Арақты ұсынбаңыз, тұтынбаңыз!

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 2133
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Арақ – атадан қалған ас емес. Бірақ босағадан құтты қонақ аттай қалса, дастарқанға астан бұрын сылдырлатып шөлмекті тізіп қоятын әдеттен әлі арыла алмай келеміз. Өкініштісі осы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жылына алкогольдің кесірінен  3 миллионнан астам адам мерт болған. Олардың 80 пайызы – ер адамдар. Ұйымның бекіткен мөлшері бойынша, жан басына шаққанда бір жылда алкогольді ішімдікті 8 литрден көп тұтынған елдің генофонды тоқырауға ұшырайды екен. Өкінішке қарай, елімізде бұл көрсеткіш 12 литрден асып кеткен. Ал еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметінше, ащы судан болатын өлім-жітім бойынша алғашқы ондықтың ішінде. Бұл – текті халық мақтанып айтар жетістік емес. 

Ащы судың кесірінен қаншама шаңырақ шайқалды. Талай тағдыр үзілді. Адамның түбіне жеткен ішімдік кімнің жанын азапқа салмады десеңізші? Балалар әке-шешелерінің арақ ішпей, сау келгенін армандайтын отбасылар да бар біздің қоғамда. Отбасының берекесін алмаса, бір күн болса да айқай-шусыз тыныш отырып тамақ ішсе, бейкүнә балалар үшін ең үлкен бақыт сол. Бұл – қазақ шаңырағындағы трагедия емей немене?!  

Өкініш

– Ата-анам қосылып ішетін. Үйде тамақ болмаса да арақ болатын. Екі інім мүгедек болып туылды. Ішімдіктің кесірінен ата-анам ажырасты. Бізді мемлекет қамқорлығына алды. Кейін анамыз да, әкеміз де өмірден өткенін естідік. Қазір отбасым бар. Ішімдік ішетін таныстарыммен, достарыммен арақатынасты біржола үздім. Шаңырағымда шараптың аты аталмайды. Ешкімге де ұсынбаймыз. Өзіміз де тұтынбаймыз. Тағдырымның осыншалық қиын болғаны осы арақтың кесірі деп білем. Енді мұндай азапты күнді балаларым көрмесін деп тілеймін. Әрбір ата-ана баланың тағдырын араққа айырбастамаса екен. 
Асыл АРМАНҰЛЫ

Ішімдікті ортаға қойып бірге ішкен әкесі мен баласының ауыр жағдайын күні кеше ғана естіп, жаға ұстадық. Араққа тойған екеуінің жанжалы ушығып, әкесі туған баласын балтамен ұрып мерт қылған. Баласы жарық дүниемен мәңгіге қоштасса, енді әкесі темір тордың арғы жағында азапты күнді бастан кешпек. Қанішер әкенің, жетесіз ұлдың  бұл қылығы бүтіндей бір әулетке жағылған қара күйе. Аңырап ана, боздап бауыр, қан жылап бала қалды. Бүтіндей бір отбасының шаңырағы шайқалып, берекесі қашты. Мұндай жағдай қазіргі таңда тым көп. Әкенің емес, ананың араққа салынып, бала-шағасынан бас тартқаны жүрекке салмақ салмай қоймайды. Бұл – қазақ үшін тозақпен тең. 

Дәрігерлердің айтуынша, ішімдікке үйір адамның өмір сүру ұзақтығы орташа халықтың өмір сүруінен 15-20 жыл кем болады. Ата-анасы ішімдікке үйір болған баланың миы 40-60 пайыз кеш дамиды. Біз өзімізге, одан қалды ұрпағымызға өз қолымызбен қиянат жасап келе жатқанымызды қашан мойындар екенбіз? Осы ішімдіксіз де мәнді, мағыналы, салауатты өмір сүруге болады емес пе? Мәнді өмір сүруге кім кедергі? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Бұл – әр адамның өз өміріне жауапсыз қарағанының нәтижесі. 

«Арақ аздырады, өз көріңді өзіңе қаздырады». Осы бірауыз сөзді қазекем қалай дөп басып айтқан деңізші. Расында арақпен дос болған адамның ақыры көріне жетелейді. Біздің қоғам арақтың қаншалықты зиян екенін өте жақсы біледі. Түсінеді. Бірақ үлкен буынның аузында ара-тұра «Біз советтің адамымыз. Ішіп үйренген ауыз» дегенді естіп қаламыз. Айналайын-ау, совет құлағалы қанша жыл өтті? Біз неге осы қазақ болып өмір сүре алмаймыз? Неге күні бүгінге дейін арам асты адал етіп, ессіз дүниемен әуестеніп жүрміз. Жасы да, жасамысы да, тіпті, аяғы ауыр келіншектер де ащы суды ұрттап алып, санаулы сағат көңілденгендеріне масаттанып жүретіні көңілге көлеңке ұялатады. Бірақ оның өзіне де, өзгеге де тиіп жатқан кесірін ой елегінен өткізіп жатқандары шамалы? 
 «Қызың арақ ішсе – қызығыңның кеткені, ұлың арақ ішсе – ырысыңның кеткені» деген ұлағатты сөзді тауып айтқан қазақтың ертеңі не болмақ? Ұрпақтың саналы болуы ұлықты ұлға, қылықты қызға байланысты екенін ұмытпасақ дейміз. 

Еңлік КЕНЕБАЙ
Фото: көрнекілікке алынды