Аруағы Жамбыл жебеген

Уақыты: 17.10.2016
Оқылды: 2797
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Өмірден өтіп кеткен жақсы мен жайсаңдар жайлы сөз болғанда «зымырап бара жатқан уақыт-ай десеңші...» деген сөз тіркесінің алдымен ойымызға оралатыны несі екен? Бұл да адам жанының ашылмаған бір құпиясы-ау, сірә?.. Қайтыс болғанына қаншама ай, қаншама жыл өтсе де күні кеше ғана жаныңда жүргендей, күні кеше ғана сөйлесіп, сырласқандай болады да тұрады. Содан кейін де ойламаған жерден алдыңнан шыға келетіндей, күтпеген тұста жолығып қалатындай болып толқынысты күй кешесің. Арада өткен айлар мен жылдарды санағанда барып зымыран уақыттың тоқтаусыздығына кезекті рет көзің жетіп «аһ» ұрасың... Өзіміздің Әлекеңнің – Жамбыл жыраудың немересі, Қазақстанның Халық ақыны Әлімқұл Жамбыловтың дүниеден өткеніне де бір жылдың жүзі болып қалғанын ойлағанда дәл осындай күй кештік.

ӨМІРБАЯН ЖОЛДАРЫНАН:

Әлімқұл Жамбылов 1927 жылғы 9 мамырда Алматы облысы Жамбыл ауданының  Жамбыл ауылында дүниеге келді. Жамбылдың немересі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1979), Қазақстанның халық ақыны (1996).
Әлімқұл – Жамбылдың ортаншы ұлы Тоққұлының баласы. Алты айлығында жетім қалған соң Жамбылдың інісі Сатыш бауырына салып өсірген. Жасынан Жамбыл атасының жанында жүріп тәлім-тәрбие алды, көптеген өлеңдерін жаттап айтып жүрді. Ұлы Отан соғысы жылдары баспаханада жұмыс істеді. Ол кітапханашы, қызыл отау, автоклуб меңгерушісі болып жарты ғасыр мәдениет саласында қызмет істеп, малды ауылдарды аралап өнер көрсетті. 
Ақынның “Қызыл сырлы домбыра”, «Мен Әлімқұл, Жамбылдың немересі», «Атадан қалған бір мұра», «Жамбыл қаласында» жыр жинақтары жарық көрген. Манап Көкенов, Әбікен Сарыбаев, Әли Ысқабай, Надежда Лушникова, т.б. ақындармен айтысқа түскен. Жамбылға, Кененге, Үмбетәліге, Тұрмағамбетке арналған толғаулары бар.
2015 жылдың 14-қарашасында 88 жасында дүниеден озды. 

Жақсының көзі,
асылдың сынығы


Кеудесін жапқан аппақ сақалы ғана емес, бүкіл тұла бойы мен болмысы Жамбыл бабамызды еске салатын, шын мәнінде де асылдың сынығы, кешегі арқалы ақындардың жалғасы саналатын Әлекең осылай жүре беретіндей, өмірден ешқашан өтпейтіндей көрінуші еді. Амал нешік, тірліктегі барлық жұмырбасты пенде сияқты бұл кісі де мәңгілік емес екен. 
Әлімқұл ата жайында сөз болғанда ойыма ең алдымен осыдан екі жыл бұрын өткен маңызды шара – Алматы облысының Жамбыл облысындағы мәдени күндері оралады. Аталған күндер аясында жетісулық әдебиет, мәдениет пен өнер қайраткерлері М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жиын залында тараздық зиялы қауыммен, жас оқырмандармен кездесу өткізді. Бұл кездесудің, қазіргі тілмен айтқанда, жарық жұлдыздарының бірі Әлімқұл атамыз болып еді. Жамбыл жырау немересінің аты аталғанда, атамыз көпшілікке көріну үшін орнынан көтерілгенде сатырлата соғылған шапалақ үні көпке дейін басылмады. Соған қарағанда тараздық ағайын да біз бастан кешкен сезімде – Әлекең арқылы осы өңірде дүниеге келген ұлы жырау Жамбыл бабамыздың өзін көргендей сезімде болған тәрізді. Нақ осы сәтте қарапайым болмысының өзімен-ақ қалың көпшілікке қадірлі Әлімқұл атамызды жетісулықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың айрықша құрметтейтіндігін нық түйсіндік.
Жамбылдық зиялы қауым сол жолы көрерменге негізінен «Тақиялы періште» фильмі арқылы жақсы таныс белгілі киноактер Әлімғазы Райымбеков пен айтыскер ақын Надежда Лушникованы, басқа да жетісулық өнер, мәдениет қайраткерлерін өзгеше құрметпен тік тұрып қарсы алған еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-журналист, ғалым Уәлихан Қалижан ағамыздың естелігінде айтылғандай, 1996 жылғы  сәуірде  Қазақстан  Республикасының Ресей Федерациясында өткен мәдени күндері барысында тура осындай жағдай қайталанған екен. «...Жамбыл бабамыздың 150 жылдық ұлан-асыр тойы Мәскеуде, Бағаналы залда өткен. Сол шуақты күндер көз алдымда тұр, – деп еске алады жазушы. – Қызыл алаңда, Бағаналы зал дәлізінде: «О, Жамбыл, Жамбыл» деп ағылып келіп жатқан мәскеуліктер бәрінен бұрын Әлімқұл ағамен амандасуға құлшынды. Әйелдері бетінен сүйіп, еркектері қолын қысып, бірге суретке түсіп жатты». 
Осылайша Бағаналы зал күмбезінің астында бұдан тура 60 жыл бұрынғыдай, яғни қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен тұңғыш онкүндігіндегідей домбыраның қоңыр үнімен жарасып Жамбыл жыры асқақтаған болатын. 
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, белгілі бір уақыт өткен сайын ақындық дәстүр де жаңарып, жаңғырып отырады. Содан кейін де бүгінгі айтыс ақындары кешегі ақпа-төкпе ақын-жырауларға жүз пайыз ұқсай бермейді. Бұл жағынан алғанда Әсімхан Қосбасаров пен Әлімқұл Жамбыловтар кешегі Сүйінбай мен Жамбыл, Кенен мен Үмбетәлі, Нартай сынды ақындар шоғырының соңғы бір өкілдері. Демек, сол кісілердің дүниеден өтуімен әдебиеттің тұтас бір дәуірі тарих сахнасына көшті деп тұжырымдауға болады.
Әдемі қартая білу де – қасиет. Әлімқұл атамыз ұлы жыраудың ұрпағы, Халық ақыны деген атағына лайықты ғұмыр кешіп, уақыты келгенде әдемі қартайды. Ешкімге жағынып, жалтаңдаған жоқ, қай ортада болсын өзін бірқалыпты ұстап, қарапайым қалпынан танбады. Баспаханада жұмыс істеген кезінде,  кітапханашы, қызылотау, автоклуб меңгерушісі болып жарты ғасыр мәдениет саласында қызмет еткен шақтарында көпшілікпен қалай етене араласса,  кейіннен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы атанып, небір лауазымды азаматтармен араласқан кездерінде де кеуде кермеді. Сонысымен де қадір-құрметі жоғары болды, сол қасиетімен де қазыналы қария атанды. 

Қасиет қонған
қария


Сталиннің өзінен де қаймықпай Кремльде намаз оқыған Жамбыл атасы секілді Әлекеңнің де Алла тағалаға деген сенімі нық болатын. Мүмкіндігінше намазын қаза қылмауға, мұсылмандықтың бес парызын орындауға тырысатын. Мұны Нағашыбек Қапалбекұлы інісіне айтқан: «Сен кенжем Бекмұрат екеуің Мекке, Мединеге барып, қажылық сапарларыңды өтеп қайтқанда қатты қуандым. Денсаулығым болмай сол жолы бара алмадым. Құдай қаласа, арманым – биыл Мекке, Мединеге барып, мұсылмандық парызымды өтеп қайтсам деп отырмын. Алла соған жазсын!» – деген сөздері де аңғартады. Жаңағы айтқан денсаулығына байланысты бұл арманы орындалмағанымен әр кез Жаратқанға сыйынып, айналасына, бүкіл елге жақсылық пен құт-береке тілеп, дұға жасап отыратын. 
Қазақтың Қарасай батырынан ұрпақтарына ауысқан киелі қызыл жолбарыс Жамбыл атамызды да қорғап, желеп-жебеп жүрген деседі. Айналасында жүрген адамдар сондай аруақты адамның ұрпағы Әлімқұл Жамбыловтың да тегін адам еместігін айтып отыратын. Атамыздың анау-мынау сырқатты үшкіріп, таяғымен түртіп-ақ жазып жібергендігін өзіміздің де көзіміз көрді. 
– Бір жылдары Алакөл ауданының Бескөл деген ауылындағы құдағиымыздың көңілін сұрауға бардық. Ол кісінің төсек тартып жатып қалғанына жарты жыл болған, – деп еске алады Әлімқұл атаның баласы Мұратхан бауырымыз. – Әкем: «Айналайын құдағи, қалайсың? Мен сені жазайын деп келдім» деп қолындағы таяғымен түртіп-түртіп жіберіп, бір дұғаларды күбірледі. Бәріміз «Ем болсын, ем болсын!» деп жатырмыз. Содан арада бір жарым-екі сағаттай уақыт өтті. Басқа бөлмеде шәй ішіп отырғанымызда есіктің сыртынан тықырлаған дыбыс естілді. Ашып жіберсек, «Жәкем әрі құдам келіп тұрғанда жатып алғаным келіспес, бірге шәй ішейін дедім», – деп жаңа туған қозыдай қалт-құлт етіп құдағиымыз тұр. Бұл мамыр айында болған оқиға  еді. Күзге қарай кенже балалары үйленіп, соның тойына барғанымда құдағи әлденеше жүздеген той қонақтарының алдында бетімнен сүйіп: «Алланың қалауы бойынша төсек тартып жатқан жерімнен тұрғызған Жамбыл атамның аруағы, Әлімқұл құдамның қасиеті. Өзі келе алмай қалса да баласы келіп тұр. Бабаларының, бүкіл елінің аруағынан айналайын!» – деп маған сәлем салды. 
Осындай әңгімелерді естіп жүргеннен кейін де атамызға кие қонған адам ретінде өзгеше бір құрметпен қарайтын едік. 
Осыдан үш-төрт жыл бұрын Әлімқұл атамыз бен Мұратхан бауырымыз Талдықорғанға келе қалды. Жайшылықта облыс орталығында өтетін әлдебір шараларға келгенде үйімізге қона жататын атамыз бұл жолы асығыс көрінді. «Нүсіпжан, жинал. Сен ауырып қалды деген соң арнайы келдім, мына Қараталда жатқан әулие-әнбиелердің, Ескелді, Балпық бабаларымыздың басына барып қайтайық. Құдай қаласа, жақсы болып кетесің. Әулие дегеніміз де Алла тағаланың назары түскен сүйікті пендесі. Оны дініміз де жоққа шығармайды» деп бастырмалатып барады. 
Аяқ астынан сырқаттанып, бас-аяғы екі айдың ішінде сүзектен тұрғандай болып қатты арып қалғаным рас еді, атамның сөзін екі етпей бірден жолға жиналдым. Мұндай сапарларда дәйім жанында болатын Мұратхан жолды ешкімнен сұрамай-ақ мәшинесін жүйткітіп берді. Сол жолы Ескелді, Балпық, Айту, Жолбарыс билер мен Қарымбай әулиенің басына тәу етіп, рухтарына Құран бағыштатып, жаратқан Алладан денімізге саулық, әулетімізге, барша жұртымызға амандық тілеп қайттық. Әлімқұл атам айтқандай осыдан кейін денсаулығым да жақсарып сала берді.  


Әкеңді көрген
өлмесін...


Әлімқұл атамды алғаш рет қай жерде көргенімді, қай кезден бері танитынымды бүгінде тап басып айта алмайтын да сияқтымын. Мәселен, ол кісіні қойлы ауылдың шаңын бұрқыратып жүрген қараборбай бала кезімде де көруім мүмкін еді. Кім біледі, мүмкін сол кезде көрген де шығармын, мағынасын ұға қоймасам да төкпе жырларын аузымды ашып тыңдаған шығармын... Содан кейін де қарт ақын әр кез көзіме ыстық, көңіліме жақын көрініп тұратын болар...
Олай дейтінім, Әлекең шопандықты кәсіп еткен әке-шешемді жақсы танитын. Автоклубымен шалғайдағы мал жайылымдарын аралап, небір қызықты кинолар қоятын, домбырасын қағып-қағып жіберіп қарлығыңқы дауысымен жыр толғап, өткеннен қозғап қилы әңгімелер шертетін мәдениет қызметкерін әке-шешеміз де өзгеше құрметтейтін. Ұзынағаштың базарына бара қалғанда ту сыртымыздан «Ә-әй, сүмбіл шаш...» деген әуен естілгенде бұрылып қарамай тұрып-ақ дауыс иесін жазбай таныған шешеміздің: «Тұқымың өскір Әлімқұл-ау, сен де осында жүр ме едің?» деп жадырай күлгені есімде қалыпты. 
Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнінің «Ә-әй, сүмбіл шаш...» – деп келетін осы бір қайырмасы әкеміздің көңілденгенде айтатын жалғыз әуені болатын. Атамыз осы қайырмаға қатысты қызықты әңгімені күні кешеге дейін есіне алып жүрді. 
Өзіміз араласа бастаған кездерде әкем жайындағы қызықты әңгімелерін, анамның жақсылығы жайлы жылы лебізін естіп «әкең өлсе де әкеңді көрген өлмесін» деген даналық сөздің шығуының түп-төркінін, мән-мағынасын жаңадан ұққандай болатынмын. 
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Жамбыл аудандық «Екпінді еңбек» (қазіргі «Атамекен») газетіне корректорлық жұмысқа орналасқан кезде де атамызбен сәлеміміз түзу болды. Кей күндері Есенқұл ақын бастап, біз қостап Әлекеңді іздеп Жамбыл ауылына тартып кеткен шақтарымыз да болды. Ондайда қарт ақын қасына замандастарын ала отырып небір қызғылықты әңгімелерді қозғайтын. Осы өңірде өткен қай ақын мен қай батыр, би-шешен жайлы сөз қозғалса да әңгімені нақты арнаға бұрып, өлең-жырлары мен айтыстарынан, орайластыра айтқан сөздерінен мысалдар келтіре отырып өрістетіп алып кететін. Сондай кездері атамыздың жадының соншалықты мықтылығына еріксіз қайран қалатын едік. 
Әлімқұл атамыз жамбылдықтарды ғана емес, ауданға көршілес жатқан өңірлердің байырғы тұрғындарын да түгел танитындай көрінетін. Ол кісіге сәлем бере қалған жастармен арадағы әңгіме әдетте: «Қай ауылдың баласысың? Әкеңнің аты кім? Ә, оны білемін, ол кісі бұрын мынадай қызмет атқарушы еді ғой... Пәленбай дейтін ағасы қайда,  не істеп жүр?» – деп жалғасып кете беретін.  
Үлкенмен де, кішімен де құрдас болып кететін Әлекең Есенқұлмен қатты әзілдесетін. Әзіл-күлкі десе жанып кететін Есағам да атасынан қалыса қоймайды. Екеуі бірін-бірі «әкем», «балам» деп соған орай нешетүрлі әзіл айтып, елді күлкіге қарық қылып жүретін. 
Бірде әлдебір жаққа гастрольдік сапарға баратын ақындар мен әртістерге киім тіктіру қажет болғанда тігіншілер киім өлшемін алу үшін Әлімқұл атаны шақырады. Сонда Әлекең: «Мына Есенқұлдың пішімін өлшедіңдер ғой, маған сол мөлшермен тіктіре беріңдер. Ол менің балам, барлық өлшемі маған келеді, тіпті аяғының қисықтығына дейін аумайды»,  деп бәрімізді күлдіргені бар. Орайы келгенде Есенқұл да:
Әлеке, менің туған әкемдейсің,
Әйтпесе атам Жамбыл тәтемдейсің.
Егер сен шыныменен әкем болсаң
Неужели бір бөтелке әпермейсің?! –
деп атасына еркелеп жүретін. Екеуінің жарасымды әзіл-қалжыңдары естіп тұрғандарды езу тартқызбай қоймайтын. Бірімен-бірі жарысып емес, керісінше, бірін-бірі толықтырып тұратын қос тұлға қатар жатқан екі бел, асқар асу секілді болатын. Сөйткен асылдардың екеуінің де өмірден өтіп кеткендігін ойласаң жаның жабырқап сала береді.

Атам берген
ақ бата


Көңілден өшпейтін, көкейден кетпейтін, содан кейін де әр кез санаңда жаңғырып тұратын бір сәттер болады емес пе? Жамбыл бабамыздың 140 жылдық мерейтойы өткен уақыт мен үшін сондай сәттердің бірінен саналады. Ол кезде мен Күрті аудандық «Шұғыла» газетінде тілшілік қызмет атқаратынмын. 
Бірде аудандық кітапхананың қыздары атамыздың мерейтойына қатысты шара өткізуге көмектесуімізді өтінді. Қандай дайындықтары бар екенін сұрағанымызда бірнеше оқушыға жырау өлеңдерін жаттатып қойғандықтарын айтты. Мұндай дайындықпен шара өткізудің еш қызығы болмайтындығы өз-өзінен белгілі ғой, сондықтан мен кешке Жамбыл бабамыздың немересі Әлімқұл атамыз бен шөбересі Бекмұратты шақырайық, Есенқұлмен айтысатын қыз дайындап, жамбылдық жас ақындарға өлең оқытайық деген ұсыныс айттым. Бұл ұсынысым қуана қабылданған соң ақындарды Ақшиге шақыруды, алып келуді өз мойныма алдым. 
Ақындарды алып келу өз алдына бөлек мәселе, келесі кезекте кешті кім жүргізеді деген сұрақ туындады. Редакциядағы Айтуған Шәйімов пен Бақтығали Садық, Марат Қашқынбаев пен Жолболды Ысқақ сияқты жігіттер өзара келісе отырып бұл орайда арамыздағы жасы үлкеніміз, көкірегі қазына қаламгер әрі Әлекеңдерге ағайын болып келетін Сәдуақас Бигелдиевке қолқа салайық деген шешімге тоқтадық. Бұл шешімімізге Сәкең де қарсы болған жоқ. Содан кейін де шығар, шара біз ойлағаннан да жоғары деңгейде өтті. Кеш керемет жүргізіліп, Әлімқұл ата жан тебірентер естеліктер айтып, жыр толғады. Әсіресе Жамбыл жыраудың Алғадайын жоқтаған зарлы толғауы айтылғанда жиналған қариялар көз жастарын ірке алмай отырды. Келесі кезекте сахнаға баласы Бекмұрат Жамбылов көтеріліп, атасының жыр-толғауларын нақышына келтіре орындады. Есағам дәстүрлі қыз-жігіт айтысына қатысып, әдеттегідей бүкіл залды күлкімен көмкерді. Сол кездегі жас ақындар Рәтбек Терлікбаев пен Нұрлан Әбдібеков, Қайрат Күлменов пен Керімбай Нүсіпқұлов бәріміз арнау өлеңдерімізді оқып, шама-шарқымызша кештің жоғары деңгейде өтуіне атсалыстық. 
Шара соңындағы дәстүрлі дастарқан біздің үйде жайылған еді. Алдыға бас келгенде Әлімқұл атамның ақ батасын төгілдіріп бергені есімде қалыпты. «Айналайын, кештің өтуіне аянбай атсалыстың. Ақшиге көшіп келгеніңе көп болмаса да, әлі өз үйің болмай жатса да дастарқаныңды жайып қалбалақтап жатырсың. Саған Жамбыл атаңның аруағы риза шығар. Мен де ақ батамды бердім» – деп тебіренген атамның ақ тілегіне бәріміз «әумин!» деп бет сипастық. 
Дәл осы сәтте кезінде өзіме өзгеше әсер еткен аянға ұқсас керемет түсім ойға оралды. 
Түс туралы әркім әртүрлі тұжырым айтып жатады емес пе? Дегенмен, сондай түстердің ішінде де адамның ой-санасына ерекше жатталып қалатындары болады екен. Сондай бір түсім жайында кезінде анама айтып бергенімде: «Мұны көп ешкімге айта берме. Жамбыл атаң бақ қонған аруақты адам ғой, түсіңе кіргені жақсы», – деп қуаныштан көзіне жас алып еді. Түсімде Жамбыл атамның ақ батасын төгілтіп «айналайын!» деп басымнан сипағаны жайында кезінде жыр толғағаным бар. 
Білетіндердің айтуынша, бақ адамға тірлігінде бірнеше рет қонады екен. Оны бағалай білген, дәл сол сәтті сезінген адам ғана ұстап қалатын көрінеді. Жастықтың буымен, даңғаза тірліктің дуымен жүргенімізде басымызға қонған сол бақты байқамай сан рет ұшырып та алдық па, кім біледі?.. Содан кейін де көлденең келген қауіп-қатерге ұрынбай Жаратқанның берген несібесін қанағат қылып жүргенімнің өзін атамның сол ақ батасының арқасы-ау деп шүкіршілік етемін.

Естен кетпес
сәттер


Әлімқұл атам жолы түсіп Ақшиге немесе Бақанасқа бара қалғанында, содан кейінгі жылдары Талдықорғанға ат басын тірегенде әдетте біздің үйге тоқтайтын. Үйреншікті амандық-саулықтан кейін әңгіме сайын даланы дүбірлетіп өткен батырлар мен от тілді, орақ ауызды ақындар, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен билер мен шешендер жайына ауысар еді. 
Бір жолы Әлекеңмен бірге мектептегі ұстазым Надежда Лушникова, жамбылдық жазушы Мұхамеджан Абдрахманов, Жамбыл мұражайының директоры Мәулен Қожашев ағаларымыз қонақ болды. Бұл жолғы әңгіме-думан тіптен қыза түскен. Бір кезде әңгіменің беті Бішкекке баратын қара жолдан Ұзынағашқа бұрылған жердегі ескі қорымда жерленген бес тұлға жайына бұрылды. Айналасы кейінгі кезде ғана қоршалған бейіттердің жанынан дұға жасап, бет сипап өткенімізбен онда кімдердің жерленгенін біле бермейтін едік. Атамыз солардың әрқайсысы туралы жан-жақты әңгімелеп, кейбір жерлерін Надежда апайымыз толықтырып, нақтылап отырды. Сол жолы ауылдағы Алмабай атамыздың кезінде Надежда Андрейқызына жаңағы тұлғалар жайында шежіре жазғызып, жатқан жерлерін трактор жыртып кетпесінші деп алаңдап отыратынына да қанық болдық.  
Әңгіме қыза келе Әлекең қолына домбыра алып, өзіне қай замандардан бері сырмінез, үзеңгілес болып келе жатқан замандастарының әрқайсына арнап толғауларын түйдек-түйдек ағытты. Арасында үй иелерінің атына да ақ тілек айтылып қалады. Ондайда төбеміз көкке жеткендей мәре-сәре күй кешеміз. 
Мен келдім Нүсіпжанның ордасына,
Бақыт пен игіліктің ортасына.
Талайдан сағынып бір жүруші едім,
Ал, батыр, аман жүр ме мал-басың-ай?
Әлекең домбыраны қолына алды,
Атасының ізімен жалғасып-ай. 
Екі ауыз өлең айтпай кетіп қалсам
Жүрерсің меніменен дауласып-ай, –
деп басталып, біразға дейін созылатын жыр толғауы диктафонда қымбат естеліктей әлі жазулы тұр. 
Арғы-бергінің барлығынан хабардар қазына қарияның аузынан шыққан сөздің біразын қағазға түртіп аламын, кейде диктафонды іске қосып қоямын. Әйтсе де көп әңгіменің есте қалмағанын, сол айтылған күйінде қалып қойғанын мойындауға тиіспін. Қолда барды бағалап, мүмкіндігінше бәрін жазып алмағандықтан кеш өкініп жататын әдетіміз ғой, содан кейін де бүгінде бармағымды тістеп қоямын.
Бір жолы атамның қаламы үйде ұмыт қалып қойыпты. Аулада бізбен қоштасып мәшинеге мініп жатқан қонақтардың соңынан қол бұлғап жүгірсе үлгеруге де болады ғой, бірақ әйелім оларды тоқтатуға асыға қоймаған көрінеді. «Атама келесі бір келгенінде басқа бір жақсы қалам сыйлармыз, мына қаламы бізде қалсыншы деп ырым еттім. Келесі келгенінде ол жайт мүлдем есімнен шығып кетіпті. Қаламды арнайы қорапқа салып қастерлеп сақтап қойдым», – деп Мәкен бұл жайтты Мұратханға да айтып берген. 
Төбесіндегі батырмасын басса басқа түске ауысып, көкпен қатар қызыл, жасыл түспен де жаза беретін, бір шетіне көк изолента жапсырылған бұл қалам бүгінде атамның көзіндей, ұлы жыраудың ұрпағы ұстаған ең бір қымбат бұйымның өзіндей болып сандық түбінде сақтаулы тұр.   
Әлекең өмірден қайтқан кезде қарашаның қара суығы қақап тұрған болатын. Кездейсоқтық па, әлде шынымен-ақ бір тылсымның әсері ме, кім біледі, мәйітін жер қойнына тапсыратын таңда түнімен жауған қардан айналаның бәрі ағарып сала берді. Ақынның көңілі де осынау аппақ дүниедей кіршіксіз еді ғой, содан кейін де табиғат дара перзентімен осылай қоштасып жатқан болар деген ой көкейімде тұрды. 
Мәйітін шығарарда айтылған, жерлеп келгеннен кейін дастарқан басында тарқатылған дұға-тілектермен жарыса өлең шумақтары туды.

Айрылдық талай-талай дарамыздан,
Данамыздан,
Қара үзген дарамыздан.
Бұрынғы ақындардың сарқыты еді,
Әлекең де аттанды арамыздан.

Көңілі түссе көлдей төгілетін,
Жырлары гүл боп әсем өрілетін.
Атам шықса төріме
Айналама
Ауыл көшіп келгендей көрінетін.

Жемей-ақ сарқытына тоятынбыз,
Қанаттанып тұғырға қонатынбыз.
Әлекең кіріп келсе,
Ұлы жырау
Жамбылды көргендейін болатынбыз.

Бір тылсым тұмшалайды сананы енді,
Дегендей: ақкөңіл бір балаң өлді,
Жер әлем ақынымен қоштасарда
Ақ ұлпадай ағарып сала берді.

Тоқтаса да өмірдің сағаттары,
Демеймін: сапарыңыз аяқталды.
Жан ата, иманыңыз жолдас болып,
Рақымы түссін Сізге Жаратқанның!
Иә, Әлекеңнің өмір сағаттары тоқтағанымен әз бейнесі ұмытылған жоқ. «Ақын боп жүрді немерең, аруағы Жамбыл жебеген. Осынау өскен ұрпаққа, өлеңмен қалсын өнегем», – деп өзі жырлағандай, кейінгі ұрпаққа өшпес өнегесі қалды, шабытпен өрілген өлеңі қалды. Ал соңында өлеңі қалған ақынның ешқашан өлмейтіні анық. 

Нүсіпбай Әбдірахым