КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫ ЖАРЫҚ ЖОҚ ДЕП ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Уақыты: 28.08.2020
Оқылды: 1237
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы қаласы мен Алматы облысына электр энергиясын тарататын Мойнақ су электр стансысы жылына қаншама кВт энергия өндіреді десеңізші?! Алайда мұндай орасан көрсеткіштен бізге келіп жатқан ешқандай пайда жоқ.

Республика бойынша ең үлкен мегополис пен облысты жарықпен қамтамасыз етіп отырған стансыдан  3 шақырым жерде Кеген ауданына қарасты 6 шаруа қожалығы орналасқан. Мал шаруашылығымен айналысатын қожалықтар жазда қымыз бен сүт өндірсе, қыста мал бордақылайды. Алайда «шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей осыншама қуатты электр стансысының дәл түбінде отырған шаруа қожалықтары жарықсыз отыр дегенге сену қиын. Бірақ амал нешік? Көрген күніміз осы.

Жарық жоқ жерде тіршіліктің де сәні болмайтыны белгілі. Электр энергиясы жоқ болғандықтан тоңазытқыш, теледидар тіпті, басқа да электр құралдарын пайдалана алмаймыз. Кеш түсе қараңғыда қалатын біздер тек дәл жанымыздағы электр стансысының жарығына қызығумен күн кешудеміз. Ауыл мен аудан басшылары көп жылдан бері өздерін өздері жұмыспен қамтамасыз етіп отырған қожалықтарға жарық тарту мәселесін шеше алмай келеді.

ХХІ ғасырда қуатты жарық стансысының дәл жанында  жарықсыз отырған Жылысай ауылының шаруа қожалықтарына электр энергиясын тарту қаншалықты қиын екенін түсіне алмадық. Біз облыс басшылығынан, аталған салаға жауапты мамандардан ата-баба кәсібімен айналысып, мал өнімдерін өндіріп отырған шаруа қожалықтарын өгейсітпей, жарықпен қамтамасыз етуін сұраймыз.

Алғазы РАХЫМБАЕВ,

Айбек ӘБДІЛБАЕВ,

Карл НҰРЖІКЕНОВ,

Ерғалым ТОЙЖАНОВ,

Құмарбай КЕНЖЕБЕКОВ,

Кеген ауданындағы шаруа қожалықтарының иелері

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан