ҚҰДАЛЫҚ ҚИСАПСЫЗ ҚАРЫЗҒА БАТЫРМАСЫН

Уақыты: 03.12.2023
Оқылды: 1952
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Атадан балаға жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлеріміздің уақыт өте келе жаңғырып отыратыны белгілі. «Елу жылда ел жаңа, отыз жылда – қазан» деген мәтел де негізінен осыған байланысты айтылса керек. Бұл тұжырым жастардың бас қосып, шаңырақ көтеруіне, соған байланысты атқарылатын құдалық, той-томалақ ғұрпына да қатысты. Соған орай жастардың бас қосуына байланысты жөн-жоралғылар бүгінде қалай атқарылып жатыр, арасында жаңғыртуды қажет ететіндері жоқ па деген сұрақ өз-өзінен туындайды.

Ел ішінде «Өлім бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деген дөрекілеу тұжырым айтылады. Ақиқаттың ауылынан онша алыс кете қоймайтын бұл сөздің де тегін шықпағандығы белгілі. Кісісі өліп, қаралы болып жатқан отбасының қайғы-қасіретті өз алдына жиып қойып, ең алдымен жұртшылыққа қалай дастарқан жаюды, қандай мал союды ойластыратыны, түптеп келгенде көпшілікке күлкі болып қалмауға қам жасайтыны жасырын емес. Бұл жайында көп айтылып та, жазылып та жүр.

Бір жақсысы, дінбасылары мен қариялар қауымы осы мәселеге қатысты нақты бір шешімге тоқталып, ысырапқа бармау қажеттігі, қазаға орай жайылған дастарқанға ас та төк тағамдардың қойылмауы жайында жұртшылыққа жариялап бастады. Оған көпшілік те құлақ аса бастаған сыңайлы. Бұл үрдісті осы қалыпта жалғастырып, болашақта бүкіл елге, болмаса әр өңірге тән ортақ бір қалыпқа түсірсек, нұр үстіне нұр болмақ.

Бұл жерде жастардың үйленуі мен марқұмды соңғы сапарға шығарып салу жоралғысының арасында қандай байланыс бар деген сұрақтың да туындайтындығы заңды. Өкінішке қарай, ондай байланыс бар. Бар болғанда да ондай байланыс жаңағы «бардың малын шашатын, жоқтың артын ашатын» жөн-жоралғыларға келіп тіреледі. Көзі қарақты оқырман бұл тұжырыммен таласа қоймайтын шығар деп ойлаймын.

«Үйленем» деген ұлының, «кетем» деген қызының қуанышын қалай атқаруды ойлаған ата-ана, болашақ құда-құдағилар бүгінде белгілі бір мейрамханада алдын ала жолығып, танысып, құдалық жайын қамдайды. Дәл осындай танысып, әңгімелесу барысында ұл жағына, қыз жағына қандай талап қойылатындығы, нақтырақ айтатын болсақ, қанша мың теңге көлемінде қалыңмал, қанша адамға киіт әкелінетіндігі, қай мейрамханада қандай той жасалатындығы, жасау жабдығы, тағы басқа да ондаған жайттар айтылып, талап-тілек ортаға салынып, әңгіменің басы ашылады. Қоржынға не салынатындығы, «ана сүті», «әке күші» ретінде қанша ақша талап етілетіндігі де осы қатарға кіреді. Әңгіме барысында болашақ күйеу жігіттің немесе қалыңдықтың қандай, қанша дипломының барлығы, оқуын бітірген-бітірмегені, қанша табыс табатындығы, бәрі-бәрі таразы басына тартылады. Мұның бәрі болашақ күйеу мен қалыңдықтың бәсін күшейтіп, өз кезегінде қос тараптың бірінің салмағын арттырып, қадір-қасиетін күшейте түседі. Мұның бәрі әңгіменің кіріспесі, жуық арада таусылып біте қоймайтын ырым-сырымның басы ғана.

Әңгіменің дені екі араға құдалық жүре бастағанда айтылады. Жиналған туған-туыс құдалардың әкелген қоржынын ашып, қаражатын санап дегендей, келістеріне баға береді. Әркезде «барға қанағат, жоққа салауат» деп барын асырып, жоғын жасырып жоғары баға беріп жатса жақсы ғой, кей кездері бес балдық жүйе бойынша «екі» деген баға қойып, құдалардың «кінәсін» былш еткізіп бетке басып жататындар да кездеседі. Дәл осы кезде құдалардың бір-біріне көңіл қалдыратындай ауыр сөз айтып, бет тырнасып қалатын оқиғалары да орын алып тұр. Оның соңы ауруханаға түсумен аяқталатын жайттар да аз емес. Бұл кезде «Құдалармен болашақта жақын араласамыз ғой, ертеңгі күні бір-бірімізбен бет көріскенде ұялып қалып жүрмейік, бұл қылығымыз балалардың болашақ қарым-қатынасына кірбің түсірмей ме?» деген ұғым жайына қалады.

Тағы бір айта кететін жайт – құдалықтың жөн-жоралғысының да әр өңірде әртүрлі атқарылатындығы. Соған орай құда-құдағилардың арасында: «Біз жақтағы мынадай жөн-жоралғыны ескермепсіздер, мына бір дәстүрге орай мынанша қаражат, қой немесе жылқы, тойбастар әкелулеріңіз керек еді...» деген де дау-дамай туындап жатады. Шамасынша артынып-тартынып, көңілден шығуға тырысып қарызданып-қауғаланып келген жақ болса: «Бізде ондай ырым жоқ еді... Өз дәстүрімізбен келдік» деп ақталуға мәжбүр.

Әрине, барлық құдалықтың жөн-жоралғылары осындай келеңсіздіктермен аяқталып жатады деп тұжырымдаудан аулақпыз. Қуанышқа орай, алдын ала жолыққанда бір-бірінің жағдайына қарап, барын асырып, жоғын жасырып жататын, тіпті туған-туыстан ұят болмасын деп құдасының қалтасына өзінің қаражатын да қосып жіберетін құда-құдағилар көптеп кездеседі. Әйтсе де жоғарыда айтылғандай оқиғалардың да орын алып тұратынын жасырып-жабуға болмайды. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, жаңағыдай жағдайлардың да бар екендігін айтпасақ, ондай «ауруымыздың» барған сайын асқына түсетіндігі сөзсіз.

Ендігі кезекте құдалардың көңілінен, бұл жерде талабынан дегеніміз дұрыс шығар, шығудың қаншалықты қаражатқа түсетіндігіне келейік. Шындығына көшейік, мұншалықты мол қаражатты қалтасынан бір демде шығарып төлей салу бүгінде екінің бірінің қолынан келе бермейді. Содан кейін де замандастарымыздың көпшілігі туған-туыстың көмегіне, одан қала берді «қиындық атаулының бәрінен құтқаратын сиқырлы таяқша – несиеге» жүгінуге мәжбүр болады. Шама-шарқынша тойға көмектесетін туған-туыстың несие төлеуге келгенде қол ұшын соза қоюы екіталай десек, бұл да асырып айтқандық бола қоймайтын шығар. Несиелерін төлей алмай, қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрген замандастарымыздың барған сайын көбейіп бара жатқанының бір себебі осы емес пе екен?..

Бұл орайда бір-бірімен іркес-тіркес өсіп келе жатқан ұлдары мен ұзатылатын қыздары бар отбасылар проблемасының еселеп арта түсетінін тізбелеп жатудың да қажеттігі жоқ шығар...

Статистика мәліметтеріне жүгінетін болсақ, елімізде шаңырақ көтерген әрбір үшінші отбасы, кейбір деректерде 40 пайызға жуығы, уақыт өте келе түрлі себептермен ажырасып кетеді екен. Мұның қаншалықты сұмдық сан екендігін айтып, дәлелдеп жатпай-ақ қояйық. Жалпылама айтқанда әрбір отбасының бүлінгені үлкен бір трагедия десек, мұндай трагедиялардың қаншама отбасында орын алып жатқанын көзге елестетудің өзі қорқынышты.

Ажырасудың көп себебінің бірі материалдық жағдайға келіп тірелетіндігі де дәлелдеуді қажет ете қоймайды. Олай дейтініміз, той өтіп, құдалықтың жөн-жоралғылары мүмкіндігінше «талапқа сай» атқарылып болған соң ай сайын несие төлеп тұрудың ауыртпалығы бірқатар жағдайда үйленген жастардың мойындарына артылады. Дәл осы кезде «Осындай талапты қойған сенің ата-анаң...», «Әке-шешең осындай ауыр сөз айтып қайрамаса қарызға батпайтын едік...» дегендей айыптаулар да ақырындап айтыла бастайды. Жаңа бас қосып, аяқтарынан енді тұра бастаған жас отбасының мұндай ауыртпалықты көтере алмай қалуы да мүмкін-ау...

Қалай десек те қоғамымызда мұндай өткір проблеманың бар екендігі ақиқат. Соған орай көкейде одан шығудың жолы бар ма деген сұрақ та өз-өзінен туындайды. Біздің ойымызша, ондай сұраққа берілетін жауап та жоқ емес.

Құда-құдағилардың алғашқы таныстығы барысында-ақ мәселені шешіп, болашақ жақын туыстардың бір-біріне деген талап-тілектерін азайтуға болады емес пе? Мәселен, екі жақ бір-біріне қарыз есебінде кигізетін, көп ретте осындай құдалықтар үшін ғана арзан киім сатылатын арнайы дүкендерден алынатын киіт саны шектелсе, әртүрлі атаумен аталса да негізінен қалыңмал ретінде берілетін қаражат талап ету ақсақалдардың келісімімен, шешімімен тоқтатылса, бай мен кедей іріктеліп, қымбатшылық белең алған тұста қолда бар қаражат пен банктен алынған несие жас отбасының аяғынан тұрып кетуіне жұмсалса оның несі айып?! Келін түсіргенде бір той жасап, беташарда тағы шығындалып, үлкен той жасағанда қисапсыз қарызға батып жүрген замандастарымызды бұл жайт ойландырса керек-ті.    

Қазақта «Көрпеңе қарап көсіл» деген жақсы бір сөз бар. Бұл жерде айтпағымыз, ас та төк той жасап, құдалықты барынша дүрілдетіп өткізетін байлар мен байшыкештерге ұқсауға тырыспайық деген ақ тілек. Құдалардың арасында, егер қолда болып жатса, жорға да, дорба да жүре берсін, Жаратқаннан зорға жүргеннен сақтасын деп сұрайық.

Бұл жерде құданы сыйламайық, орнын төмендетейік деген ойды айтайық деп отырған жоқпыз. Оған орынды, қажетті сый-сыяпат жасау қажеттігін ешкім де жоққа шығара алмаса керек. Құдасын Құдайындай сыйлайтын ағайын содан кейін де ендігі жердегі ең жақын туысының көңілінен шығу үшін аянып қалмайды. Тек бұл құлшынысымыз алдағы уақытта қисапсыз қарызға батырып, оңайлықпен құтыла алмайтын қиындыққа малшындырып, ең бастысы, жаңадан бас қосып отырған жастардың ренішіне себеп болмаса екен дейміз.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Фото: eastroute.com