Өріс тарылмасын...

Уақыты: 08.10.2023
Оқылды: 1965
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы». Осы бір нақылдың мәнін енді ұғынғандаймыз. Бұл – шашылудың заманы, бір-бірінен тірлігін асырудың заманы. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірдің өткенін ескеріп жатқан ешкім жоқ. Қарны тоқ та, уайымы көп те көлеңкесін зорайтып көрсетуге ынтық. Құдды бір жарыс дерсің. Мәресі жоқ сол жарыста сыйақы берілмейтінін ескерген кім бар? Жә, мәселе бұл емес. Көкейде жатып маздаған сауалымыз да тым бөлек. Тойшыл қазақ қызын қайдан ұзатуда?

Той көбейді бүгінде. Сол тойды өткізудің өзгеше ережесі бар. Ұл үйленсе де, қыз ұзатылса да тойханада жасалуы тиіс деген заң қалыптасты. Заң деуге де келмес, үрдіс. Бай байлығын білдіріп, мейрамхананың еңселісіне той жасайды. Ал орта тап пен төменгі буын қалтасын қағып, қарызға салып, ішкенін қойып, жегенін тыйып, қарыз алып қармануда. Қызды да, ұлды да солай қатарына қосып жатырмыз.

Бұрындары «қыз алып қашу» деген дәстүр бар-тын. Ақырын-ақырын қыздың бағы үшін дедік пе, тым батыстанып кеттік пе, әйтеуір, оны доғардық. Қазір таңдап жүретін жайға жеттік. Қос жақ келісіп, көрісіп, бөлісіп әрекет етеді. Кетер қыз қысылмай, тосылмай, қымсынбай кеткенін қалаймыз. Содан шықса керек, қыз кетер орын тойхана, мейрамхана, кафе болды.

Әдетте мейрамхана мен кафе атаулы жынойнақтың мекені. Біреу ішіп мас болады, біреу ішпей мас болады. Қым-қуыт төбелес те осында. Біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде мейрамханалардың біріндегі «стриптиз» биінің бейнебаяны бой көрсетті. Содан-ақ, осындай қоғамдық орындардың қасиетсіз жер екенін білуге болады. Ал біз қызды қалай да мейрамхана мен тойхана, кафеде ұзатамыз?!

Қыз – қасиет. Қыз – абырой. Қыз – намыс. Қыз – өріс. Қыз – ана. Ескерген кім бар? Құттыхана қара шаңырақтан емес, неліктен жынойнақ мекеннен ұзатылады? Әлде қыз бақыты тек шашылып, қарызданып ұзатумен бағалана ма? Жынойнақ жерде қыздың өрісін тарылтып жатқан жоқпыз ба?
Ырымшыл қазақтың ұрпағы, осы сұрақтар сізді ойландыра ма? 

Дастанбек  САДЫҚ
Сурет: ғаламтордан алынды