Дәлелсіз ақыл, дәйексіз нақыл

Уақыты: 29.10.2023
Оқылды: 3305
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Адам демалатын, жұмыстан бір сәт арқа босатып сергитін күнге әдеби кездесу ұйымдастыра ма екен?!» деп үйден қынжыла шыққаныммен кітапханадағы өткен сол шараға барғаныма риза болып қайттым. Жақсы әсер қалдырды. Кеш кейіпкері бүгінде қазақтың жоғын бір адамдай жоқтап жүрген тағдырлы азамат. Арқырап өлең оқыды, сарқырап сыр толғады. 

Жақсы басталып, шырайы ашыла түскен шараның бел ортасында тілек білдіргісі келген өзі жас, танау астындағы тықыр теріге бала мұрты енді тебіндеп келе жатқан жігіт сөз алды. Күпсектеп сөйлеймін деп кемшілік жіберіп алды. Бірауық сөйлеген сөзінің ең тоқ етер тұсын: «Интернет дамыған заманда оқулықты электронды нұсқада парақтап-тарақтауға болады», «Ақын-жазушылар өз абырой-атағына жұмыс жасайды», «Еліне еленгісі келген олар осындай кездесулердің кейіпкері болуды бел-белес, төбе көреді» – деген сыңаржақ пікірлермен тұжырды.

Қарашығы жарыққа қармалмаған, тұяқ ұшы шекілмеген, тағдырдың соры мен сортағына әлі із түсірмеген жас баланың мына кесімді сөздеріне оқырман қауым аңтарылып қалғандай. Құлаққа ұрған танадай тыныштықты кеш кейіпкерінің өзі бөліп, қарсыда тұрған кереуетке (диван) әлгі жасты шақырды. Екеуі жайғасар-жайғаспастан ақын сабырмен сөз сабақтады:

– Дүниенің уы мен балын татқан адамның бірі менмін десем асылық болмас. Жақсыны да, жаманды да көрдім. Дос пен қастың қандай екенін парықтадым. Алайда, технократтық дәуір туып, жаһандану сан түрлі игілігін алып келсе де  кітаптан адал дос, кітаптан сыршыл жақын, кітаптан қамқор жол нұсқаушы көргенім жоқ. Интернет игілігін игерген дұрыс, алайда қойнына қазына бұққан, әр парағына данышпандар мен дарын иелерінің тері мен жасы қатар тамған кітаптай бола ала ма? – деп бір тоқтады. Ойын әрмен қарай сабақтап, осынау қазына туралы көптеген мысалды алға тартты. Жүзі нарттай қызарған жастың басын есті сөзбен еріксіз шұлғытты. 

– Сен жаңа бір сөзіңде ақын-жазушыларға түгелдей айып арқалаттың. «Өз абырой-атағына жұмыс жасайды» дедің. «Елдің алқауымен күн кешкенді ұнатады» дедің. Айналайын-ау, мына жалғанда өз абыройын ойламайтын, ар-ожданы алдында есеп бермейтін жанды кім деуге болады? Елдің алқауына, алақанына ақ жүрекпен қона кеткісі келмейтін кім бар? Десе де өз басының беделінен ел мұратын төмен қою шын талантқа, шын ақын-жазушыға тән қылық емес. Қазақ әдебиетіне олжа салған сан дарынды тізбелеп берсем, қайсысынан сен айтқан сынның сынықсүйемін таба аламыз? – деп бір тоқтады. Соңынан өз өмірі туралы тебіренді. – Мен жазықсыз тұтқындалдым. Менімен бірге айып арқалаған азаматтар 2 жыл ішінде бостандық көрді. Қоғамға сыймайтын, сыйыспайтын мінезімнің салдарынан ақталғым келмеді. Ақ болған соң, әрине...  Содан өмірімнің 10 жылын темір торда, 4 жылын жеке қамақта өткердім. Ал енді айтшы, тағдырдың тақсіретін бір адамдай тартқан мен үшін жалған намыс, жасанды атақ, құры мақтан керек пе? Мен абақтыда жатып ақын болуды емес, адам болуды аңсадым. Сол жолда күресіп, еңбектеніп келемін, – деп тұжырды.

Арагідік «Жоқ, менің айтпағым...» деген жас баланың әр сөзін тұтасымен теріске шығарды. Жеке ой, дара қасиет болғаны жақсы екенін, алайда ақиқатқа көз жеткізбей, ат төбеліндей қауымға айып арқалатуға болмайтынын ұғындырды. Қасиетке тас атпау керектігін жақсы мысалдармен түйсіндірді. Ақыры өз кемшілігін түсінген жас азамат алқалы жұрттан кешірім сұрады.

Осынау кештен үйге жалқы қайттым. Дастарқанға шақырған қаламгерлерден ауаша кетіп, адаландым. Өйткені замана көшінде біздің ізді басып келе жатқан жас буынның ішінен шығып, сөз алып, ойын ортаға салған інішектің әр айтқаны жүректі тіліп өткендей болды. Ондайда қалай ауқаттанбақсың? 

«Неге?», «Қалайша?» деген сауалдарға жауап іздедім. Біз тұлғаларды кемсітіп, қара басы үшін қарманып жүр деп ойлайтын ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз ба? Үйдегі ата-ана тәлімі солай ма?  Елде көкірекке қонған пікірді күпір көрмейтін, ойға келген орамды ортаға сала салар жастарды өсірудеміз бе? Әлде тұтас қоғам болып асылымызды ардақтаудан қалып барамыз ба? Әлгі жас ақын, енді ғана балаң саусақтарына қалам қыстырған өреннің қызыл танаудан қан кеткендей маңдайын тасқа соғып, жүзі қызарып, ұят арқалап кеткеніне, дүйім елді бұйым құрлы көрмей пікір саптап, ақыры кешірім сұрауына қай кемшілік түрткі болды екен, ә?! Дәлелсіз ақыл айтып, дәйексіз нақыл термелейтін қанша ұрпақ сөз алуға кезек күтіп тұр екен?!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Сурет: ғаламтордан алынды