АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЫЛТЫР 425 АДАМ ӨЗІН-ӨЗІ ӨЛТІРМЕКШІ БОЛҒАН

Уақыты: 07.12.2020
Оқылды: 1044
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ұят та болса айтайық, өз-өзіне қол салу бойынша еліміз әлемде алдыңғы үштіктен орын алып тұр. Бұл тәрбиенің дұрыс берілмегендігін немесе теріс пиғылды ұғымдардың біздің өмірімізге дендеп еніп кеткендігін білдіреді.

Өйткені, ғасырлар бойы тіршіліктің тынысын бағып, ұрпағының бейбіт заманда өмір сүргенін аңсап өткен ата-бабаларымыз мұндай сорақы қылықты дұрыс санамаған. Тіпті, өз өмірін өзі қиған жанның мүрдесін ортақ мазардан бөлек жерлеп, жаман әдеттің таралмауын қатаң қадағалаған. Бірақ бүгінгі Қазақстанда қит етсе өлемін деп қорқытатындардың қатары кең таралып отырғаны жасырын емес. Ол, ең алдымен, не ішіп, не кием деп уайым кешпеген астамшылықтан, ешкім бетінен қақпаған еркеліктен туындаса керек.

Осыған орай Талдықорғанда «Бізбен бірге» қоғамдық қоры облыстың психолог-мұғалімдеріне арналған оқыту-семинарын өткізіп, жағымсыз әдеттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 15 ауданнан және облыс орталығынан 5 маман қатысқан жиында қиындыққа төзбейтін, сезімге берілгіш, жалғыздықтан қорқатын қазіргі жастардың суицидке көптеп ұрынатындығы нақты дәлелмен жеткізілді.

Жалпы, 2019 жылы елімізде 3805 суицид дерегі тіркелген. Оның 180-ін кәмелеттік жасқа толмағандар жасаған. Одан бөлек, 4784 адам суицид жасап, өз-өзіне қол салмақ болған.

Ең сорақысы, Алматы облысы (425 адам) өзге өңірлерден асып түскен. Мұндай мәліметті таратқан ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика арнайы есеп комитеті мамандарының айтуынша, кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан, Түркістан, Қарағанды облыстарымен Алматы қаласы тұр. Ал Нұр-Сұлтан қаласында 139 өлім тіркелген. Сонымен қатар, осынша адамның қатарында өз-өзіне қол салған 180 жасөспірімнің болғаны кімді де болса бейжай қалдырмауы керек.

Біркүндік семинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, 15-24 жас аралығындағы жастар арасында суицид көптеп байқалады. Биылдың өзінде 70-тен астам жас суицидпен өмірін қиса, 140-тан астам жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауға тырысқан. Семинарда психолог-мұғалімдерге дәріс оқыған тәжірибелі психолог Аида Тұрғазы:

– Бүгінгі семинар орта мектеп мұғалімдеріне суицидтің алдын алу бойынша біліктілігін арттыруға арналған. Онда жасөспірімдерді өз-өзіне қол салуға итермелейтін себептер толық талқыланып, кісі өлімін болдырмауға психолог мұғалімнің қосар үлесі таныстырылып жатыр. Яғни, мектеп психологы суицидке бейім балаларды анықтап, олармен ашық сөйлесуі керектігін ең алдымен өзі ұғынуы тиіс, – деп мәселенің мәнін түсіндіріп өтті.   – Негізі мектеп оқушыларына суицид туралы ашық айтуға болмайды. Тек жасөспірімдер арасында өмірге деген құлшынысты арттыратын әрі пайдалы мәліметтер беретін жиындар өткізу арқылы қайғылы жағдайдың алдын алу керек. Жалпы, осыған байланысты екі көзқарас қалыптасқан. Оның бірі: «Мәселені ашық айту керек. Сол арқылы жастарды жаман әдеттен жирендіруге болады» десе, екіншісі  суицидті жастарға мүлде таныстырудың қажеті жоқ деп есептейді. Себебі, жаман қылық айтқан сайын кең таралып, білмейтіндерге ой салуы мүмкін. Сондықтан, жасөспірім өзін жалғыз сезініп, басындағы қиын жағдайды күрделеніп кеткендей көрсе және ешкім түсінбейтіндей әсерге түссе психолог көмек көрсетуі тиіс.

Қазақ мұндайды «Мал құлағы саңырау» деген мақалмен сипаттап, өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алуына көңіл бөлген. Сондықтан, жаман әдеттің бетін аулақ қылсын деген тілекті ұстануымыз керек секілді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан