Ұлттың ұлы бақыты

Уақыты: 29.11.2016
Оқылды: 1429
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Виктор Хильниченко,
«Хильниченко және К»  сенім серіктестігінің  
басшысы:

– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясы қабылдануының тарихи маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені ширек ғасырлық мерзімде талай қиындықты артқа тастадық. Талай асу бермес биіктерді бағындырдық. Талайлар аңсап жүрген табысқа қол жеткіздік. 
Тәуелсіздіктің 25 жылдық Декларациясында табысты мемлекет құру жолында Елбасының сіңірген еңбегі, еліміздің экономикалық және саяси жетістіктері кеңінен баяндалады. Сондай-ақ, жаңа құжатта төрткүл дүниеге танылған Мемлекет басшысының сындарлы саясаты мен көрегенділігіне тарихи баға берілген. Бүгінгі құжат – мемлекеттік мерей декларациясы. Жеңімпаз халық пен жеңімпаз мемлекетіміздің Декларациясы. Өйткені бұл құжатта ширек ғасырдың толағай табыстары тұр. 
Шүкір, еліміздің даму бағыттарының қай саласын алып қарасақ та ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерді анық аңғарамыз. Экономика, сыртқы саясат, білім және мәдениет салаларында толайым табыстарымыз аз емес. Бұл айналып келгенде Қазақстанның қарыштап дамып отырғанын байқатады. Осы Декларация да Қазақстанның одан әрі қарыштап дамуына сеп болары сөзсіз.
Мерейлі мереке қарсаңында қабылданған құжаттың, әсіресе, өскелең ұрпаққа берері мол. Яғни, бұл Декларация – болашақ жастарға даңғыл жол көрсетер бағдаршам. Сондықтан құжатта айшықталған мемлекет жетістіктерін егемен елдің өрендері қадірлеп, қастерлей білгендері абзал. Өйткені тәуелсіздік – ұлттың ұлы бақыты. Бүгінде Қазақ елі әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті, бейбіт өмір мен тату тірлікті қамтамасыз ететін халықаралық маңызды бағдарламаларды жүзеге асыруда белсенділік танытып келеді.