Есірткіге еліткендер азаймай тұр

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 2007
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қаратал ауданы, Үштөбе қаласында 30 жастағы тұрғыны үйінде 2 келі гашиш сақтағаны үшін құрықталды.

Ақсу ауданы Қапал ауылында жарты ғасыр жасаған тұрғын ауласында 29 түп марихуана өсірген.

Панфилов ауданында 50-дегі азамат 32 келі тартатын 10 түп есіртк3 өсірген.

24 жастағы жетісулық 0,25 грамм «пиролидиновалерофенон а-РVP» есірткісін сату барысында құрықталған. Үйінен бір қаптама есірткі заты табылған.

Жетісулық азаматтан «Викинг» тапаншасы, сондай-ақ, 586 грамм анаша табылған.

Саралай берсек, соңғы бірер айдың көлемінде құқық қорғаушылар құрықтаған есірткі өсірушілер мен сатушылардың тізімі ұлғая береді. Тіпті, санауға қолдағы саусақ жетпейді. Сонда дейміз-ау, «жұрт біткеннің бәрі есірткіге елітіп алған ба?» деген сұрақ мидың мың қыртысында атойлайды. Қорқынышты дәйек.

Әрмен кеттік. Жетісулық құқық қорғаушылар жыл басынан бері өңірде 142 есірткі сату және өсіру фактісін анықталған. Нәтижесінде 244 келі 652,97 грамм есірткі тәркіленген. Оның 2,5 келісі синтетикалық есірткі. Айқап дейтін сан. Үрей тудыратын дерек.

Жетісу облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаевтың сөзінше, жыл басында Талдықорған қаласында 21 жастағы бойжеткен ұсталыпты. Тергеп-тексеру нәтижесінде 2 келіден аса синтетик табылған. Бүгінде әлгі есірткі таратушы 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Айта берсек, мұндай ақпар жетеді. Мәселен, 17 есірткі таратушы анықталған, 5 синтетикалық есірткі сатушы құрықталған. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев 9 айда Текелі, Жаркент және Үштөбе қалаларындағы есірткі және синтетик таратушы, сатушы қылмыстық топтың құрықталғанын айтты. Құқық қорғаушылардың қарымды қарекеті болғанмен есірткіге еліткендер мен соны сатып, заңсыз жолмен қалта қомпайтқысы келетіндер неге азаймай отыр? Әлде қазақтың «ит қорыған жерге өш» деген сөзінің жаны бар ма?

 – Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі трафигін, өсіру және сатудың жолын кесуде тынымсыз тірлік үстінде. Одан бөлек, ел ішінде, әсіресе, жастар арасында есірткіге қарсылық иммунитетін қалыптастыру үшін мемлекеттік мекемелермен, саяси құрылымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп түсіндірме, ескертпе жұмыстарын жүргізіп келеміз. Әсіресе, «AMANAT» партиясының жастар қанатымен бірлесіп, жастарға жиі үгіт-насихат жүргізудеміз. Бастысы, әрбір қоғам мүшесіне есірткі затын тұтыну және алып-сатуға септескендер заң алдында жауап беретінін, жай ғана емес, қатаң жазаланатынын ескертеміз, – деді Мұрат Жұмабаев.

PS. 1968 жылы Джон Би Кэлхун «Әлем 25» (Вселенная-25) атаулы экспериментін жүргізеді. Үлкен қоршау ішіне 4 жұп тышқанды кіргізеді де ас-судан кенде қылмайды. Қоршау ішіндегі тышқан саны 3000-нан асқанда да ас жеткілікті болатын. Себебі қоршау ішінде күніге 9000 тышқан қорек ететін қор бар еді. Уақыт өтеді. Тышқандар қолайлы жағдайда көбейе береді. Қызықты қараңыз, 2200 тышқаннан соң өсім тоқтайды. Мақұлықтар өз міндеттерінен жаңылады. Еркектері ұрғашыларына шаппайды, аналықтар балаларын қызғаныштан өлтіре бастайды. Қоршау ішінде ересектер ғана жанталаса өмір сүреді. Есесіне жастары қырғынға ұшырайды. Әуеліде өркендеу, сосын құлдырау. Өйткені бәрі жеткілікті еді. Бірақ, қоршаудағы тіршілік те тоқтайды. Джон Би Кэлхун тәжірибені бірнеше мәрте қайталайды. Нәтиже бір. Мұнымен айтпағымыз не? Қоғам үшін, орта үшін зиянды құбылыстарға қарсылық танытайық.

Мағмар Мақсым
Фото: көрнекілікке алынды