Адам санасын билеген лудомания

Уақыты: 05.06.2023
Оқылды: 1693
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жеңіл ақша. Аяғы жоқ ертегі. Белшеден батқан қарыз. Өз қолынан жасаған ауру. Жоғарыда аталған сөздер лудомания дертін жұқтырған науқастың тағдыры. Ауқымды тақырыпқа тереңінен үңілмес бұрын «лудомания» сөзінің мәнін ашып алғанымыз жөн.

Лудомания адами құндылықты төмендетіп, жалғыздықты сезіндіргіш ішкі сезім. Медицина тілімен тәуелді ойынқұмарларды айтады.  Бұл дертті емдеу өте қиын. Тән зардап шекпейді, психика ауытқиды. Тіпті, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ресми түрде алкоголизм, наркомания, таксикомания сынды сырқаттар қатарына аса қауіпті лудоманияны да жатқызды. Заңды «есірткі» десе де болады. Ал, психологтар санасы қарсы тұра алмаған ойынқұмарды одан әрі сағын сындырмауға кеңес береді. Өйткені ойыннан алған әсерін тұсап ұстай алмаған науқас өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін екен.

Еліміздің екі өңірінде ресми түрде ойынханалардың жұмыс жасауына рұқсат берілген. Біріншісі – Қонаев, Екіншісі – Көкшетау қаласы. Өмірзақ Мұқайдың «TENGO MONITOR» газетіндегі мақаласында мемлекет қаржысына ойынханалардан түсетін салықты есептеп көрсетті. 2021 жылғы дерекке сүйенсек 9 айдағы қаржы 53,7 млрд. теңгеден асқан. Құмар ойынға құныққандардың әрқайсысы кемінде 10 млн. қарыз арқалап жүрсе, қомақты ақша ойынханалардың қалтасын қақпайды. Бұл заңдастырылған орындардың салығы. Ал үйден шықпай, әлеуметтік желі арқылы ойналатын букмекерлік кеңселерден түсетін қаржы ше ?

Букмекерлік кеңселер жастардың көп жүретін орталықтарына қойылған. Дүкенге барсаң, ойын автоматтары, әлеуметтік желіге кірсең, адам сенгісіз джекпоктар жарнамасы. Сана-сезімді улаудағы алғашқы қадам ба дерсің. Бір қызығы онлайн құмар ойындарын ашу үшін лицензия сатып алсаң болғаны. Оны жарнамалауға тыйым салынбаған. Осылайша ойын бизнесіне араласа кетесің.

Бәс тігу ақшаны қажет етеді. Алғашында ұтуы мүмкін. Бұның барлығы қызықтыру мақсатында жүзеге асырылған. Қалтасына 5-10 тиын түскен лудоман, көбірек ұту идеясын құра бастайды. Нәтижесінде ұтысынан, шығыны көбейеді. Қалтасында қаржысы болмағандықтан несие, жақындарынан қарыз, құнды заттарын сатып жібереді. Ақырындап барынан айырылады. Отбасының шаңырағы шайқалады. Бос уақытын ойынмен өткізеді. Алдамшы ақшаның жетегі сорақы өмірге әкелгенін ұқпай қалады.

Аталмыш аурудың белгілері жақыныңызда байқалса, дереу дәрігердің көмегіне жүгінген жөн. Елімізде бұл мәселені шешу мақсатында «Ренессанс Шымкент», «Рекавери» клиникалары ашылған. Кәсіби мамандар зиянды әдеттен арылтуды гипноз, кодтау секілді заманауи әдістерімен жүргізеді. Дәрігерлер тұлғаның санасын өздігінен дұрыс бағытқа бұру, тек уақыт жоғалту деп кеңес береді.

Құмар ойыннан зардап шеккен азаматтар жетерлік. Солдардың бірі Бейнеу ауылының тұрғыны. Бейнеудегі «LOTO CLUB» клубын өртеп жіберген. Қылмыскердің сөзінше 20 жыл бойы ойынға бәс тігіп, 200 млн-ға дейін қарызға батқан. Сот жазаны жеңілдетіп, оны бес жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол нысан иесіне 9 798 525 теңге, клуб иесіне 17 320 714 теңге шығын келтірген. Ал, Семей тұрғыны үйіндегі 30 мың теңгені құмар ойынға салып жіберген. Ол қаржы әйелінің несие төлейтін ақшасы болып шыққан. Оң шешімін таба алмаған жігіт, жолда өзіне пышақ сұғып, қарақшылар алып кетті деп үйіне келген. Келіншегі бірден полиция қызметкерлеріне хабарласқан. Тексеріс нәтижесінде болған оқиғаның жалған екені анықталып, ер азаматты 2 жылға бас бостандығынан айырды.

Шындық айнасына тіке қараған жөн. Арам ақша нан болмайды. Құмар ойынның зардабы зиянды әрекеттерге жетелейтіні анық. Құмар ойын – әлсіздің әлегі. Бұған дініміз де қатаң тыйым салады.

Данияр АЙНАБЕКҰЛЫ
Жетісу университетінің білімгері