АЩЫ ШЫНДЫҚ: КЕЛІНДЕРДІҢ КӨПШІЛІГІ ҚАЙЫН ЖҰРТЫН АЛЫС ТАНЫСЫНДАЙ КӨРЕДІ

Уақыты: 28.04.2020
Оқылды: 1946
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Келін үшін енеден артық ақылшы жоқ. Ене өз баласын бәрінен жақсы таниды. Әулеттегі жандардың мінез-құлқын да жақсы меңгерген. Енемен барлық істе ақылдасып отыруды әдетке айналдырсаңыз, шаңырағыңыздан шаттық, босағаңыздан береке кетпейтін болады.

Ата-анасын қуантып, ағайын-туыстың ақ батасын алып, көпке үлгі болып жүрген қыздрдың біразы отбасылы болған соң мүлде басқа кейіпке енетіні жасырын емес. Көпке топырақ шашудан аулақпын, бірақ қазір кекірейген келіндердің саны артып бара жатқандығы ащы да болса шындық.

Келіндердің басым көпшілігі төркінін төсбелгісіндей, ал қайын жұртын алыс танысындай көретіні өтірік емес. Міне, отбасындағы түсініспеушілік, кикілжің, ұрыс осындай дүниелерден басталады. Әйел адам өмірде үш рет үлкен бақытқа ие болады екен. Ата-ананың ортасында, қызғалдақ ҚЫЗДАЙ болып құлпырып жүріп, сүйгеніне қосылып, ЖАР атанып, өмірге перзент алып келіп, АНА болу бақытына қол жеткізгенде. Бұл – алтыннан да қымбат байлық екенін ұмытпауымыз керек.

Келіндік міндетімді атқарып жүргеніме үш жылдан асты. Берекелі шаңырақтың керегесін алтын етеміз деп келген келіндерге артылатын жауапкершілік жүгі ауыр екенін түсінемін. Алғаш босаға аттағанда енемнің құнды ыдысын сындырып алдым. «Енді ұрыс еститін болдым» деген үреймен қорқа-қорқа енеме болған жайтты айтып бердім. Артық ауыз бір сөз айтпастан: «Қызым-ау, ыдыс болған соң сынады ғой енді. Басыңнан айналдырып тастай сал. Барлық жамандық сонымен кетсін», – деді. Аяулы жанның осы бірауыз сөзінен ерекше мейірімділікті сезіндім. Дана кісі екеніне көз жеткіздім. Қандай да бір қиындық болса үнемі енем қасымнан табылады. Сондай сәтте бағы жанған келін екенімді сезініп, шүкір айтудан шаршамаймын.

Қазір жас келіндердің басым көпшілігі ата-енеден бөлек тұруды армандайды. Оларға береке мен ырыздықтың барлығы ата-ананың батасында екенін айтқым келеді. Енемен бір шаңырақ астында тұрған келіннің ісі тиянақты, ойы жинақы, дастарқаны жаюлы, көрпесі оюлы, әр ісі берекелі болады. Осындай берекеден айырылып қалмаңыздар, құрметті келіндер.

Сіздің де анаңыз келін болған. Сіз де келінсіз. Өсіп келе жатқан қызғалдағыңыз да болашақ келін. Егер қызыңызға үлгі болып, қазақы отбасылық тәрбиені көрсетемін десеңіз, ене мен келін арасындағы сыйластыққа сызат түсірмеңіз. Келіннің енесіне жасаған әр жақсы әрекеті арқылы балалары мол бақытқа бөленеді. Болашақта көркем, ибалы, инабатты келінге қол жеткізгісі келген әйел өз енесінен барлық құрметті аямауы керек. Үлкенге жасаған жақсылық та, жамандық та айналып алдыңызға келетінін ұмытпаңыз.

Арай НҰРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды