Жетістікке толы 25 жыл

Уақыты: 28.11.2016
Оқылды: 1542
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Тәуелсіздіктің 25 жылдығында ауыз толтырып айтар жағымды дүние көп. Ілгерілеу тек құқық қорғау саласында ғана көрініс тауып отырған жоқ. Егемендікті еншілегеннен бері еліміздің барлық саласы өзіндік бағытта дамып, бүгінде зор жетістікке қол жеткізіп отыр.

Мұрат ҰРҰМХАНОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры.

Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құқық қорғау органдарының жұмысына оң өзгерістер еніп,  талай жаңа мүмкіндік туды.     
Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттік – құқықтық құрылымдардың тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды құру, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғам бірлігін сақтау мәселесі қашанда ерекше мәнге ие болып қала береді. Осы тұрғыдан алғанда құқық қорғау жүйесінің маңызды бөлігі саналатын ішкі істер басқармасының да рөлі зор. Полиция қызметкерлері қылмыспен күресте ең алдыңғы қатарда тұрады. Адам өміріне қауіп төнгенде де олар өз кеудесін оққа тосуға бар. Өйткені, қоғамда тәртіп болмай, мемлекеттің қалыпты дамуы жоқ. 
Соңғы жылдарды алатын болсақ, Алматы облысының Ішкі істер департаменті облыстық әкімдіктің қолдауымен жаңа техникалар және қызметтік автокөліктермен толықты, Кинологиялық қызмет орталығы күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілді. Полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жаңа плац салынды. Халыққа жедел қызмет ету үшін тұрғын үймен біріктірілген бірнеше полиция пункттері салынды. Ауыз толтырып айтар атқарылған жұмыстар көп.
Полиция қызметкерлерінің іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу  жүйесін жақсарту, кәсіби дағдыларын және жеке тұлғалық қасиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін, қызметкерлікке кандидаттарды тестілеудің арнайы жүйесін енгізу, сондай-ақ, әрбір құқық қорғау қызметінің ведомстволық ерекшеліктеріне сәйкес бірыңғай қызмет ету ережесін енгізу сынды Ұлт жоспарының 28-29 қадамдары полиция қызметкерлерінің жұмысына оң септігін тигізбек.  Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі мен қылмыстық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар да  құқық қорғау органдарына тиімді болды.  
Міне, осындай маңызды тапсырмаларды жүйелі түрде орындауда құқық қорғау өкілдері де халық сенімінен шыға біледі деген ойдамыз.