ҚАРАТАЛ АУДАНЫНДА ЖҮЗГЕ ТАРТА ОТБАСЫ ЖАЛҒЫЗ ҚҰДЫҚТАН СУ ІШІП ОТЫР

Уақыты: 27.08.2020
Оқылды: 1412
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қаратал ауданына қарасты Көпбірлік ауылының тұрғындары ауызсуды елді мекен шетіндегі құдықтан алып отыр. Алайда ауылға 2012 жылы орталықтандырылған су жүйесі жүргізілген болатын.

Бұл елді мекенде 100-ге тарта түтін бар. Орталықтандырылған су жүйесі барлық үйге тартылған. Бірақ ондағы су ішуге жарамсыз дейді ауыл тұрғындары.

Олардың айтуынша, судың құрамында тұз көп. Тұзды су темір құбырларды шірітіп, ыдыстардың түбін тесіп жатқанын көрген халық бұл суды мүлдем ішпейді. Оларға ауыл шетіндегі құдықтан шығатын тұщы суды тасып ішкен қауіпсіз.

- Ауылда тұщы су қоры бар. Сол жерге апармай, мұнараны жақын маңдағы тұзды көлдің жанынан салған. Тұзды көл ауылдан 300-400 метр жерде, - дейді ауыл тұрғыны Нұрлан Шалбаев.

- Су жүйесі 2012 жылы тартылған. Содан бері жыры бітпей жатыр. Су ішуге жарамсыз, - дейді ауыл тұрғыны Дидар Байғожанов.

Ал Қаратал ауданының әкімдігі бұл мәселеге келер жылы бір-ақ кіріспек. Онда да ең алдымен жобасын жасап, ал жөндеу жұмыстарын 2022 жылға жоспарлап отыр.

- Жобалық құжаттарын дайындауға 15 млн.жұмсалады деп жоспарлап отырмыз. Жобаны жасаған жағдайда су жүйесінің құрылысы 2022 жылы жүргізіледі. Ол қаржының бөлінуіне байланысты, - дейді аудан әкімінің орынбасары Ермек Әпеков.

Тұрғындар, сондай-ақ, судың бағасы өте қымбат дейді. Қазіргі таңда әр текше метріне 500 теңге төлейді. Ал су бағасын қымбаттатып отырған - ащы суды тұшытатын қондырғы. Оның жұмысына қосымша электр қуаты мен ай сайын ауыстырылатын сүзгіштер қажет.

"ҚАЗАҚПАРАТ"

Алматы облысы