нағыз патриотизмнің үлгісін көрсетіп кетті. Ал  қазір билігіміз қолымызда, Конституциямыз құшағымызда, заңды да өзіміз бекітеміз. Неге осы мәселені бір жүйеге келтірмеске?
Бұл тақырыпты қозғап отыруымыздың да өзіндік себебі бар. Ата Заңымызда аталмыш проблеманың шешімін тауып беретін бап қарастырылса деген ниетпен жазудамыз. Ең болмағанда «ауыстыруға құқылы» дегеннің орнына «міндетті» дейтін бір сөз енгізілсе. Аты-жөніміздің ана тілімізде жазылмауы өзіміздің атақ-абыройымызға сын екендігі ақиқат. Тегіңізді қазақшаландыруға сіздер қалай қарайсыздар, зерделі оқырман?
 
Алмат Асхатұлы.
Алакөл ауданы.