Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

КОРОНАВИРУС: ТАЛҒАРҒА ҚАРАСТЫ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ БӨЛІМШЕДЕ 49 АДАМ ЖАТЫР

Уақыты: 22.02.2021
Оқылды: 496
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Індеттің таралуы тоқтаған жоқ. Науқастарды емдеуге ауылдық жерлердегі аурухана қызметкерлері де бар күш-жігерімен жұмылдырылуда. Соның бірі - Панфилов ауылындағы 60 төсектік инфекциялық бөлімше. Бүгінгі күні мұнда 49 адам ем қабылдауда. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

- Былтыр наурыз айынан бастап қыркүйектің ортасына дейін провизорлық бөлімше болған. Одан бері инфекциялық бөлімше ретінде науқастарды емдеудеміз. Соңғы тәулікте 49 адамға ковидтік пневмония диагнозы қойылып, ем-шара жасалуда. Олардың 7-уінің ПЦР қорытындысы оң нәтиже көрсетті. 5 науқастың жағдайы ауыр, олар аудандық ауруханың жансақтау бөлімшесінде жатыр, – деген Панфилов ауылдық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Зухра Жұмабайқызы инфекциялық бөлімшеде дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екендігін мәлімдеді.

- Алдағы көктем мезгілінде тұмаудың өршу қаупі туындайды. Ауру азайғанымен, жұқтыру жағдайлары әлі де тіркелуде. Сол себепті, босаңсуға болмайды. Адамдардың бір-біріне жанашырлық танытып, өзінің де, өзгенің де өмірі үшін жауапкершілікті күшейту қажеттігін ұмытпағаны абзал, – дейді Зухра Тілепбергенова. Сондай-ақ, инфекциялық бөлімше 3 өкпені жасанды желдету аппаратымен, 8 оттегі конденсаторымен қамтамасыз етілген. Бөлімшеде білікті 8 дәрігер, 12 мейірбике мен 12 санитар науқастарға қалтқысыз қызмет көрсетіп, вирустық инфекциядан сауығып шығуына бар мүмкіндіктерін салуда.

Былтыр наурыз айынан бері бұл бөлімшеде 619 адам емделіп шыққан.

Ұлбосын ИСАБЕК

Панфилов ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы