ЖЫНЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ТОҚТАМ БАР МА? ТАҒЫЛЫМДЫ ТРЕНИНГ

Уақыты: 21.08.2020
Оқылды: 1866
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

"Қазақстан әйелдері қауымдастығы" қоғамдық бірлестігі Алматы қаласындағы «Үміт» саңыраулар орталығында «Адамгершілік-жыныстық тәрбие – ұлттың репродуктивті денсаулығын сақтау және нығайту негізі" тақырыбында онлайн тренинг өткізді.

Тренинг "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КЕАҚ гранттық қаржыландыру және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Бала және денсаулық" әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде жүзеге асты. Онда отбасылық өмірдің этикасы мен психологиясы, отбасылық өмірдің негізі, жасөспірімдермен жұмыс істеудің негізгі әдістері, тағы да басқа тақырыптар сөз болып,  келешек ұрпақтың құқықтарын қорғау мен олардың иманды да ибалы болып өсу жолдары түсіндірілді.

«Қазақстан әйелдері» қоғамдық бірлестігінің дерегіне сүйенсек, өткен жылы елімізде кәмелетке толмағандарға жыныстық тиісу қылмысы 9 пайызға өскен. Анықтап айтар болсақ, Алматы облысында жасөспірімдер жүктілігі туралы 623 оқиға, Шығыс Қазақстан облысында 349, Түркістан облысында 303, Жамбыл облысында 239 жағдай іркелген.

Жаға ұстатар бұл ақпарат жасөспірімдер өміріне қаншалықты деңгейде қауіп төндіріп отырғандығын көрсетеді. Демек, бала – болашағымыз деп болашақтан үлкен үміт күтіп жүрген біздер үшін олардың құқығының бұзылуы және қоғамда орын алған жағымсыз қылықтардың салдарынан қорғайтын уақыттың келгенін ұғындырады.

Осындай жағдайдың дені тұрмыстық зорлық-зомбылықтан туындап отыр. Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық физикалық, психикалық, эмоционалды және жыныстық қорлау сынды сан түрлі болып кездеседі.

Зерттеулер нәтижесіне сүйенетін болсақ, елімізде жасөспірімдерге жасалатын жыныстық зорлық-зомбылық басты орында тұр. Ол ерте жыныстық қатынас, қорлау, мәжбүрлеу және жәбірленушінің еркіне қарсы әрекеттер көрсету түрінде көрініс табады. Сонымен бірге, оның салдарынан тастанды балалар саны артып, ол да қоғамға кәдімгідей салмақ түсіруде.

Бұл жасөспірімдердің өмірін ойрандап, түрлі психологиялық және физиологиялық аурудың белең алуына жол ашады. Бұл қауіпті ауруларға мерез және гонорея сияқты жыныстық жолмен берілетін аурулар ғана емес, сонымен қатар, АИТВ, ЖИТС, В және С вирустық гепатиттері, жыныстық герпес жатады. Мұндай инфекциялардың түрі 40-тан асады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың алдын алудың және оларға қарсы күрестің 2006-2011 жылдарға арналған Жаһандық стратегиясында "Қауіпсіз жыныстық мінез-құлық" ұғымын ұсынды. Бес жыл бойы жүргізілген жұмыстың нәтижесінде жоспар өз нәтижесін толығымен көрсетті. Әлемде жыныстық зорлық-зомбылық қылмыстары азайды. Алайда жаһанды алаңдатқан осы бір жағдайға байланысты елімізде бірде-бір ұтымды шара қабылданбады. Салдарынан бүгінгідей алаңдатар жағдай орын алды. Демек, бұл «Қыз өссе - елдің көркі» деп есептейтін ұлтымыздың ұятына үлкен қатер төндіруде.

Тренингте осындай өзекті мәселелерді көтерген мамандар бала құқығы мен бостандығының әлемдік өлшемдерін түсіндіре келіп, оны халқымыздың салт-сана, әдет-ғұрпына үйлестіре отырып, құқықтық сауаттылығын қорғаудың жаңа жолдарын ұсынды. Енді ол жолдар қоғамның, ата-ананың сынынан өтіп, екшелетін болады. Шара аясында қатысушылар осы тұрғыда толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды.

Қажет АНДАС

Алматы

Сурет - ғаламтордан